Аймақ

Топардағы той

Топарлықтар осымен екінші рет «Ауыл күнін» атап өтті. Бұл жолғы мереке Жастар күніне орай ұйымдастырылып, онда ұлттық ойындарымыз дәріптеліп, ел бірлігін нығайтып, өскелең ұрпаққа оны үлгі ету көзделді.

 

Аталған думанды қолға алып, басы-қасында ауыл азаматтары Ербол Құттыбек, Аманжол Акушев, Мейрам Алшынбаев жүрді. Ауыл тұрғындары осы шараның жақсы өтуіне орталарынан мал шығарып, қаражат жинаса, осындағы ГРЭС-тің «КәсіпҚорған» кәсіподақ ұйымы аударыспақ ойындарына 200 мың теңге бөлген.

Мереке басталар алдында еліміздің Әнұраны шырқалып, аруақтарға дұға бағышталып, ауыл ақсақалы Балташ Әкімбеков, Кент әкімі Марғұлан Сафаров, Топардағы Жұмабек Тәшенов атындағы мешіттің бас имамы Мұрсали қажы құттықтау сөз сөйледі.

Осы тойға ауыл сыртында 3 киіз үй тігіліп, 5 қой сойылып, думан қызып жүре берді. Оның шымылдығын кенттегі «Энергетиктер» мәдениет үйінің директоры Әдемі Әбдиева бастап келген жас өнерпаздар ашып, «Жас қанат» триосы «Жаса, Қазақстаным!» әнін айтып, әрі қарай өнерлі балапандар би билеп, ән-күйден шашу шашты.

Бұдан кейін ұлттық ойындарға кезек келіп, аударыспақтан Дархан Көрпебаев, Дархан Залимханов, ағайынды Серғазиевтер, қол күресінен Айдар Оңайбаев қарсылас шыдатпады. Жаппай көкпар кезінде атқа мінген сайыскерлер 15 рет салым салып, әрқайсысы жекелей бағаланды. Жарыс соңынан жеңімпаздар марапатталып, киіз үйлерде мерекеге жиналған жамағатқа ас берілді.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz
Абай ауданы,
Топар кенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button