Топар стансасында Қарағандыны энергиямен қамтуға жеткілікті көлем бар
Арқадағы алып энергетикалық нысан – Топар бас энергия тарату стансасы келесі кезеңге қадам басты. Инвестициялық жобалар мен күрделі жөндеу жұмыстары өңірдің энергия қауіпсіздігін күшейте түспек.

Облыста орналасқан Топар кентіндегі бас энергия тарату стансасы – өңірдің өнеркәсіп тынысын тарылтпай тұрған басқы орталықтарының бірі де бірегейі. Алпысыншы жылдардың бас шенінде іске қосылған алып нысан бүгінде де Арқа аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірістік әлеуетін жаңғырту бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мойындай кетелік, атаулы нысанның тарихы терең, қуаты мол.
– Топар бас энергия тарату стансасы өңірдің энергетикалық тұрақтылығының тірегі десек, жарасар. Мұндағы жаңғырту жұмыстары – ел экономикасының қуат көзін нығайту жолындағы маңызды қадам. Сондықтан, біз табиғи монополиялар субъектілерінің жұмысын ашық әрі тиімді жүргізуіне баса мән береміз. Инвестиция, технология және жауапкершілік ұштасқан жерде нәтиже де жоғары болмақ, – дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Қуат Мұстапин.
Топар бас энергия тарату стансасының құрылысы сонау 1954 жылы басталып, 1962 жылы толық қуатта іске қосылған-тын. Осы күндері стансаның орнатылған электр қуаты – 773 МВт, жылу қуаты – 300 Гкал шамасында. Яғни, Қарағанды агломерациясының тұрғындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын үздіксіз энергиямен қамтуға жеткілікті көлем бар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар нысанның жабдықтары уақыт сынынан өткен. Сондықтан, жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстары мұнда жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Стансаның ағымдағы тозу деңгейі – 76,9%. Кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар легі де дәл осы жағымсыздау көрсеткішті төмендетуге арналса керек.
Топар ГРЭС – еліміздің біртұтас энергетикалық жүйесінің солтүстік аймағына кіретін стратегиялық нысан. Оның энергиясы Қарағанды, Жезқазған және Балқаш өңірлерін жарықпен, жылумен қамтып отыр. Стансаның 97 пайызы – электр қуаты, 3 пайызы – жылу өндіру үлесіне тиесілі. Қуаты – 773 МВт, жылу қуаты – 300 Гкал/сағат. Мұнда 912 адам еңбек етеді. Кәсіпорында 16 қазан агрегаты мен 8 турбоагрегат бар. Олардың төртеуі – жалпы қуаты 515 МВт конденсациялық турбиналар, үшеуі – 258 МВт жылу турбиналары. Жаз айларында барлығы конденсациялық режимде жұмыс істейді. Көзайым көрсеткіштер ұжымның жүйелі еңбегінің нәтижесі десек, сірә да қателесе қоймаймыз.
Стансада былтырға арналған инвестициялық бағдарлама толық орындалған көрінеді. Жалпы көлемі 227,1 млн теңгені құраған бағдарлама аясында стансаның №9 қазандығы толық күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу кезінде негізгі тораптар, сондай-ақ, алдыңғы және бүйірлік экрандар мен жоғарғы текшелері ауыстырылды. Кәсіпорында 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жүзеге асуда. Биылдың басты жобасы – №16 қазан агрегатына орнатылатын оребренді экономайзер. Бұл жаңартуға 238 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір жұмыс 87 пайыз орындалған. Қайта жөндеу кезінде күл ұстайтын және шаң тазалау жүйелері, газ жүретін қораптар, қазанның айналмалы жабдықтары, оқшаулау мен оттық бөліктері түгел жаңаруда.
Инвестиция сенімді энергия кепілі дер болсақ, осы жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында Топар БЭТС жалпы құны 25,8 млрд теңге болатын бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру үстінде. Мұның қатарында – турбоагрегаттарды жаңарту, күл үйіндісінің жаңа секцияларын салу, негізгі корпустарды және жоғары қысымды құбырларды жөндеу, сорғы және көмекші техникаларды жаңғырту сияқты маңызды ілкімді шаралар бар. Ең ауқымды жобалардың бірі – №16 қазан агрегатына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу кешені. Жетелі жұмыс «Монтажник ЭМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік ұйымы арқылы жүзеге асып, қазандық жабдықтарының тиімділігін арттыруға бағытталды. Жөндеу барысында су экономайзерлері мен салқындату жүйелерінен бастап скруббер қаптамаларына дейінгі ондаған торап жаңартылуда. Жоба аяқталған соң қазан агрегатының апаттылық деңгейі 2,7%-ға азайып, пайдалы әсер коэффициенті айтарлықтай өседі деп күтілуде. Демек, ендігіде көмір мен мазут шығынын төмендетіп, энергия тиімділігі артады.
Жылу мен жарықтың үздіксіздігі деген мұратты көксегенімізде станса қызметі задында өндірістік қана емес, әлеуметтік бағытта да маңызын атап өтпекпіз. Мұнда өндірілген жылу лебі Топар кенті мен Абай қаласының тұрғын үйлерін қоса алғанда әрмен қарай әлеуметтік нысандарына жеттіп жатады. Биыл кәсіпорын тарапынан кентте көпқабатты тұрғын үй салу да жоспарланған. Энергия жүйесінің тұрақтылығы тарифтік саясатпен де байланысты. Жыл басында жылу энергиясының тарифі бірнеше кезеңде қайта қарастырылған еді. Қазір ол қосымша құн салығынсыз 1 Гкал үшін 3 658,59 теңге мөлшерінде белгіленген. Бағамдағы өзгеріс отын мен еңбекақы шығындарының өсуімен қатар, инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр.
Топардағы БЭТС бүгінде классикалық энергетиканың жаңа дәуірге бейімделіп келе жатқанының және бір айқын көрінісі. Алдыңғы буын салған іргетасқа сүйене отырып, қазіргі инженерлер мен энергетиктер нысанды жаңа технологиялармен жарақтандыруға, өндіріс қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мейілінше күш салуда. Әр турбоагрегат, әр құбыр, әр қазандық ондаған жылдық еңбек, инженерлік ой мен кәсіби мәдениет өзегіндей. Жаңғыртудың қазіргі кезеңі стансаның өміріндегі жаңа тарау сынды. Тозған тораптар ауысып, жаңа технологиялар енгізіліп жатқан сәтте Арқаның энергетикалық жүйесі де сапалық биікке бет алды. Топар стансасы бүгінде классикалық энергетика мен жаңа дәуір технологиясының түйісу нүктесіне айналды. Ал, оның басты миссиясы өзгермейді: Арқаға жарық пен жылу сыйлау, Қазақстанның энергетикалық дербестігіне үлес қосу.
– Нысанның әр кірпіші, әр генераторы ел индустриясының тарихынан сыр шертеді. Байырғы қуатты қайта түлету, жаңа технологияларды енгізу ұрпақтар сабақтастығының көрінісіндей әсер қалдырады екен. Осы орайда, бүгінгі инженерлер мен энергетиктердің еңбегі ерекше құрметке лайық екендігін атап өткен абзал. Олар өткен буын салған іргетасты сақтап қана қоймай, оны жаңа дәуір талабына бейімдеп келеді. Топардың жарығы сөнбесін, жылуы үзілмесін! Біздің мақсат – сенімді қуат көзі болу. Әр қазан, әр турбина артында адам еңбегі тұр. Біз сол еңбекті жүйелеп, болашаққа бағыттап келеміз, – дейді стансаның операциялық директоры Андрей Соловьев.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»