АймақШет

Топырағы туған жерге тапсырылды

Қазақ шертпе күй өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі Сембек Айдосұлының баласы Әкімжан Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткен болатын. Оның өлі-тірі дерегін ұзақ жылдар іздестіру барысында жауынгер жігіттің 1942 жылы Ресейдің Смоленск қаласының маңындағы Сычев елді мекенін қорғау кезінде ерлікпен қаза тауып, сүйегі сондағы бауырластар зиратына қойылғаны анықталды.

Жуырда “Атамның аманаты” қоғамдық қоры арқылы марқұмның сол жатқан жерінің топырағы елге алдырылып, осы 1 мамыр мерекесінде Шет ауданының Үңірек аулындағы ата-бабаларының қорымына қойылды. Сол күні соңында қалған ұрпақтары мен туыстары Отан үшін құрбан болған боздақтың басына құлпытасын орнатып, аруағына дұға бағыштап, ас берді.

Одан кейін ауыл клубы мен кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен “Ер есімі–ел есінде” атты кеш өткізіліп, оған жауынгердің туыстары мен қыздары Зекен, Мүгілсім, осы асқа арнайы келген Түріксой ұйымының хатшысы, әрі Сембек күйлерін насихаттаушы Дүйсен Қасейінов пен тарихшы ғалым Нұрлан Ошанов қатысып, естеліктер айтылып, әкесі Сембектің күйлері шертілді.

Сөйтіп, сексен жылдан кейін қабір топырағы туған жер қойнына тапсырылған Әкімжандай асыл азаматтың аруағы бір аунап түскендей болды.

Осы шара туралы толығырақ газетіміздің келесі сандарының бірінен оқисыздар.

Ержан ИМАШ,

Шет ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Back to top button