Толстой кейіпкерлерін кескіндеген
Сталиннің дүрбелеңі кезінде ҚарЛагта тұтқында болған ұлы суретшілердің туындыларын назарларыңызға ұсынған едік. Тағдыр тамыры Қарағандының даласына жалғанған қылқалам шеберлерінің бірі һәм бірегейі – Петр Нерадовский. Ол – Ресейдің график суретшісі, өнертанушы ғалым, музей қызметкері, Императорлық академияның суретшісі.
Петр Нерадовский – 1875 жылы дүниеге келген. Туындылары әлемнің өнер сүйген қауымы көз тіккен көрмелерге қойылған біртуар қылқалам шебері. Ол көбіне портреттер салған. Жаһанға даңқы тараған классик жазушы Лев Толстойдың кескіндемесін көп салған деседі. Әсіресе, «Л.Н.Толстой рояльда» деген туындысы кеңінен таралған. Атақты жазушының шығармаларындағы образдардың да портретін жасаған. Назарларыңызға ұсынылып отырған портрет солардың бірі болуы әбден ықтимал. Бұл туынды облыстық бейнелеу өнері музейінде сақталған.
– Туынды бұл музейге Мәскеу шеберханаларының бірінен келді. Құнды мұраның бірі. Петр Нерадовский жаңа заман жазушыларының, басқа да дарындардың бейнесін қағазға түсірген. Ол көбіне Лев Толстойдың портреттерін салған. Әсіресе, жазушының шығармаларындағы кейіпкерлердің иллюстрациясын жасаған, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Айгүл Омарова.
Петр Нерадовскийдің тағдырына келетін болсақ, ҚарЛагта тұтқында болғаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ, Қарағандының тарихын зерттеген өлкетанушы Юрий Поповтың айтуынша, суретші ҚарЛагқа қамалған.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz