ТМД-ның таңдаулылары
Мәскеуде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық кеңесінің 109-шы отырысында 2025 жылғы ТМД-ның өнімдер мен қызмет сапасы саласындағы сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Халықаралық деңгейдегі беделді марапатқа Қарағанды облысының кәсіпорындары ие болып, өңір өндірісінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осылайша, ТМД төңірегіндегі салмақты сыйлық – сапа саясатын әуелден қатаң ұстанған қарағандылық қос компанияның қоржынында.

ТМД сапа сыйлығы – Достастық кеңістігіндегі ең беделді марапаттардың бірі. Ол басқарудың тиімді жүйесін енгізген, инновациялық технологияларды өндірісте кеңінен қолданатын және өнім мен қызмет сапасын тұрақты түрде қамтамасыз ететін кәсіпорындарға беріледі. Биыл байқауға ТМД елдерінен 27 кәсіпорын қатысыпты.
Өңіріміздегі «НПО Дефектоскопия» ЖШС ТМД сыйлығының лауреаты атанса, «Бемер Арматура» ЖШС дипломант мәртебесін иеленді. Бұған дейін де бұл кәсіпорындар ұлттық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, өнімдері мен қызметтерінің жоғары сапасын халықаралық деңгейде дәлелдеген болатын.
– Өңір кәсіпорындарының ТМД деңгейінде мойындалуы – олардың өнім мен қызмет сапасын халықаралық стандарттарға сай тұрақты түрде қамтамасыз етіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл – жай ғана сертификат немесе марапат емес, олардың үздіксіз жаңалыққа ұмтылысының, өндірістік процестерін жетілдіру мен технологияларды тиімді қолданудың нақты дәлелі. Мұндай табыс өңір кәсіпорындарының әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттырады және өңір өндірісінің сапалық деңгейінің халықаралық аренада мойындалғанын көрсетеді, – дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
ТМД кәсіпорындары арасынан топ жарған «НПО Дефектоскопия» ЖШС өңіріміздегі жетекші жоғары технологиялық компанияларының бірі. Кәсіпорын мұнай-газ, тау-кен, металлургия және энергетика салаларында диагностика мен бақылау қызметтерін ұсынады. Оның басты ерекшелігі – өндіріс процесінде жасырын ақауларды дәл анықтайтын заманауи әдістер мен технологияларды қолдануы.
Компания бұзбай бақылаудың 19 классикалық және озық әдісін пайдаланады.
Соның ішінде, цифрлық радиография және ұзын толқынды ультрадыбыстық бақылау (LRUT) ерекше маңызды, себебі олар өнім мен инфрақұрылымның сапасын дәл бағалап, апаттар мен өндірістік бұзылулардың алдын алады. Бұл тәсілдер әсіресе мұнай-газ құбырлары, металлургиялық қондырғылар және энергетикалық объектілер сияқты күрделі өндірістер үшін шешуші мәнге ие.
«НПО Дефектоскопия» зертханасы халықаралық A2LA аккредитациясынан өткен, бұл оның қызметінің әлемдік стандарттарға толық сәйкес келетінін көрсетеді. Зертхана мен зерттеушілердің кәсіби деңгейі кәсіпорынға ең күрделі өндірістік сынақтарды орындауға мүмкіндік береді. Ал, заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға және талдауға мүмкіндік жасайды.
Компанияның тәжірибесі мен ғылыми негізделген технологиялары оны тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де беделді етеді.
2017 жылы «Алтын Сапа» сыйлығын жеңіп алған кәсіпорын енді ТМД сапа сыйлығының лауреаты ретінде танылып отыр. Бұл марапаттар компанияның үздіксіз сапа жауапкершілігі, инновациялық технологияларды қолдану және халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.
«НПО Дефектоскопия» қазіргі таңда тек қызмет көрсету саласында ғана емес, өндірістің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруда да негізгі серіктеске айналған. Оның жұмысы отандық өндіріс объектілерінің сенімділігін арттырып, кен орындарынан бастап, зауыттарға дейінгі барлық кезеңдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Ал, дипломант мәртебесін алған Бұқар жырау ауданындағы «Бёмер Арматура Қазақстан» кәсіпорны – еліміздегі және ЕАЭО елдеріндегі Böhmer маркасының ресми өкілі. Кәсіпорын жоғары сапалы құбыр желісі арматураларын өндіру мен жеткізуге маманданған, оның ішінде, жылу және сумен жабдықтау жүйелері, мұнай-газ саласы мен өнеркәсіптік инфрақұрылым үшін қажетті жабдықтар бар.
Компанияның негізгі өнімдері – диаметрі, қысымы және жұмыс температурасы әртүрлі шар тәріздес крандар. Олар халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді, сондай-ақ, ауыр жүктемелер мен күрделі жұмыс жағдайларында сенімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
«Бёмер Арматура» – АҚШ-тың API 6D стандартына сәйкес сертификатталған монограммаға ие. Бұл сапа мен сенімділіктің халықаралық деңгейдегі кепілі болып табылады. Бұл сертификат америкалық мұнай институты тарапынан беріліп, жыл сайын аудит арқылы жаңартылып отырады. Мұндай сертификатқа ие кәсіпорындар әлемде санаулы.
Өндірістік қуаты жылына 10 000-нан астам өнім шығару мүмкіндігін береді. Мұндай көлем кәсіпорынның өңірдегі жетекші өнеркәсіптік кәсіпорын ретінде тұрақты дамып келе жатқанын, сонымен қатар, отандық және шетелдік нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Компания өнімдері Еуропа мен ТМД елдеріне экспортталады, бұл оның әлемдік өндірушілер деңгейінде бағаланатынын айқын көрсетеді.
Компанияның сапа саясаты мен өндірістік жетістіктері 2019 жылы Президенттің «Алтын Сапа» сыйлығымен, ал, халықаралық аудит нәтижелері оны әлемдік деңгейдегі өндірушілер қатарына енгізгенін дәлелдейді. Бұл марапаттар мен сертификаттар кәсіпорынның өнім сапасына деген адалдығы мен өндіріс процесіндегі заманауи технологияларды тиімді қолдануын көрсетеді.
Қарағандылық кәсіпорындардың мәртебелі марапаты – сапаға негізделген жүйелі еңбек пен халықаралық талаптарға сай жұмыс істейтін өндірістің нақты көрінісі. Отандық бизнес пен өнеркәсіптің халықаралық деңгейде танылуы, экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюі және аймақ экономикасын дамытуда өз бағасын алып отыр.
Қысқасы, Қарағанды кәсіпорындарының әлемдік нарықтағы мойындалуы – сапалы өнім, заманауи технология және өркениетті өндірістің жемісі.
Айта кетейік, ТМД сыйлығы лауреаттары мен дипломанттарын марапаттау рәсімі шілде айында Қырғыз Республикасында өтетін Мемлекетаралық стандарттау, метрология және сертификаттау кеңесінің 69-шы отырысы аясында ұйымдастырылады.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



