АймақШет

Тоқсандағы әжей акцияға атсалысты

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ. Бүгінде бүтін бір елдің ұйытқысы, шаңырағының алтын діңгегі Ақбөпе Ибраеваны Өспен жұрты жақсы біледі. Жасы 90-нан асса да жүрісі жылдам, қимылы ширақ. Таңмен таласа аула сыпырып, от жағады. Осылайша, игі ісімен көпке үлгі көрсетіп жүрген қарт әже жайлы бір-екі ауыз сөз жазуды жөн көрдік. Әрі тазалықты жаны сүйетін жанның осы бір әдебіне де сүйсіндік…

Суреттер saryarqatv.kz

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғанда осы бастаманы қарт әже де қос қолдап қолдаған. Себебі, «Ауланың тазалығы – ауылдың тазалығы» деп ұрандап жүрген жанның ойындағысы іске асқандай еді. Таң қылаң бере ұйқысынан тұрып, бірден үйін, содан соң ауласын тазалауға шығады екен. Бұл кешелі бері қолға алған ісі емес, баяғыдан қалыптасқан қағидасы.

– Ауланың тазалығы – ауылдың тазалығы. Үйіңнің маңайын таза ұстасаң қандай керемет. Бәріне «тазалықты өздеріңнен бастаңдар» деп айтып жүремін. Әрі тазалық денсаулығыңа да үлкен әсерін тигізеді. Денсаулығың жақсы болуы үшін үнемі қозғалыста болу қажет. Кейбірі тамақ ішкен соң барып жатып қалады. Ал, мен керісінше, ас қорыту үшін жұмыс істеймін, – деді тоқсандағы әже.

Әжейдің жасы біразға келсе де ас үй шаруасын да өзі тындырады екен. Қамырды өзі илеп, нанды да жабады. Тамақты да істейді. Одан қала берді ұршық иіріп, шұлық та тоқиды. Тоқулы шұлығын үйге амандаса келген жұртқа үлестіріп беретін көрінеді. Әжейдің осы бір қасиетін ауыл жұрты ауыз толтырып айтып жүр.

– Бұл кісінің жақсы бір қасиеті – тазалықты ауласынан бастайды. Таңмен таласа тұрып ауласын сыпырады. Үйіне кірсеңіз де мұнтаздай таза. Кірсе шыққысыз. Әжеміз ортамызда аман жүрсін, – деді ауыл тұрғыны Маржан Қапаева.

Поштадан қап-қап келетін газет санын да жібермей оқиды екен. Көзілдірік те тақпай әріпті айна қатесіз көреді. Әлбетте, бұның бәрі әкеден дарыған тектілік, ана сүтімен дарыған қасиет деп білдік. Тіл-көзден өзі сақтасын, Жаратқан!

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button