Жаңалықтар

Тоқтардың домбырасы

Халық қаһарманы, Батыр Тоқтар Әубәкіровтің домбырасы Балқаш музейінде сақтаулы тұр. Мен бұл жайында алғаш рет газет жанашыры, ұлағатты ұстаз Сәткен Сланбекұлынан естідім. Ағамыз нақты әрі фактімен сөйлейтін адам ғой, тіптен деректі растайтын газет қиындысын ұсынды маған.

Суреттер автордан

Иә, даңқты тұлғаның домбырасы жайлы дерек «Балқаш өңірі» газетінің 2018 жылғы 22 тамызындағы санында жарық көрген екен.

Домбыраны музейге табыстаған – әнші Қалтай Қырбасов есімді азамат. Қалтай Еркешұлы қарапайым шаруашылықпен айналысса да қазақтың қазынасын – ән өнерін кеңінен насихаттаған екен.

Марқұмның өз естелігіне зер салыңыз: «Бұл домбырамен талайларды тамсанттым. Бірін ғана айтар болсам, Мәскеуде өткен «Жеңістің 30 жылдығы» фестивалінде лауреат атанып келдім. Манарбек Ержановтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда ІІ дәрежелі дипломмен марапатталдым».

Міне, Қалтай Қырбасовтың шынайы талант, дарын иесі болғанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.

Тақырыпқа оралайық.

Қалтай Еркешұлы көзінің тірісінде жеке шаруашылықпен айналысқан. Бірде, өрісте мал жайып жүрсе, ен далада КамАЗ келе жатқанын, соңынан аэрошана мінген адам келе жатқанын көреді. Бұл 2004 жылдың қысы.

Жолаушылар мал баққанға адамға – Қалтай Еркешұлына таяп келіп тоқтайды. Аэрошана мінген адам басындағы «шлемін» шешеді. Сөйтсе, қазақтың біртуар ұлы Батыр Тоқтар ағамыз көрінеді. Амандасып, жөн сұрасады. Содан Қалтай аға жолаушылардың түскен отауын, онда қанша күн болатынын сұрайды. Тоқаң темірдей тәртіпке мықтап бекінген тұлға ғой. Қолындағы сағатына қарап «бір жарым сағаттан кейін қайтамыз» деп тоқетерін айтады.

Содан Қалтай Еркешұлы алдындағы малын танысына тапсырып, ұша жөнеледі. Есенгелді Ыбышевтің қыстағына түседі. Сол жерде түскі асқа отырады. Түгелі Тоқаңды төбеге көтеріп, төрге оздырады. Жарасты әңгіменің соңы ән-жырға ұласады. Қалтай Еркешұлы Тоқаңның сұрауымен «Шаттық жырын» құйқылжытады. Соңынан Шашубайдың «Аққайыңын» және Біржан салдың әндерін орындайды. Сөйтіп, Тоқтар аға бір жарым сағат емес, үш сағатқа бөгеледі.

Жақсы бір басқосу қорытындыланып, Батыр Тоқтар жолға шықпаққа ниеттенгенде Қалтай аға «Тоқа, сіздің келетініңізді білмедік. Сізге мінгізер атым, иығыңызға жабар шапаным осы болсын. Мына домбыраны алыңыз», – дейді. Батыр домбыраны қолына ұстап тұрып «Бұл енді менің домбырам ғой. Домбыра шанағынан үнемі ән-күй төгіліп тұруы керек. Мен домбыра тарта алмаймын. Сондықтан, өзіңе қайта табыстайын. Бүгіннен бастап «Тоқтардың домбырасы» деп алып жүрші», – дейді.

Қалтай аға құп көреді. Бертінге дейін Тоқтардың домбырасын қолынан тастамай алып жүреді. Кейін денсаулығы сыр бергесін, асыл дүние жерде қалып, қор болмасын деген ниетпен қалалық музейге табыстаған екен.

Міне, бір ғана домбыраның өзінде терең тарихы бар…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
Балқаш қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button