Өткен жылы қатты желден 278 нысан зақымданған
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше өткен 2023 жылы Қарағанды облысында қатты желдің салдарынан жеке және заңды тұлғалардың 278 нысаны зақымданған. Жел жұлған шатырлардың жалпы ауданы 50 000 шаршы метрден асады. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта жел күшінің өзгеруі циклондық белсенділікке байланысты. Қазақстанда, сондай-ақ Қарағанды облысында белсенді атлантикалық және оңтүстік циклондардың әсерінен биылғы қыста боран да, жауын-шашын да мол болады.
– Биыл қыста Қазақстанда тұрақсыз ауа райы басым болады. Бұл белсенді атлантикалық және оңтүстік циклондардың, сондай-ақ атмосфералық фронттардың елдің орталық бөлігі арқылы жиі өтуімен байланысты. Циклондар әдетте жауын-шашынның қарқындылығымен, желдің күшеюімен, сондай-ақ қарлы боранмен, тұман және көктайғақпен байланысты, – дейді«Қазгидромет» РМК мамандары.
Төтенше жағдайлар департаменті қатты жел қаупі кезінде балаларды қараусыз қалдырмауға, төтенше жағдайларға қажетті заттарды дайындауға, көшеге шықпауға, көліктерді ағаштардан, электр желілерінен және басқа да құлауы ықтимал қауіпті объектілерден алыс, қауіпсіз орындарға қоюға кеңес береді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.