Топарлықтарға той тартуы
Республика күні қарсаңында Абай ауданының Топар кентінде жаңадан салынып біткен Денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Осы салтанатқа арнайы келген облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев кент тұрғындарын еліміздің айтулы мерекесімен құттықтап:
– Ел игілігіне ұсынылып отырған бұл нысан жұртшылықтың саламатты өмір салтын ұстанып,спортпен айналысуына кең мүмкіндік тудырады деп ойлаймын.Болашақта бұл жерден де қаншама чемпиондар шығарына күмән жоқ, – деді.
Бұған дейін де топарлық спортшылар түрлі деңгейлерде көзге түсіп жүрген еді. Атап айтқанда, кенттің құрама командасы аудандық “Сарыарқа” жазғы ауылдық спартакиадасының 13 дүркін және қысқы спорт түрлерінен аудандық “Қарлы қыс” жарысының 12 мәрте чемпионы болса, әйелдердің волейбол командасы 37 жыл қатарынан облыстық ауыл спартакиадасының жеңімпазы болып келеді. Басқа да спорт түрлерінен жетістіктерге жеткен өрендер мен параолимпиадашылар да бар. Тіпті параолимпиадашы Андрей Афанасьев жүзуден 2017 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдесін алса, Әмірлан Имашев полиатлоннан Әлемнің 2021 жылғы чемпионы болған. Енді осы кешен ашылғаннан кейін олардың қатары толыға түсері даусыз.
Салтанатты сәтте сөз алған Қарағанды облысының полиатлоннан аға жаттықтырушысы Марғұлан Әуғалиев пен еңбек ардагері, Абай ауданының Құрметті азаматы Любовь Әубәкірова кент тұрғындары атынан алғыстары мен қуаныштарын білдірді.
Заманауи үлгімен салынған жаңа кешенге Ермағанбет Қабдулаұлы музыкалық орталық сыйлап, оны аралап көрді. Мұндағы спорт және күрес,жаттығу залдары барлық спорт жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, оның есігі барлық жастағы адамдарға ашық болады. Олар осында волейбол,баскетбол, жеңіл атлетика, кір тасын көтеру, қазақ күресімен айналыса алады. Ал спорт секциялары балалар үшін тегін жұмыс істеп, халықтың осал топтарына жеңілдіктер қарастырылған.
Кешеннің ашылу салтанатына жиналған жұртшылық алдында кент Мәдениет үйінің “Вдохновение”, “Жұлдыз” би топтары өнер көрсетсе, аудандық Мәдениет үйінің вокалдық тобы Асқар Жалаубаевтің репертуарынан “Қазақ спорты” әнін шырқады.
Ержан ИМАШ,
Топар кенті,
Абай ауданы