Ресми

Толғақты мәселелер таразыланды

Бірінші қыркүйекте «Күнгей» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылады. Сонымен қатар, қалада 380 орындық үш жаңа жекеменшік мектеп құрылады. Аймақта биыл 35 ауылдық мектепті жаңғырту жоспарланған. Күрделі және ағымдағы жөндеулер пәндік кабинеттерді, жиһаздарды жаңартуды, кітапханаларды, асханаларды және қауіпсіздік жүйелерін жақсартуды қамтиды. Жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы облыс әкімінің аппарат жиынында білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова баяндады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Басқарма басшысының айтуынша, биыл бірінші сыныпқа 16 мыңға жуық бала барады. 420 мектепте 172 мыңнан астам оқушы оқиды.

Қыркүйек айында Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында апатты жағдайдың орнына салынып жатқан 150 орындық мектеп пайдалануға беріледі.

Мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жалғасуда. Биыл 65 мектепке жөндеу жүргізу жоспарланған, бүгінде оның 36-сы аяқталды.

Әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп құралдарын алуға көмек беріледі. Жалпыға бірдей білім беру қорынан 12 мың оқушы мектеп формасымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі. Жалпы саны 77 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары мектептерде тегін тамақтана алады.

– INDIGO.kz ақпараттық жүй­есі арқылы бүгінгі таңда балабақшаларға 5 мыңнан астам бала қабылданды. Жыл соңына дейін облыс бойынша Қарағанды, Шахтинск, Қарқаралы және Шет аудандарында 505 орындық тоғыз мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарлануда. Кәсіптік білім беруде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды ашуға баса назар аударылды. Мемлекеттік тапсырыс көбейді, оның басым бөлігі техникалық мамандықтарға – металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік саласына бағытталды. Биыл 257 білім беру нысанын жөндеуге қаражат бөлінген. Жұмыс оқу жылының басында аяқталуы тиіс, – деді Гүлбақыт Жүнісова.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық жөндеу жұмыс­тарын уақытында аяқтап, сапасын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Өңір басшысы жаңа оқу жылына дайындықты аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Аймақтағы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов балалардың шомылуы кезеңіндегі қауіпсіздік ережелері жайлы мәлім етті.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, шомылу кезеңінің басынан облыстағы су айдындарында 5 адам суға батып кетті. Оның екеуі кәмелетке толмаған. Оқыс оқиғалар шомылуға тыйым салу белгілері бар, шомылу үшін белгіленбеген жерлерде орын алды.

– Облыстық мәслихаттың шеші­мімен шомылуға тыйым салынған 246 орын анықталды. Барлық қауіпті учаскелерде 1327 ескерту және тыйым салу белгілері белгіленді. Су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында ТЖД қызметкерлері 1600-ге жуық патрульдеу жүргізді. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, су айдындарында 1200-ден астам рейд жүргізді, – деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.

Рейдтер барысында азаматтардың су айдындарында белгіленген қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ескерту және айыппұл түрінде 368 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру шеңберінде ТЖД құтқару бөлімшелері халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 74 қоғамдық құтқарушы тәжірибе жинақтап, білім алды.

– Су айдындарында рейдтер, акциялар өткізумен профилактикалық жұмыс күшейе түсті. Судағы қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат қоғамдық орындарда таратылады. Бейнероликтер әлеу­меттік желілерде және мессенджерлерде орналастырылады. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзушыларға 2,7 млн. теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды, – деп атап өтті Мұрат Қатпанов.

Облыста қосымша коммуналдық жағажайлар құру жұмыстары жүргізілуде. Осакаров ауданында оларды Тоқсұмақ және Қаракөл көлдерінің, сондай-ақ, Есіл су қоймасының жағалауында ұйымдастырады.

Мұрат Қатпанов Шет ауданын мысалға келтірді, онда коммуналдық жағажайдағы құтқару бекеті ТЖ бөлімінің ұсыныстарына толық сәйкес келеді. Кеңесте су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шаралар ұсынылды.

– ТЖД қалалар мен аудандардың әкімдерімен бірлесіп коммуналдық жағажайларды құру және жабдықтау жөніндегі жұмысты жалғастыруы керек. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, үнемі профилактикалық және ақпараттық жұмыстар жүргізу қажет. Сонымен қатар, бақылау қажет. Рейдтерді жалғастырып, тәртіп бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, патруль жүргізу керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button