Спорт

Токио Сурдлимпиадасында ел құрамасы медаль санын арттыруда

Токио төрінде өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарындағы бәсеке күннен-күнге қыза түсуде. Байрақты бәсеке басталғалы Қазақстан құрамасы алты алтын, екі күміс және бес қола медаль жеңіп алған еді. Жарыстың бесінші күнінде ұлттық құрама сапындағы облыстық мүгедектер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Диас Кенжебек пен Давид Петлеван жарыс жолын бастады. Олар жүзу спортынан өнер көрсетіп, өкінішке қарай жарыс жолын медальсіз аяқтады.

Сурет parasport.kz сайтынан

Жалпы, жарыстың бесінші күнінде ел құрамысы жеңіл атлетика, үстел теннисі, бадминтон және жүзуден өнер көрсеткен болатын. Жеңіл атлетикада балға лақтырудан финалдық бәсекеде отандасымыз Андрей Набоков 37 м 08 см көрсеткішпен V орынға тұрақтады. Ал, әйелдер арасында ақтық бәсекеде өнер көрсеткен Елена Путинцева 32 м 43 см көрсеткішімен VIII орынға табан тіреді.

Жүзу спортынан құрама спортшылары барлығы жеті қашықтықта өнер көрсетті. Олардың қатарында Диас Кенжебек 100 м шалқалап жүзу мен 50 м баттерфляйда, Давид Петлеван болса 400 м еркін жүзуде бақ сынаған еді. Өкінішке қарай, жерлестеріміз іріктеу кезеңдерінен өте алмады. Сонымен қатар, Медет Тельманов пен Софья Закутняя сынды отандасымыз да осы спорт түрінен бақ сынап, көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.

Ерлер арасында 4х100 м эстафетасында Диас Кенжебек, Даниил Барановский, Давид Петлеван және Медет Тельманов өнер көрсеткен болатын. Ақтық бәсекеде 4:01,18 секунд көрсеткіш тіркеп, нәтижесінде VIII орынға табан тіреді. Әйелдер арасындағы 4х100 м эстафетаның финалдық сынында Лиана Рогачева, Ғалия Кабулда, Софья Закутняя және Мария Сотникова 4:54,69 секунд нәтижесімен олар да сегізінші сатыдан орын тепті.

Үстел теннисінен жекелей разрядта отандастарымыз Елена Мазуренко, Күлжамила Адилова, Лаура Табажанова, Абылай Бүркітбай іріктеу кезеңінен өте алмады. Ал, бадминтоннан аралас жұптық сайыста жарыс жолына шыққан Виктор Волков пен Аида Айдарқызы және Дидар Есбергенов пен Салима Бақытова жұбы қарсыластарынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.

Айта кетейік, жарыстар 26 қарашаға дейін жалғасады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button