«Бәріміз білеміз, біздің елде бидің қызметі келіспеген адамдарды келістіруде, табыстыруда елеулі рөл атқарды. Осы жайында оқып, танып жүрміз. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің, Бұқар жыраудың айтқандарын оқып отырсаңыздар, билер екі жақты жақындастырып, сөзге тоқтаған. Бір сөзбен келісімге келіп, айыппұлын төлеп, дауды шешкен. Негізіне келетін болсақ, содан бері соншалықты ештеңе өзгерген жоқ. Әділ биде ағайын жоқ деген бар».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Мекеніміз – Ұлы Дала! Мақсатымыз – Мәңгілік Ел!
Осы жолда алағай да-бұлағай таңдары болған, Азаттық дейтін аяулы арманы болған Қазақ деген елденбіз. Қасиетті Қазыбек баба соңынан – біз де бұл дүниеге келгенбіз. Көрешекті де көргенбіз. Қасарысқан дұшпанның «сыбағасын» да бергенбіз. Мың мәрте өлгенбіз, мынау жалған өмірге миллион мәрте келгенбіз! Осылай өсіп-өнгенбіз!
Қайран, Қазыбек бабам! Аманатыңызға адал жалғасыңыз бар! Көшімізді бастаған Көреген Елбасымыз бар! Ұлы көшке ілестік! Бірлігімізді қалқан қылып, алты құрлықты аң-таң қылып… Мақсатқа жетіп келеміз. Небір сындарлы сәттерден өтіп келеміз.
Осының бәрінде ұрпағын желеп-жебеген – Әулие едің не деген?! Қайран да, Қазыбек бабам-ай!
Мұратымызға жетсек деп, мұнарлы шыңға беттедік. Ұлы Даланы дүбірге бөлеп… Дұшпаннан шыққан күбір не демек? Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» жасаған, қалмақтың ханын «екі шайнап, бір асаған» – Қазыбек бабам рухымен жебеп тұрғанда! Біз мұратымызға жетеміз!
Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың байсалды бастамалары мен тарихи қадамдары бағзыдағы Қазыбек сынды дала ділмәрларының ұлы арманынан бастау алып, аманатымен астасып жатыр. Біздің балталасаң бұзылмас бірлігімізді, тегеурінді тірлігімізді көрген досы сүйініп, қас қашып жатыр.
…Балқантауға бақ дарып, Едірейге ел қонды. Қарқаралы – қайсарлықтың, Егіндібұлақ – елдіктің нышанына айналды. Ол да – Қазыбек бабаның арманы!
Сарша тамызда Сарыарқа сауын айтып, Егіндібұлақ той қылды. Алаш жұртының ұланы да, Түркістандағы тұраны да, Ұлытаудың ұлары да, Қарқаралының Тоқтардай (Әубәкіров) қыраны да – осында! Қазыбектей Ұлы бабаның рухына тағзым етіп, Алаштың айбарын асқақтатуға жиналады. Қазыбектің рухымен, Қасымның жырымен нұрланған Қарқаралы қайсар рухтың байрағын көтеріп тұр! Рухымыз аспандай берсін! Сұқ көзін сүзгендер жасқанбай көрсін!
…Той дегендей-ақ, бабаның тойы туралы біздің шаңырақта да көп әңгіме өрбіген болуы керек, Тоқтар есімді 5 жасар ұлым ас үстінде:
– Әке! – деді. Ұлымның ұрымтал сұрақ қоятынын сезе қойдым да, бойымды жинап ала қойдым. Ойымды жинап үлгермей.
– Қазыбек бидің тойына барасыз ғой. Бабамыздың өзі жоқ, кімге той жасап жатырсыздар? – деп, қойып қалды. Ауқаттануды енді бастасам да, тойып қалдым.
– Рухына тағзым етеміз, – дегеннен әріге бара алмай мен қалдым. Сауалына толыққанды жауап ала алмай балам қалды.
Ойға шомдым. Бүгінгі қоғамды ойладым, Қазыбек бабасын жоқтап отырған баламды ойладым. Біздің маңдайға жазылған жүйені ойладым, Қазыбек бабадан қалған киені ойладым. Ой түбіне жете алмадым. Бар түйгенім – біздің қоғамға да бір Қазыбек керек екен. Бала сұрағының астарында ащы ақиқат жатқанын ұқтым. Ас үйден еңсем еңкіш тартып шықты.
Ұлына қару асындырмаған, сонда да жауын басындырмаған – қайран, Қазыбек бабам-ай! «Батыр жиып, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай-ақ» даудың түйінін, жаудың құйынын құдіретті сөздің сөлімен басқан екенсің-ау… Біздің заман сөз ұғардың емес, сөзуардың заманы болып тұр.
Сіз – жоқсыз. Тойыңыз өтіп жатыр. Ең бастысы, асқақ рухыңыз – қара ормандай халқыңызбен бірге. Тәубе!
Ерсін МҰСАБЕК