Приозерск

Өткенді білу – болашаққа бағдар

Бүгінгі таңда еліміздің архивтерінің барлық қорларында тек құжаттар ғана емес, ата-бабаларымыздың әулеттік шежіресі де сақталуда. Архив құжаттарының тарихи дерек ретінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері мол екендігі – айтпаса да түсінікті. Өйткені, кейінгі толқын – жастар мен болашақ ұрпақ өткен тарихты білу үшін архив құжаттарына сүйенеді. Архив құжаттарын тиімді пайдалану арқылы ел тарихындағы кейбір жалтарып қалған шындықтың бетін ашуға мүмкіндік туады.

Архивте сақталатын құжаттар жиынтығын бір арнаға тоғыстыру қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады. Іс қағаздарының  саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Мемлекет, республика, қала, кәсіпорын, ұйым, мекеме тарихын жазғанда іс қағаздары ақпараттың таптырмас қайнар көзі бола алады. Архив қоры құжаттарды, фактілерді, оқиғаларды, қоғам өмірінің құбылыстарын дәлелдейтін айғақ қызметін де атқарады. Іс қағаздары – басқару қызметіндегі негізгі бір сала. Ұйымдар мен мекемелердің, кәсіпорындардың қызмет етуі барысында шығарған түрлі шешімдері, басқару істері, атқарған қызметі іс қағаздарынан айқын көрінеді. Сондықтан халық шаруашылығын басқаруды жетілдіруі, ұйымдастыру деңгейін көтеру, онда архивтегі құжаттармен жұмыс істеудің қаншалықты ғылыми негізделгеніне тікелей байланысты. Іс қағаздарын жүргізу – басқару процесінің ажырамас бөлігінің бірі. Мекемелер арасындағы ақпарат алмасу хат, жеделхат, телефонхат сияқты архив шегіндегі құжаттар арқылы жүзеге асады.

Облыстық архивтің құрылу мерзіміне көз жүгіртсек, ол – 1937 жылғы 19 желтоқсан. Бүгінде Қарағанды облысының дерлік барлық аудандары мен қалаларында архив ісі бойынша мекемелер жұмыс істейді. Оның алдының құрылғанына 100 жылға жуықтаған, тәжірибесі мол және құжаттар қоры бай архивтер. Приозерск қаласының мемлекеттік архиві – облыстағы ең жас архив деуге болады. Бұрынғы Кеңес өкіметі кезінде жалпы КСРО-ның қарамағындағы қала аталмыш жүйе құлағасын әуелі сол кездегі Жезқазған облысына, кейін Қарағанды облысына берілгені белгілі. Приозерск қаласының мемлекеттік архиві 1995 жылғы 8 тамызында Приозерск қаласы әкімінің шешімімен құрылды. 2015 жылы 20 жылдық мерейтойын атап өткен мекеменің құжаттар қоры бүгінде молая түсті. Қаланың біраз тұрғындарын Ресей Федерациясының азаматтары құрайтындықтан және олардың туған жері мен қызметтік кезеңдері  Ресей аймақтарында болғандықтан, сол жақтың архив қызметімен де тығыз қарым-қатынаста болуға тура келеді. Архив қызметкерлері ресейліктердің өтініштерін орындауда үлкен еңбек етуде, һәм олардың алғысын алып, ризашылығына бөленуде. Қаланың басым көпшілігі 1995 жылы осында қоныс тепкен қандастар мен еліміздің әртүрлі аймағынан көшіп келген отбасылар болғандықтан, олар да бұрынғы қоныстарынан жеке бастарына қажетті құжаттарын алдырып беруге өтініш білдіріп жатады. Олардың да сөзі жерде қалмай, хал-қадерімізше қызмет көрсетіп отырамыз.

Қаламыздағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлерінің, Ауғанстан соғысы ардагерлерінің, қаланың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген құрметті азаматтар мен азаматшалардың, ақындар мен өнер адамдарының өнегелі өмірін болашақ ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында олардың еңбектерін, суреттері мен бейнетаспаларын архивтің жеке тектік қорына сақтап қалу қолға алынған. Архив қызметкерлері жеке тектік қордағы құжаттардан айтулы күндері көрмелер ұйымдастырып, олардың өнегелі істерін кейінгі жастарға патриоттық тәрбие беруге пайдалануды дәстүрге айналдырған. Бүгінгі таңда архивтің жеке тектік қорында –  20767 іс тұрақты сақтауда.

Құжаттандыру ісін одан әрі жетілдіріп отыру мақсатында архив қызметкерлері мекемелер мен ұжымдарда оқу-семинарларын, мәжіліс-семинарлар, дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізіп, мекемелер мен кәсіпорындарға әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Облыстық, қалалық газеттерге архив қызметінің барысы жайында жүйелі түрде мақалалар мен ақпараттар жариялап отырамыз. Архив ұжымы қаланың қоғамдық өміріне белсене араласады және семинарларға, мерекелік іс-шараларға және салтанатты жиындарға қатысып отырады. Архившілердің қаланың өркендеуіне, қоғамдық мәдени-көпшілік шараларға қатысып жүрген еңбектері ескерусіз қалмай облыс және қала әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып келеді.

Жолмұрат КЕҢЕСОВ,

«Приозерск қаласының мемлекеттік архиві» КММ басшысы.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button