Қарағандының «Горняк» қазандықтар бренді Қазақстанды жылытып отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді» деген болатын. Соңғы жылдары өндірісті өңір Президент тапсырмасын бизнестің буынын бекіту тұрғысында қарышты қадамдар жасап келеді. Түрлі кәсіпорындар есігін айқара ашып, дүниежүзілік нарықтарда төбе көрсеткен төбелге айналып келеді. Осындай іргелі кәсіпорындардың бірі – «Горняк автоматты қазандықтары» серіктестігі.

Іскерлік іргетасы
Моншаңызды, яки, жер үйіңізді әп-сәтте бір батырма арқылы ғана жылытып бере салатын автоматты қазандықтар жайында естуіңіз бар ма еді? Иә, бұл заманауи қазандықтар да Қарағандыда өндіріледі. Өндіріліп, сатылып қана қоймай, жаһан елдеріне экспортталуда. «Горняк» бренділі жылыту қазандықтарын өндіруші компания бүгінде Қазақстан мен одан тыс жерлерде өз саласында көшбасшы болып танылды. Ал, осы ірі өндіріс орнын басқарушы адамның есім-сойы – Данил Андреевич Березин. Ол әкесі, Андрей Алексеевич Березиннің ізін жалғастыра біліп, 2013 жылы компанияның екі тізгін, бір шылбырын қос қолына алып, оны жаңа деңгейге көтерді.
Барлығы 2007 жылы басталыпты. Қарағандының қарапайым тұрғыны, дәнекерлеуші Андрей Алексеевич өз үйінде тұрмысына қажетті алғашқы қазандықты жасап шығарды. Мақсатында үй-жайдағы қазандық суық күндері адамның көземелінсіз өздігінен автоматты негізде жылу таратып тұрмағы шарт болған. Діттеген қазандық даяр болысымен, машақат пен мехнаттан арылған олардың бұл берекелі тірлігін айналасындағылар да аңдай бастаған. «Іздегенге сұраған». Алғашында тек көрші-көлем мен тамыр-таныстың сұранысы бойынша жұмыс істеген өркениетті өнім түрі бірте-бірте үлкен сұранысқа ие бола бастады. Осылайша, қарапайым идеядан еліміздің индустриалды алыбына айнала білген кәнігі кәсіпорынның негізі қаланды. 2013 жылы компания заңды түрде тіркеліп, өнімдері Қазақстанның түпкір-түпкіріне тарала бастады. Әуел басқы өндірістік штат саны да 8-ге дейін өсті. Ал, бас директор ретінде осы компанияның болашағын қалыптастыруға Данил Березин өзі белсеніп, білек сыбанды.
– Жаңа дәуір, жаңа технологияларды қажет етеді. Бастабында тек үйдің шойын пештері мен автоматты қазандықтарды шығарумен ғана шектелген шағын компания ендігіде мұқым тәуелсіз мемлекеттер достастығын жылыта алатын қауқарға жетті. Нақтыласақ, мемлекетімізді қоса алғанда біз Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне тауар экспорттаймыз. Шынтуайтында, компаниямыздың өнімдері мен қызметтерінің сапасы ғана емес, оның өндіріс үдерісінің жоғары деңгейі де көпшілікті таңғалдыруда. Арқа атырабының үш ірі цехында толық цикл бойынша жұмыс істейтін атаулы кәсіпорында қазандықтар мен су жылытқыштардан бастап, желдеткіштер мен автоматикаға дейін өндіріліп жатыр. Қатты отын, газ, электр қазандықтары, монша пештері, сорғылар – әрбір өнім өзінше бір өнер туындысы сияқты, – тұжырды ойын Данил Андреевич.
Іскерлік іргетасы ілкімді істерімен қаланған компания ендігі уақытта Еуроодақ нарығына шығуды көздеді. Мұрат – асыл, мақсат – айқын. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, Kuka дәнекерлеу роботтары сияқты әлемдік деңгейдегі технологиялар компанияның өндірісін ерекше етіп тұр. Бұл роботтар темір тігістерінің жоғары дәлдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өнімнің сапасын арттырады. Әрбір бөлшекке ерекше назар аударылып, әрбір өнім мінсіз жасалатындықтан, компанияның атағы мен бренділі беделі шетел тұтынушыларын елеңдете бастады. Kuka – өнеркәсіптік робототехника саласындағы әлемге әйгілі неміс компаниясы. Бұл компания автоматтандыру және робот жасау технологияларын дамытуда жетекші орын алады. Оның роботтары автомобиль, логистика, электроника, медицина, металл өңдеу және басқа да салаларда кеңінен қолданылады.
Кең ауқымды қызмет көрсету демекші, компанияның филиалдары мен дүкендері еліміздің әр түпкірінде жұмыс істеп, жоғары сапалы қызметтер ұсынып отыр. Қарағанды, Алматы, Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Өскеменде орналасқан 13 дүкенінде өнімдер сатылып, клиенттерге қызмет көрсетіледі. Осылайша, «Автоматты қазандықтар» тек өндіріс орны ғана емес, біртұтас Қазақстан бойынша қолжетімді әрі сенімді серіктеске айналды.
Березиндер әулетінің кәсіпкерлік мұрасы
Данил Андреевич әкесінің әу баста салып кеткен сара жолын жалғастырып, нәсіпті кәсібін әрі қарай дамыта отырып, тек отбасылық бизнестің табысты болуына ғана емес, ел экономикасына да зор үлес қосып келеді. «Автоматты қазандықтар» тек қазандықтар мен су жылытқыштарының өндірушісі емес, сонымен қатар, еліміздің индустриясына жаңа серпін берген инновациялық кәсіпорын деп бағамдасақ, ләзім. Өндірістің алдағы жоспарлары туралы айтқанда, Данил Березин: «Біздің мақсатымыз – сапа мен инновацияны біріктіру арқылы нарықта жетекші болу. Біз тек отандық өнімдермен шектелмей, айдай әлемге өз өнімдерімізді танытуды көздеп отырмыз», – деп атап өтті. Қарағанды топырағында қанат жайған бұл индустриалды алпауыт, енді еліміздің ғана емес, жиһан жағрапиясындағы сан түрлі елдерінде өз өнімдерін ұсынуға дайын. Қазандықтар мен жылу жүйелері жайлы сөз қозғағанда, мұның артында Березиндердің бренді тұрғандығы ұмытылмастай әсер қалдырады.
Компания – өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін үнемі арттыруға арналған ірі білім беру алаңы. Мұнда менеджерлерден бастап, өндірістік персоналға дейін әрбір қызметкердің білімін жетілдіруге жете көңіл бөлінеді. Қызметкерлердің кәсіби дамуы, әсілі, өндірістік процестердің тиімділігін арттырумен қатар, жалпы компанияның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге де игі ықпал етеді. Оқытудың жүйелі жолы дегенімізде, кәсіпорынның тұрақты өсіп-дамуының құпиясы – білімділік пен кәсіби дамуға деген ерекше көзқарасында. Оқыту бағдарламалары келіссөздер жүргізу дағдыларынан бастап, персоналды басқару, өнім туралы терең білім мен өндіріс технологиясын қамтиды. Осындай ерекше оқу үдерісі компанияның күнделікті қызметінде тиімділікті арттырып қана қоймай, тұтынушылармен байланыс пен өнім сапасына да тікелей әсер етеді.
Қарағандыдағы өндіріс цехтары мен дүкендерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы – өз кәсібін жақсы меңгерген мамандар. Колледж студенттері де компанияның өндірістік үдерісінде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие. Байыпты бағдарлама арқылы кешегі студенттер еңбек нарығына дайын мамандар ретінде танылып, кейіннен бірнеше жылдан соң цех басшылары ретінде қайта оралып жатады. Мұндай дербес жүйе еңбекқор кадрлармен қамтамасыз етіп, компанияның ұзақ мерзімді тұрақтылығын да кепілдейді.
– Бірде италиялық сарапшы кәсіпорнымызға келіп, біршама уақыт бойы мұндағы жұмыс үдерісін бақылады. Білген болсаңыз, Италия Еуроодақ аясында Алманиядан кейінгі екінші орында. Ғылым, білім, теңдессіз технология тұрғысында. Сондықтан, мұндай шетел өкілдерінің атамекенге келіп, отандық өндіріске құлақ түріп, зер салуы аңғарған жанға көп нәрседен ақпар береді. Сарапшымен бір жарым жыл ішінде шетелдік best-іскерлік үлгілерін иемденіп, өндірісімізге ең қажетті жаңашылдықтарды кіріктіре алдық. Экономикалық көзқарасымызды да жоғары деңгейге көтердік. RBK банкі мен «Даму» қорының жан-жақты қолдауының арқасында былтыр біз жалға алған кеңістігіміздің жарымын босатып, өзіміздің дербес ғимаратымызға көшіп, орнықтық, – деп ағынан жарылды компанияның бас директоры.
Компания өз өнімдерінен бөлек, халықаралық деңгейдегі әйгілі брендтердің жабдықтарын да ұсынады. Бұл компанияның сенімді серіктестері мен сапаға деген жоғары талаптарын көрсетеді. Мысалы, Ferrolli мен Immergas (Италия), Kospel (Польша), Металлик и Ко (Ресей) сияқты әлемдік өндірушілердің жабдықтары компанияның өнім желісін толықтырып, тұтынушыларға кең ауқымды таңдау мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, KG Elektronik (Түркия) пен Келет (Алматы) сияқты өндірушілердің өнімдері де компанияның қызмет аясында бар. Осы талғамды серіктестік арқасында, компания әлемдік тәжірибені қолдана отырып, өзінің өнімдерін үнемі жаңартып, сапасын арттырып отырады. Мұндай байланыстар халықаралық нарықта сенімділік пен беделдің артқанының айқын дәлелі.
Инновациялық шешімдер
Қазіргі таңда «Автоматты қазандықтар» өз өнімдерін тек жоғары сапалы қазандықтармен ғана емес, сонымен қатар, Must бренді бойынша инверторлармен толықтырып отыр. Бұл инверторлар электр қуаты өшкен жағдайда айналым сорғысын қолдап, қазандықтың қызып кетуіне жол бермей, жылу беруді қамтамасыз етеді. Мұндай жүйе физикалық араласуды қажет етпей, қолданушыларға қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Осындай оңтайлы құрылғылардың ең басты артықшылығы, олардың жұмыс істемей тұрып та энергияның тұрақты болуын сақтап, жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі. Компанияның үздіксіз оқыту жүйесі, халықаралық деңгейдегі серіктестік және инновациялық технологияларға негізделген жұмыс процесі оның нарықтағы орнын нығайтып, үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
– Өндіріс адамдары мені тереңірек түсінеді. Әйтсе де, айтайын. Өзіміздің дербес ғимаратымызға сәтімен қоныстанған соң, жыл ілгері төлеп жүрген қаржылық шығынды бетонды еденге жұмсадық. Бір қарағанға қалыпты жағдай болып көрінгенімен, бетонды еденнің өзі өндіріс өнімділігін 20%-ға арттырды. Оның үстіне, қалған қаражатты өзге де техникалық шешімдерге сарп етудеміз. Мәселен, қызметкерлеріміздің жұмыс жайлылығы да әрқашан өзекті. Логистикалық хаб ретіндегі қазіргі мүмкіндіктеріміз орасан, – деді Данил Березин.
Бір артықшылығы, бұрынырақ әр тауарды әр жерден тиейтін фура көліктері ендігіде бір нүктеден сапарға шығатын болды. Кәсіпорын газ, көмір және электрлік жылыту қазандық атаулысын сіздің тұрағыңызға жеткізіліммен қамтамасыз етеді. Компанияда газ, көмір және электрлік жылыту қазандықтарын сапа кепілдігімен және еліміздің барлық аймақтарына жеткізіп алуға болады. Команда құрамында жылыту техникасы саласында жоғары біліктілігі бар тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Әр маман үнемі инновациялық шешімдерді зерттеп, ең жақсы жылыту жүйелерін ұсыну үшін заманауи технологияларды енгізу жолында еңбектенеді. Жетелі жұмыс барысының негізгі принциптері – адалдық, кәсіпқойлық және әр клиентке назар аудару. Біз қатты отынды және газбен жұмыс істейтін қазандықтардың сенімділігі, қауіпсіздігі мен энергиялық тиімділігін қамтамасыз етеміз. Жылыту қазандықтары жеке үйлерді, жазғы коттедждерді, өндірістік және қоймалық ғимараттарды жылыту үшін сәтті қолданылып келеді. Әрі мамандар кешенді шешімді қоса қуана ұсынады. Яғни, консультация, жабдықты таңдау, жеткізу және техникалық қолдау.
Қазық
Қазіргі әлемнің шексіз мүмкіндіктері мен таңғажайып инновациялар кезеңінде, отандық өндірістің жарқын өкілі «Автоматты қазандықтар» компаниясы нағыз мұраттарға, ұлттық стандарттарға және экономиканың тұрақты дамуына бағытталған жаңартылатын шешімдерді жүзеге асыруда. Біздің заманымыздың аса қажеттілігі – энергия үнемдеу мен қауіпсіздік. Жеке үйлерден алып өндірістік кешендерге дейін, осы серпінді өнімдер арқылы жылу беру жүйесі сенімділігі мен тиімділігі тұрғысынан жаңа биіктерге жетуде. Республикамыздың әрбір қаласында, әлеуметтік жағдайы мен қажеттіліктері әртүрлі тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін «Автоматты қазандықтар» дәстүрмен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, әркімге қажетті жылу шешімдерін табуда. Компания ұжымы логистикалық платформалармен және ыңғайлы цифрлық шешімдермен жұмыс істейді.
Сапа, адалдық және кәсіпқойлық – бұл компанияның ұраны. Кәсіпорынның білікті мамандары мен жоғары технологиялар қорындағы көпжылдық тәжірибе клиенттерге тек сапалы жабдықты ғана емес, сонымен қатар, қызметтің толық кешенін ұсынуда. Осы орайда, қоғам қуатты болу үшін парадигмалық өзгерістерге бейімделіп, әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыруды міндетті түрде қамтамасыз етуіміз тиіс деген рәуіштегі көзқарасты берік қармағандай кәсіпорын өкілдері. Демек, бүгінде күні кешегі кедейшілік, аты жоқ қорқыныш пен бейнесіз белгісіздік кезеңдермен қоштасуымыз қажет сынды көрінеді көзімізге. Игілігі артқан индустриалды дәуір бастау алуымен, тұрақтылық, даму және сұранысқа ие технологиялар елімізді әлем картасында айшықты ете түсуде. Шығармашылықтың шек білмес шеберханасындай болған кәсіпорын өкілдері алға көз тіктеген жоспарлары орасан. Бәріміз бір команда болып, егемен елімізді ырысты ете түсу. Келелі міндетіміз – отандық кәсіпорынның күшін біріктіріп, жылыту қазандықтарын мұқым елге, қалалардан ауылдарға дейін тарату дейді олар бірауыздан. Әлбетте, ортақ істе табысты болуға серпін беретін қуатты қозғалысқа себепші бола отырып, өзгеге еліктеу емес, өзіміздің ұлттық үрдісіміз аясында алға шығуымыз керектігін және жіті түсінеді компания басшылығы. Әр ошаққа жылу тілеген салуалы ордаға біз де сәт тілеп, тарқастық!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»