Бас тақырып

Өткенге тағзым, бүгінге алғыс!

Тарихтың сан мың қатпарлы парақтарында қарға тамырлы қазақтың бауырмалдығы мен кең жүректілігі алтын әріптермен жазылған. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, жат жұртты да өзекке теппеген ел азапты жылдарда өзгенің қайғысын бөлісіп, пана болды. Бүгінде бізге бейбіт аспан, татулық пен достықтың берік ордасы – аманат. Алғыс айту күні – сол бір тағдырлы жылдардың ұмытылмас белгісі ғана емес, мейірімділік пен адамгершілікті дәріптейтін өнеге. Алғыс – бірлікті бекемдейтін ұлы құндылық. Бұл күні өткенге тағзым етіп, болашаққа ұмтыламыз, шынайы ризашылықтың шырағын жағамыз. Өйткені, қазақ үшін алғыс айту – тек сөз емес, бұл жүректің кеңдігі мен жанның тазалығы!

Коллажды жасаған Айбек Рақымжан

Қазақ халқы ықылым заманнан «Алғыс алған арымас» деген сөзді бекер айтпаған. Алғыс – шынайы ризашылықтың, жүрек жылуының белгісі. Қиын-қыстау кезеңдерде, қилы замандарда қазақ жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтарып, өзіне қамқор болғанды да, өзгенің қамын жегенді де ұмытпаған. Бүгінде 1 наурыз – Қазақстанда Алғыс айту күні. Бұл күннің мәні тереңде жатыр. Тарихтың қатпарларына зер салар болсақ, күні кешегі кеңес заманында қазақ жеріне түрлі ұлт өкілі жер аударылды. 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде мыңдаған неміс, корей, түрік, шешен, ингуш, балқар, қарашай, грек және басқа да этностар Қазақстанға күштеп қоныстандырылды. Олар туған жерінен үдере көшіріліп, белгісіз мекенге жіберілгенде аштық пен суықтан қажыды. Осындай ауыр сәтте қазақ халқы қолындағы барымен бөлісіп, оларды бауырына басты.

Бір ғана қазыналы да қасиетті Қарағандыға 1930-1950 жылдары кеңес үкіметінің саяси шешімдері негізінде 30-дан астам ұлт пен этнос өкілдері күштеп жер аударылды. Олардың арасында немістер, корейлер, шешендер, ингуштар, түріктер, гректер, поляктар, украиндар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары, молдовандар және басқа да этностар болды.

Өңір саяси тұрғыдан ерекше болды. Себебі, аймақта Қарлагтың бой көтеруі бұл жерде қуғындалған ұлт пен ұлыстардың кіл қаймақтары шоғырланғандығын айтпай-ақ аңғаруға болатын еді.

Шешен ұлтының ақсақалы Асламбек Аптаев «Қазақтардың кеңдігі болмаса, біз қазір болмас едік» деп терең тебіреніспен еске алады. Немістер де, кәрістер де, басқа да этнос өкілдері қазақтың сол бір ұлы мейіріміне бас иіп, ризашылық білдірді. Міне, 1 наурыз – осындай бауырластықтың, достықтың, шынайы рақымшылықтың күні.

Асламбек Аптаевтың бұл сөзі – бүтін бір халықтың басынан өткен ауыр тағдырдың, сол қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының көрсеткен шексіз мейірімі мен адамгершілігінің айғағы.

– 1944 жылы ақпан айында мыңдаған шешен мен ингуш бір түннің ішінде туған жерінен күштеп көшірілді. Жасы да, кәрісі де вагондарға тиеліп, белгісіз бағытқа жөнелтілді. Аштық, ауру, суық – жол бойында қаншама адамның өмірін қиды. Бұл халық үшін нағыз геноцидке тең нәубет еді. Бірақ, олар қазақ жеріне табан тірегенде, бұл далада оларға бауырындай қараған халық бар екенін білді. Қазақ ауылдары шешендерді тек босағасынан аттатқызып қана қойған жоқ, өздерінің соңғы тілім нанын бөліп берді. Сол жылдары қазақтардың өзі аштық пен ауыртпалықты бастан кешіп жатса да, «жетім-жесірді жылатпа» деген ата-баба өсиетін орындады.

Бір ғана мысал, Қарағанды маңындағы кішкентай ауылға жүздеген шешен отбасы жеткізілді. Бейтаныс далада бүрсең қаққан оларды қазақ әйелдері үйлеріне кіргізіп, отбасымен бірге дастарқан басына отырғызды. Қазақ аналары өз балаларына қандай қараса, соларды да сондай мәпеледі. Тіпті, анасының жанында жаурап тұрған кішкентай шешен баланы көріп, қазақ кемпірі өзінің соңғы бір шекпенін шешіп, үстіне жауып, бауырына басқан екен, – деген мәліметтерді алға тартқан сол кезде қазақтардың мейірімін сезінген Асламбек Аптаев пен оның қандастары бұл жақсылықты ешқашан ұмытпайтынын разылықпен жеткізді.

Ал, қазақ халқының кез келген перзенті болса, алдымен ата-анасының алғыс, батасын алуға тырысқан. «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген сөз – соның айғағы. Әке – шаңырақтың тірегі, ана – отбасының шуағы. Сол себепті, қазақ үшін ата-ананың алғысын алу жақсы перзенттің көрінісі болған. Қазақ халқы ата-бабасына, ұстазына, досына, елі мен жерін қорғаған батырларға да ағынан жарылып, алғыс айтқан. «Батыр – елге қорған, білімді – елге шуақ» дегендей, ұлт үшін аянбай тер төккен қайраткерлердің еңбегін ешқашан ұмытпаған. Сонымен қатар, қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық. Сондықтан, тағдыр тәлкегіне түскен, аштық пен соғыстан қашып келген өзге ұлттармен де барын бөліскен. Бүгінде қазақ даласында 130-дан астам ұлт өкілі бейбіт өмір сүріп жатса, бұл – бауырмалдықтың, кеңпейілділіктің, адамгершіліктің көрінісі.

«Алғыс айту күні – бірліктің белгісі» дейміз. Қазіргі таңда 1 наурыз – тек тарихи естеліктерді жаңғырту күні ғана емес, сондай-ақ, адамдардың бір-біріне алғыс білдіру күні. Бұл күн – көпұлтты Қазақстан халқының татулығын, ынтымағын нығайтатын мейрам. Достық пен мейірімділік ұғымдарын жаңғыртатын ерекше күн. Алғыс айту – адамның жан дүниесін байытатын, өмірге деген көзқарасын өзгертетін рухани құндылық. Сондықтан, қазақтың кеңдігі мен дархандығын ұмытпай, жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтару – баршамыздың парызымыз. Қазақ жақсыға алғысын жаудырған халық. Ендеше, бүгінгі күні біз де ата-анамызға, туған-туысымызға, достарымызға, бізге қол ұшын созған адамдарға шынайы ризашылығымызды білдірейік. Алғыс айту – жүректен шыққан жылы сөз ғана емес, татулық пен бірліктің белгісі екендігін ұмытпасақ, болғаны.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button