Ақын Мақсат Күземханның «Ғұмыркеруен» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді
Ақын Мақсат Күземханның «Ғұмыркеруен» атты алғашқы өлеңдер жинағы «Amanat» партиясының «Kitap – amanat» жобасы аясында жарық көріп, таныстырылымы өтті. Осылайша оқырманға жаңа бір жыр-жинақ жол тартты. Алғашқы кітаптың тұсауын Астанадан арнайы келген белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәурен Берікқажыұлы мен ақын Руслан Нұрбай, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бағдат Мүбәрак және ақын, ұлттық «Айбоз» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі өкілі Жанат Жаңқашұлы кесті. Ақындар Мақсат Күземханға лебіздерін жеткізіп, шығармашылығы турасында пікірлерін айтты. Туған жері Ақтоғайдан аудан әкімінің орынбасары Айдос Қуанышбаев бастаған көш келіп, топырағының қадір-қасиетін, ұлылығын, даңқын өлеңіне арқау еткен ақынның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Қарағанды облыстық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековтің құттықтау хаты табысталды.

Мақсат Күземхан лег-легімен өлең оқыды. Туған өлкесіне арнаған өлеңдерінен бастады. Әр туындыдан автордың мінезі есіп тұрды. Шынайы ақын өлеңге өтірік айтпаса керек, жасандылықтан ада болса керек. Тас табандап тұрған әр шумағында жүректе дүмпу туғызатын қуатты соққы бар. Әр тіркесі бөтен сөзбен былғанбаған. Ұйқасына үңілсеңіз, «ақын мынау шет-шегі не бары, не жоғы беймәлім ғаламда бір-бірі үшін жаралған сөздерді табыстырыпты-ау!» деп толғанарсыз. Оның тілі әуезді, шұрайлы.
Мақсат Күземхан – нағыз ақын! Поэзия кешінде осыған көзіміз жетіп, оны тани түстік. Тани түстік деуімізге себеп бар. Мақсат Күземхан өлеңдерін әлеуметтік желіге дүркін-дүркін жариялап, әр жерде өлең оқып, өзгені мойындатуға тыраштанбайтын қаламгер. Біз білетін Мақсаттың табиғаты осындай. Кітапқа жүк болған кейінгі жылдары жазылған өлеңдерінен оның болмысын көрдік, жүрек сөзінің нәріне қандық. Ол осы уақытқа дейін Балқашта жатып, осындай ауқымдағы поэзия кешін де өткізбеген еді. Осы кеште сәтін салмақты сабырмен күткен алмастың жарқылын көргендей әсер алдық.
Мақсат Күземханды жұрт ақын деп таниды. Әншілік қыры да бар. Және қатардағысы емес. Өйткені, Алаштың айбоз ақыны Серік Ақсұңқарұлының «Өмір деген – Күнді айналу» деген әйгілі өлеңіне қазақтың бард ақыны Табылды Досымовтың жазған әнін мұрағаттан тауып, жарыққа шығарған осы Мақсат еді. Ол – ұлы туындыға екінші өмір сыйлаған талант иесі. Мұндай әннің барын Табылды Досымов пен Серік Ақсұңқарұлы және өнердің төңірегіндегі адамдардан басқа ешкім білмеген еді. Ал, Мақсаттың бұл әнді қалай тапқаны – бөлек әңгіме.
Осы кеште ақынның сазгерлік қырын да таныдық. Және қатардағысы емес. Ақтоғайдағы елу жылдан астам тарихы бар «Тоқырауын толқындары» ансамблі «Тоқырауын» әнін шырқады. Сөзін де өзі жазған. Бұл әннің кереметін сөзбен суреттей алмаспын. Кеш соңында есікке қарай аяңдаған оқырман «Аты аңызға айналған ансамбльдің әнұраны болуға жарайтын ән екен» десті. Дәлізде жұрттың әлгі әнді қосыла ыңылдап шырқағанын да естідік. Бұл – жан әлемінде жаңғырып тұрған ән еді. Мақсат ақын кештен кейінгі қарбаласта жүріп, сол көрініске куә болмады өкінішке қарай. Ақын үшін бұдан асқан керемет көрініс бар ма?! Бұл – халықтың берген бағасы. Халықтан асырып ешкім баға бермес. «Ансамбль жетекшілерінің құлағына жетсе екен» дестік біз де.
Тоқырауыным толқып
ағады,
Күміспен күптеп көркі
даланы.
Тоғайды кезген топ
періштелер,
Толқындарына шолпы
малады.
Бір шығармамен ғана тарихта қалған талант иелері жетерлік бұл қазақта. Мақсат ақында қуатты өлеңдер бар деп есептейміз, әрине. Бірақ, дәл осы әннің жарқылы, үні, даңқы келесі ғасырға жететінін айтты ішкі түйсігіміз. Бұл ән – сөзсіз Классика!
2019 жылы эстраданың әйдік әншісі Роза Әлқожа сахнаға алып шыққан еді. Сол кезде де жұртты жалт қаратқан. Бірақ, «Тоқырауын толқындары» ансамблінің орындауында бар кереметі ашылды деп ойлаймыз. Ансамбльге шырқатқан Ақтоғай ауданындағы мәдениет үйінің басшысы Еркебұлан Мүбәрак есімді азамат екенін атап өткен жөн.
Әні мен сөзі егіз болып туған мынау жарық жалғанға. Және өзінің сәтін күтіп, төгіле салған секілді. Мұндай туындыны туған жеріне деген махаббаты кемеліне жеткен таланттар ғана жаза алса керек. Әнде Тоқырауынның айдынын сипаған даланың еркесі – самалдың үні бар.
Мақсат Күземхан осылайша Тоқырауыннан қуат алған жырларымен, әнімен жанымыздың шөлін қандырды. Қарағандыға Тоқырауынның толқыны болып жетті.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



