Ас өткізудің де өз мәні бар. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген жұртпыз. Бір елдің ұранына айналған, тұтас ру қалыптастырған даңқты бабалардың аруағына құран бағышталып, есімдері ұлықталады. Бұл – ұрпақ тәрбиесі үшін де аса маңызды. Тағы бір маңызды миссиясы – ұлттық ойындар, яғни, ұлттық спорт дәріптеледі. Сондай тағылымды астың бірі Ақжал кентінің іргесінде өтті. Асты «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Елдің түпкір-түпкірінен атбегілер жүйріктерін әкелді, даңқы төңірекке тараған балуандар мен құралайды көзге атқан мергендер келді. 200-ден астам үй тігіліп, үш мыңнан астам мейман жиналды. Бұл – тойдың бір қызығы ғана. Шарапаты бір бөлек әңгіме.

Астың шымылдығын Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров ашып берді. Аудан басшысы астың маңызы мен міндетіне тоқталып, ұлағатын айшықтады.
– Армысыздар, Көкбөрі Керней баба ұрпақтары және құрметті меймандар. Ажарлы Ақжалда өтіп жатқан астың тағылымы мол. Қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан «Бүгініңді ұлақтаудан бұрын өткеніңді ұмытпа» деген. Расымен де, алға мақсат қоймас бұрын, өткенімізге қайырылып, елдік жолында барын берген ұлыларымызды ұлықтап, оларға тағзым жасаған абзал. Ордалы Орта жүзде, Салқам Жәңгір хан тұсында қол бастаған Көкбөрі Керней баба ұрпақтары әр 10 жыл сайын өткізетін астың мақсаты – осы. Қай ғасырда болмасын, қазақтың ерлері сүйем жер үшін сүйегін қалдырып, жан аямай күрескен. Баһадүрлер мен аузы дуалы ақындарға пайым-парасаты мол ғалымдарға кенде емеспіз. Солардың ішінде Керней бабадан тараған атақты Балта, Түйте, Балапан, Жарылғап, Итқара, Ес, Есей, Елеген, Бодық, Аққошқар, Бегімбет батырлар мен аузы дуалы Байсейіт, Қара би, Дия қажы секілді әйгілі би-шешендердің есімдері ұрпақтарының жадынан өшкен жоқ. Жүсіп Алтайбаев, Орынбет Беков, Шарбан Батталова, Жамбыл Ақылбаев, Шабал Байсекқызы секілді ғалымдар мен даусыз дарындар Керней бабадан тарағанын мақтан тұтамыз, – деді Мұхит Мұхтаров.
Асқа еліміздің түпкір-түпкірінен құрметті меймандар жиналды. Барлығы дерлік сахна төріне көтеріліп, жылы лебіздерін білдірді.
Астың салтанатты ашылу рәсімінде қор қаражатының есебінен Ақжал кентінің тұрғыны Тұрсын Қаппасоваға пәтер кілті табысталды. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында «Nova Цинк» қорғасын-мырыш кенін өндіру және байыту компаниясының қызметкерлеріне де марапаттар табысталды. Бағлан Әбілмашев, Батырбек Қосанов, Айгүл Мияшева, Сансызбай Өтебаев, Құмархан Хабидан, Ғарифолла Жахметбеков, Сағи Қасымов, Айбек Серікұлы есімді азаматтар қор тарапынан марапатталды.
Сонымен қатар, өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып, елдің әлеуметтік жағдайына оң ықпалын тигізіп отырған «Nova Цинк» қорғасын-мырыш кенін өндіру және байыту компаниясының басшыларына аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Салтанатты ашылу рәсімінде қор қаражатынан Ақшатау кентіне жаңа жедел жәрдем көлігі тарту етілді. Жедел жәрдем көлігі заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған.
Аста бір атаның балалары араға 100 жыл салып табысты. Аманбек Әшімов есімді азаматтың атасы жаппай саяси қуғын-сүргін болған 1937 жылы Қырғызстанға қоныс аударыпты. Белгілі жазушы, этнограф Төрехан Майбас ата-баба ұрпақтарын түгендеп, шежіре тарқату барысында тауып, атажұрттағы ағайындарымен табыстырған. Аманбек мырза Шу қаласында тұратын екі қарындасын да ерте келіпті.
– Тегіміз – Балғынбаев. 1937 жылы атамыз өзін, ұрпағын сақтап қалу үшін тегін ауыстырса керек. Қазір Қырғызстанның Соқылық деген қаласында тұрамыз. 12 немерем, 3 шөберем бар. Бәрі Қырғызстанда. Бүгін жоғалтқанымызды тауып, қуанып жатқан жағдайымыз бар, – деді Аманбек Әшімов.
Қазақ күресінен 82 келі салмақ дәрежесінде I орын Тараз қаласынан келген Бекәділ Шаймерденовтің еншісінде. Бірінші орынға автокөлік берілді. II орын Бұқар жырау ауданынан келген Данил Кместиковке, III орын семейлік Ерзат Арғыновқа бұйырды. Абсолютті салмақта шымкенттік Ерсұлтан Мұзапаров топ жарып, темір тұлпар ұтып алды. Тараздық Ғалымжан Қырықбай II орынды, Абай ауданынан келген Айдар оңайбеков III орынды иеленді.
Садақ ату жарысына 15 өңірден 135 мерген қатысты. Батыс Қазақстан облысынан келген Мұрат Лұқпанов көп ұпай жинап, жеңіс тұғырынан көрінді. Оған 1 млн теңге көлемінде қаржылай жүлде берілді. II орын астаналық Ербол Тапеновтің, III орын алматылық Әлібек Еламанов пен Абай облысынан келген Әділет Исмурзиннің қанжығасында.
Құнан бәйгеде «Шалқұйрық» деп аталған қарағандылық тұлпар шашасына шаң жұқтырмады. Топ бәйгеде Орал қаласынан келген «Хан күрең» деп аталатын жүйрік мәре сызығына бірінші жетті. Ал, аламан бәйгеде Шет ауданының атынан қосылған «Бақторы» деп аталған жүйрік топ жарды.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»