Өткен күннен сыр шерткен
Қарағанды жол бөлімшесінің мұражайы Сұрыптаудағы Теміржолшылар сарайына келген азаматтарды өткен күнге жетелейді. Тарихтың тамыры болған жәдігерлер осы жерде сақталған. Мұражай «ҚазКөлікКәсіп» Қарағанды филиалына қарайды. Төрағасы – Яхия Әлмусин.
Мұражай жәдігерлері негізінен теміржолшылар мен Қарағанды – Сұрыптау станциясындағы зейнеткерлердің күшімен жинақталған. Мұражай қорында теміржолшылардың ерен еңбегі туралы 450-ден астам жәдігер мен альбом бар. Құндылығы арта түскен мұра Ақмола-Қарағанды жолының құрылысы аяқталғаннан бастап, Қарағанды станциясына келген алғашқы пойыз Қарағанды жол бөлімшесінің пайда болу және даму тарихын баяндайды.
Сонымен бірге, соғыс ардагерлеріне, облысқа танымал теміржолшыларға арналған стендтер орнатылған. Барлық жәдігерлер мұқият сақталған, оның ішінде 1970-1977 жылдары Қарағанды жол бөлімшесін басқарған Михаил Дидиктің жұмыс киімі, қалпағы, жазу материалдары, кеншілердің сыйлықтары да тұр.
Оған қоса, мұражайда паровоз, VL80S электровозының, жолаушылар вагоны макеттерін, Ақадыр станциясы мен оған жақын орналасқан теміржолдардың, балалар теміржолының, электрленген желі макеттерін көруге болады. Жезлдік аппарат, теміржолшылардың жұмыс құралдары, сигнал шамдары, машинисттің құрал қорабы (дауылпаз) және басқа да заттар көз тартады.
– Мұражайда көрме, экскурсия жиі өткізіледі. Оған теміржол кәсіпорындарының қызметкерлері, жергілікті мектеп оқушылары, салалық оқу орнының студенттері және теміржол тарихына қызығушылық танытатындар келіп, қызықтайды, – дейді музей менеджері Татьяна Колузаева.
Татьянаның айтуынша, ол Қарағанды жол бөлімшесінің 50 жылдығына орай ұйымдастырылып, 1989 жылы желтоқсанда сол кездегі Қарағанды жол бөлімшесінің бастығы Юрий Расстрыгиннің басшылығымен ашылған.
Жәдігерлер сөйлесін. 1920 жылы 5 тамызда Халық Комиссарлар Кеңесі Орталық Қазақстанға теміржол желісін салу туралы шешім қабылдады.
1931 жылдың 31 қаңтары Ақмола-Қарағанды учаскесінің құрылысы аяқталып, Қарағанды станциясына алғашқы пойыз келді. Машинист – Николай Долгонцев. Ұзындығы 223 шақырым болатын теміржол төселді.
1933 жылы 55 шақырым торабында – Қарағанды-Сұрыптау станциясында – Қарағанды локомотив депосының негізі қаланды.
1939 жылы 3 желтоқсанда Қарағанды теміржол бөлімі құрылды.
Қарағанды жол бөлімшесінің бірінші басшысы – Леонид Сущенко.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлеріне арналған қабырғада осы бөлімшеден әскерге шақырылған 525 теміржолшы туралы дерек те бар. Олардың көпшілігі майданнан оралып, теміржол кәсіпорындарында абыроймен еңбек етуді жалғастырған…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.