Басты тақырып

Толағай

     Балқаш жаққа жол түсе қалғанда көзге іліккенше тағатсыздандырып, қанша көрсең де тамсанып-таңырқаудан тандырмайтын сирек бір табиғат жаратылысы бар. Сағым ойнаған алыстан мұнарланып, айналасындағы адыр-қыраттардан қияқтанып қол бұлғап, тезірек жет дегендей желпінте түсетінін қайтерсіз. Жап-жазық жапан далада бір-бірімен жалғасқан бел-белестердің аясында айрықша дара кейпі көңіліңді тәтті қиялдарға тербеп, еңбектеген кезден естен кетпей келген әдемі әпсана көкіректе күмбір-күмбір қағып, өнбойын содан ескен шуақтан жылып сала береді.

    Күре жол бойынан сәл жырақтау тұрғанымен байқаған жанға шалынбай қоймас төңіректегі аласа бұйраттардан оқшау құздиған тұрпаты көз алдыңда тұрады. Алайда, ұшы-қиырсыз құла түзде құдіреттің өзі қондыра салғандай асқақтай қалған жұмбақтығын құбылыс демей алмайсыз.

    Мұны да қойғанда, аты қандай десеңізші. Тұсынан алғаш өтіп бара жатқанда еріксіз қадала көз тіккенімізді сезген серіктер « Әйгілі Толағай осы» дегенде елең еткеніміз есте. Құлақтан кетпей, кеудеде жатталып қалған сол аңыз еске түсіп, табан астынан небір тәтті қиял шалқытып, жан сүйсінтіп өткен еді. Ал сол ауыздан-ауызға жеткен әңгіме былайша баяндалар еді.

    …Есте жоқ ескі заманда бір ананың жалғыз ұлы болыпты. Оның туа салы-сымен күн санап өскен күш-қайратына ешкім тең келмепті. Күндердің күнінде екі-үш жыл қатарынан қар түспей, жауын тамбай ел күйзеліске ұшырапты. «Апырмай, мына жапанда қыста баурайына қар, жазда басына бұлт үйіріп жер құтын келтірер биік төбе де болмады-ау» деп күрсінген үлкендер уайымы құлағына жеткен әлгі алып бала Алтайдың ба, әлде Тарбағатайдың ба, көп шыңының біреуін арқалап ауыл маңына жеткізген екен дейді. Таумен қоса жауын да толассыз құя келіпті. Шаршаған бала арқадағы тау астынан шығуға шамасы келмей үстін басып қалады. Сол ұланның аты Толағай болуынан тау да солай аталыпты.

   Толағай атты таулар Марқакөл, Торғай, Жаңаарқа аймақтарында да кездеседі. Қайда да, қалайда да мұндай биіктердің бітім бөлектігі бірден байқалады. Қай өлкеде де, жалпақ далада көк жүзіне жеке шаншылған шоқы шынымен әлдеқайдан әкеліп төңкерілгендей көрініп тұрады. Біздің Шет ауданы аумағындағы Толағай басына көтерілгенде көз жетер өңір алақанға салғандай төменде көсіліп жатады. Ол ол ма, шалқар жазықтан асып көкжиектен көксеңгірленетін Тағылының, Ортаудың, Бесшоқының, Ақшатаудың, Ақжалдың жоталары жонына шейін шалынады.Төскейі құлашы кең жайылған жазира.Тағы қайрандығы сол, Балқашқа қарайғы шөлейттеу, құмдауыт тақыр жер реңі Ақсу-Аюлы беткейінен бері шүйгінді, құнарлы атырапқа ұласады. Аңыздағыша арқаланған тау соңынан ілесе келгендей басын бұлт айналып, қойын-қойнауын қар толтыратын осы тұс жазы жаңбырсыз, көктемі нәрсіз болмайды.

    Жер-су аттарына байланысты аңыз-ертегілерге айналған хикаялар көп қой. Тілтанушылар тарапынан толағай сөзінің көне түп тамыры моңғол тілімен төркіндес жеке, жалаңаш, тақыр, қу бас, толассыз соққан жел сияқтылы түрлі мағына беретіні айтылады. Моңғолияда да Толгой атты жерлер бар делінеді. Ескі тілімізге бір табан жақын болған ақын аталарымыз Дулаттың «Төрт түлікке толтырды, толағай тұлдыр қыратты» немесе Махамбеттің «Қу толағай бастанбай, ерлердің ісі бітер ме» деген жыр жолдарының бұлайша өрнектелуі тегіннен-тегін емес шығар. «Толағай табыстар, толағай күш иесі» деп бүгінде жиі қолданылатын сөз тіркестері түпкі мәнімен мүлдем үйлеспесе де еленбей келеді.

    Аты ертегідей сұлу тау тура көне түріндегі мағынаны білдіруіндей жақпар-жақпар тасты, өзге көзге ілігері жоқ жұтаң төбе. Бәлкім, сондықтан соған байланысты қойылған шығар. Әйтсе де аңыз дегенімізбен, елі үшін жақсылық жасауға жанын пида еткен өрен есіміне астастырыла аталды ма деген ой да оралады. Онда баяндалуынан айнымай жапанда пайда болған ерек бейнесі соған меңзетті ме екен дейсің.

   Кім біледі, біреулер байқар, біреулер байқамас Ақшатау мен Ақсу-Аюлы аралығындағы осынау таудың жүрек тербетерлік жұмбақ сыры ынтығарлық-ақ. Алайда, амал не дерсіз, бүгінде олай-бұлай ағылған жолаушылар оған көз тоқтатпай өте шығады. Аңыз-ертегі естіп, оқып, көкейге тоқып өспеген, өлке тылсымына өгей ұрпаққа көп төбенің бірі көрінеді.Өзінің «Толағай» дастанында Әбділда Тәжібаев:

Ауысыпты заман талай,

Аталғалы тау Толағай…

Соны үлкендер ертегі еткен.

Алыпты тау басып жатқан,

Ана сүтін тас боп қатқан,

   Көреді әлі өткен, кеткен, – деп жырға қосқандай осындайда қандай жер екенін анадайдан аңғартар арнаулы белгі-тақтайша орнатылып қойылса біреу болмаса біреу халық аңызындағы қасиетті тауға сүйсіне қарап аялдар ма еді, талай замандардан ауыздан-ауыздағы ұлан ерлігі көңіл толқытар ма еді дейсің. Бүгінгі толқынға мұны білгеннің пайдасы болмаса зияны болмасы хақ, әрине.

   Әйткенмен, бұдан гөрі де мынадай ой мазалайды. Айналамыздағы табиғат жаратылыстарының көз алдыда танығысыз өзгеруі кезінде мұндай күйінішті күй Толағай басына да келуі қаупі жоқ еместігіне сенім аз. Өйткені, көріп-көніп келеміз, ішіміз удай ащып келеміз. Мәселен, біз туып-өскен Нұра жақтағы Көкөзек ауылының қариялары жанындағы төбе сыры туралы, яғни, басына Қолаң атты қыздың жерленуіне байланысты солай аталып кетуін әңгімелеп отырушы еді. Халық ақыны Қайып Айнабеков те ескілік ғұрып құрбаны болушы жігіттің сырттаны Кертіңді мен Қолаң сұлудың адал махаббатын ардақтауға «Қолаң» дастанын арнағаны мәшһүр. Міне, осы төбе бір күні аяқ астынан қазылып, қиыршық тасы жол төсеуге әкетіле бастады.Үлкендердің ел аузындағы төбені бұзуға реніштері қаперге алынбады. Мектептегі балаң кезіміз ғой, біздің де өз тарапымыздан қарсылық білдірмекке жүк көліктері жолына топырақ үйіп, тас төгіп, шұңқырлар қазып тастауымыздан түк шықпады. Ақыры төбе түбіне дейін қопарылып, еш жұрнағы қалмады.Төбе өшуімен бірге Қолаң аты да ұмытылды.

    Осылайша ел-жер тарихын елемеу кесірі жоғарыда аталғандай Толағайға да тимей кетпеуіне алаңдарлық жай бар. Астана-Алматы күре жолы салына бастағанда тасы мен қиыршығын қолдануға көз тігілгенін білеміз. Әйтеуір ол жолы оншалықты қол тиілмеді. Енді, жол қайтадан кеңейтілер кезде бұлайша болмау қаупі алаңдатады. Ауыз бір салынса мол салынып тоқтатуы қиын соғары анық. Демек, жаңа жоба жасау алдында тауды қаз-қалпында сақтау мәселесі ерекше ескерілу қажеттігін баса айтпасқа болмайды.Сондай-ақ, есте тұтуға лайық жайттың бірі – Толағай ғаламат, ғажап көрінісімен ғана қызықтырмайды. Оның баурайында, дәлірек айтсақ Тағылыға қарай 10-12 шақырым тұста тас қоршаулы обалар жұрнағы көрінеді. Академик Әлкей Марғұлан өзі бастап қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттегенде одан табылған алтынмен аптаулы сырғалар, әшекейлі моншақтар, құмыралар, басқа да бірқатар тұрмыстық заттар қола дәуірі кезеңіне жататынына қарағанда адамдардың ежелгі мекені екені аңғарылады. Бабалар ізіне куәгер, тарихи мәні бар обаларды қорғау тағы бір назар аудартарлық мәселе дер едік.

…Толағай көрінсе бізге алыс қиырдан тау арқалап, туған топырағына жеткізіп жығылған бала елестейді. Мәселе аңыз екендігінде ғана емес. Мәселе елін сүюге, еліне пейілі мен мейірін төгуге аянбауға бөлейтін сәулетті әңгімелі таудың өлкеміз көркін келбеттендіріп тұруы екендігінде десек, оны елеусіз етпеу, таныстыру мен таныту, сақтау мен қорғау керектігі өзінен-өзі туындайды.

Айқын Несіпбай.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button