АбайАймақ

Топарлықтар спортпен тұрақты айналысады

Абай ауданының Топар кентінде өткен жылы салынып, пайдалануға берілген жаңа Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жергілікті тұрғындар спортпен тұрақты түрде шұғылданады.

Сурет автордан

Бұған дейін мұнда ондай мүмкіндік болмай, спорт секция­лары мен жарыстары мектептер мен Мәдениет үйінің спорт залдарында өткізіліп келген. Енді жаңа кешен ашылғалы топарлықтар сонда барып жаттығып, денелерін шынықтырып, түрлі деңгейдегі спорт сайыстарын тамашалайтын болды.

– Біздің кешенге келу­шілердің спортпен жүйелі айналысуына барлық жағдай жасалған, – дейді аталған кешеннің меңгерушісі Ғалия Мәлікқызы.

– Жаттығу бөлмелері мен залдары қажетті спорт құрал-жабдықтарымен толық жарақтандырылған. Арнайы дәрігерлік бөлмеде 2 медбике жұмыс істесе, жаттықтырушылар құрамының бәрінде жоғары педагогикалық денешынықтыру мамандығы мен тиісті еңбек өтілдері бар. Тіпті, олардың бірқатары облыстық, республикалық төрешілер қатарына кіреді.

Топардағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешені апта бойы таңғы 6-дан түнгі сағат 23-ке дейін жұмыс істеп, осында ашылған 8 спорт секциясына 100-ден аса адам келіп қатысады екен. Бұлардың арасында ересектер мен балалар да, ардагерлер мен мүгедектер де бар. Атап айтқанда, волейбол секциясына 40, баскетболға 18, қазақша күреске 15, үстел теннисіне 5, шаңғымен сырғанауға 11, спорттық гимнастикаға 12, каратэге 20 адам жазылса, солардың дені мектеп оқушылары. Ал «Денсау­лық тобы» әйелдерге арналған. Соның ішінде жас жеткіншектердің волейболға құмарлығы ересен. Бұл секцияны бір жылдан бері білікті маман Бақытжан Келгенбек үзбей жаттықтырып, осында қатысатын 40 баланың сол уақыт ішіндегі жетістіктері ауыз толтырарлықтай. Мәселен, ұлдардың волейбол командасы 2025 жылы облыс чемпионы атанып, Іргебай Асанәлі, Мансұр Айтмұқашев, Ертай Ақарыс, Тұрсынбай Мәди облыс құрама командасының құрамына қабылданыпты. Ал, қыздардан Камила Әшірова да осы құрамға енген. Өйткені, олардың қыздар командасы өткен жылы республикалық «Ақ бидай» ойындарында волейболдан 2-ші орын алып, Камила сол ойында көзге түскен.

– Енді 2014-2015 жылы туған қыздардың командасын алдағы наурыз айында өтетін облыс чемпионатына дайындап жатыр­мын, – дейді жаттықтырушы Бақытжан.

Айтқандай, бұл спорт кешені сан дүбірлі бәсекенің ордасына айналып отыр. Яғни осы бір жылдың ішінде мұнда волейболдан республикалық 2, облыстық 1 чемпионат, 1 жолдастық кездесу, баскетболдан 1 республикалық, 1 облыстық жарыс, грек-рим күресінен 1 облыстық чемпионат, аудандық деңгейдегі түрлі спорт сайыстары өткізілген.

Сонымен, жергілікті тұрғындар арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, үлкен спорт ошағына айналып келе жатқан кешеннің есігі келем деушілерге қашанда ашық көрінеді.

– Бізге келіп, дене шынықтырып, спортпен шұғылдану мектеп оқушылары мен ардагерлер, 1,2 -топтағы мүгедектер үшін тегін болса, студенттер мен зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік жасалады, – деп қорытындылады сөзін кешен басшысы Ғалия Мәлікқызы.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button