Қарағанды облысының Топар кентінде «Қазақмыс» компаниясы жас энергетиктерге арнап екі бесқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастады. Жаңа үйлерде жалпы 80 пәтер болады. Жоба компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясында жүзеге асырылуда.

Сонымен бірге жергілікті МАЭС-те қуаты 130 МВт болатын жаңа турбоагрегат іске қосылды. Ол электр және жылумен қамтудың сенімділігін арттырып, өнеркәсіптік кәсіпорындарды тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев екі жобаның өңір дамуына серпін беретінін атап өтті:
– Топар абаттандырылып, энергетиктердің кентіне айналып келеді. Бүгін біз жаңа, қуаттылығы 130 МВт болатын турбинаны іске қостық. Ол біздің өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен қамтамасыз етеді. Бұл жұмысты атқарған және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі Президентіміздің үндеуін жүзеге асырып отырған «Қазақмыс» компаниясына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, бүгін энергетиктерге арналған тұрғын үй құрылысы басталды. Бұл – екі бесқабатты үй, барлығы жас мамандарға арналған 80 пәтер, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
«Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегеновтің айтуынша, жоба еңбек етуге және өмір сүруге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жастардың өңірде тұрақтап қалуына ықпал етеді. Ал энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов МАЭС-тің Орталық Қазақстандағы ірі станциялардың бірі екенін айтып, жаңа турбина мен тұрғын үй құрылысы Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылымен байланысты екендігін жеткізді.
– Жаңа тұрғын үйлердің құрылысы «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың қолдауымен жүргізілуде. Бұл жоба еңбек пен өмір сүруге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, талантты жастарды тартып, оларды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша компания мен бүкіл өңірдің болашақ дамуына жол ашылады, – деп атап өтті «Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов.
– Бүгін біз үшін екі маңызды оқиға болды – үшінші турбина іске қосылып, жас мамандарды тарту мақсатында екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. МАЭС-те жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған, әрі болашағы зор, – деді «Топар» МАЭС-дағы құрылысқа техникалық қадағалау жөніндегі жетекші инженер Нұржан Кәрім.
Компания мұндай әлеуметтік жобаларды Балқашта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА