АбайАймақЖаңалықтар

Топардағы шығармашылық орталық

Топар кентіндегі шығармашылық орталық бұрынғы ауыл шаруашылық колледжінің күрделі жөндеуден өткен 3 қабатты ғимаратында 2018 жылы ашылған болатын. Ол 2022 жылдан бастап облыс әкімінің шешімімен «Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы» КММ ресми атауына ие болды.

Атының өзі айтып тұрғандай, бұл орталықта елді мекендегі үш мектептің 1-11 сынып оқушылары сабақтан бос уақытта шығармашылықпен айналысып, қабілет-қарымдарын шыңдайды. Аталған орталық директорының міндетін атқарушы Ахат Жакиев мекемедегі барлық лабораторияны көрсетіп, әрқайсының мақсат-міндеттері мен бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, оқушылардың конструкторлық және зерттеушілік, басқа да бейімін дамытып, өрістетуге зор мүмкіндік береді. Яғни орталықта осы заманға сай жабдықталып, жарақтандырылған Көркем шығармашылық, Техникалық модельдеу мен конструкциялау, 3D модельдеу және бағдарламалау, Робототехника, Химия-биологиялық лаборатория, Интеллектілік ойындар, Электроника және автоматика, Эстрадалық-драмалық студия және телестудия, Хореография бөлмелері жұмыс істейді. Қазірдің өзінде орталықта осы істермен шұғылданатын балалар саны 400-ге жеткен. Келешекте Топар төңірегіндегі ауыл мектептерінің оқушыларында қамту жоспарда екен.

– Біздің орталықта, – дейді бізбен әңгімесінде осы мекеме директорының міндетін атқарушы Ахат Асхатұлы, – 11 педагог еңбек етсе, соның 3-еуі жоғары білімді, 7-еуі орта арнаулы білімді, бір маман магистратураны бітірген. Соның ішінде бір маман модератор, екінші санатты мұғалім бар. Міне, осы ұстаздар тәрбиелеген шәкірттердің алды едәуір нәтижеге жете бастаған. Мәселен, С.Ахметқалиева дайындаған Арын Қанатұлы, Әлихан Мұқанов пен Естай Абайұлы Robolend желісі бойынша 2020 жылы өткен 6 халықаралық олимпиада жүлдегері атанса, 2022 жылы осы аттас халықаралық жарыста Шахназар Әлдебергенов пен Ескендір Сәдуақасов 3-орын иеленді. Ал оқытушы Л.Гриндишинаның баптаған оқушысы Михаил Кочегуров авиамодельдеуден «Жаңа кәсіптер атласы» конкурсында 2-орын алған. Технопарк жұмысының алғашқы қорытындысы да қуантады. Айталық, осында даярланған оқушылар Дайыр Сағынтаев пен Кирилл Цыганов 9-сыныптан кейін Қарағанды машина жасау колледжіне оқуға түсіпті.

Ержан ИМАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button