Толтыра алмай келеміз орыныңды…
Қайран қадірлі Зағыпар ағам менің!
Өмірден өткеніңе де бір жыл болыпты.
Өзіңсіз қыс пен көктем, жаз маусымдары өтті.
Қарағандыңа тағы да күрең күз келді.
Сен бұл күзді де көре алмадың, Зақа!
Екеуіміз 40 жылға жуық тонның ішкі бауындай етене жақын араласып кеткен едік.
Серік Ақсұңқарұлы ағамыздың сөзімен айтсақ, «тұла бойынан еркек затының ерен тұлғасы Сәкенді жаратқан топырақтың иісі бұрқырап тұратын» арда азамат болатынсың.
Алдымдағы ағам едің.
Жерлес едік.
Сырлас достар едік.
Жүрген жеріңді ду-думанға бөлеп жүретін едің.
Әзілдерің әдемі еді.
Қалжыңдарың күлкіге қарық қылатын.
Cұлулыққа ғашық едің.
Талантты ақындардың өзіңе ұнаған жыр шумақтарын жатқа оқитынсың. Өзің де өлең жазушы едің. Соңыңда 2006 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Керқұла көңіл, керемет күндер» деп аталатын киіктің асығындай әйбат жыр жинағың қалды.
Сол кітабыңа маған деген ағыңнан ақтарылған ағалық ақ тілегіңді өз қолыңмен мөлдіретіп жазып берген едің-ау! Ол күндердің барлығы бүгінде көңіл төріндегі сарғайған сағынышқа айналды. Өзіңді сағынғанда саусағыңның табы қалған сол кітабыңды қолыма алып, тағы да бір парақтап қоямын.
Тірлігіңде байлық жинаған жоқсың. Қазақтың небір маңғаз азаматтарымен өмірлік дос болдың. Қазақ даласының қай қиырына барсаң да, сені аңқылдаған адал достарың құшақ жая қарсы алатын.
Өз заманыңның серісі едің.
Алау гүлдерге өмір бойы ғашық болып өттің.
«Алау гүл» деген жыр да жаздың. Оған әдемі ән де шықты. Үлкен сахналарда орындалды ол ән.
Жасыл желекті жайсаң күндерің жалғаса берер деуші едім.
Бұлай болады деп кім ойлаған?
68 жасыңда жалған өмірдегі сайран сапарың аяқталып, мәңгілік Жер-бесігіңе жаттың. Ортамыздағы орның ойсырап қалды.
Осы өзіңсіз өткен бір жылда мен үшін сенің орныңды ешкім баса алмады, Зақа! Енді баса алмайтын да болар.
Нұрлы бейнең – жүрегімде.
Қоңыр дауысың құлағымда қалды.
Қайраулы қылыштай жарқылдап өткен жайсаңым!
Ошақтың орнындай ойсырап қалған орныңды қалай толтырсам екен?
Содан бері бір жыл өтті. Толтыра алмай келемін…
Пейіште нұрың шалқығай, абзал аға, ардақты дос!
Басқа не айта алғандаймын?
Жүрегімді жарып шыққан мына жыр шумақтары рухыңа бағыштаған дұғам болсын.
Жүрегімде тұншығып бұла жырым,
Сені іздеумен, аға дос, құлазыдым.
Жадыратып жанымды жіберетін,
Жетпей жүр ғой әдемі бір әзілің.
Оза шапқан ер едің елде дара,
Ата-тегің – Алтайдан Кенжеқара.
Қай қиырға барсаң да сапар шегіп,
Қаумалаған қалың дос сенде ғана!
Алшаң басқан ұнайтын қалпың маған,
Дауысыңды сағындым саңқылдаған.
Арғынның деп асыра айтпасам да,
Қылышы едің Алтайдың жарқылдаған.
Құлағымда сақталған қоңыр үнді,
Ести алмай көңілім торығулы.
Күзден бері былтырғы босап қалған,
Толтыра алмай келемін орыныңды.
Ер едің ғой белгілі елге есімің,
Дейтін едің: «Бауырым! Жерлес інім!»
Мақшар таңда тағы да жолығармыз,
Мамық болсын, жан аға, Жер-бесігің!
Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі
ҚАРАҒАНДЫ