Жаңалықтар

Өткен күндер белесі

Отан алдындағы мінсіз қызметтегі әскери қызметшілер жыл сайын 7 сәуір – Еске алу күнін атап өтеді. Дәл осыдан 27 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасындағы орын алған қарулы қақтығысқа қатысқан қазақстандық 17 жауынгердің мерт болып, отыздан астамының ауыр жарақат алғаны белгілі. Тарих бетінде қатталып, ерлік пен өрлік сынға түскен күнін еске алу әрине, баршамызға оңай түспесі анық. Бір кездері қолдарына қару алып тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен жауынгерлердің үшеуі бүгінгі бейбіт күнде, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 06708 әскери бөлімінде өздеріне берілген әскери міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Солардың бірі – майор Нұрзат ЕСМАХАНБЕТОВ.Нұрзат Қуанышұлы 1976 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданына қарасты Келес ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Ауылдағы онжылдық орта мектепте білім алып, өзінің туып-өскен ауылының гүлденуі мен өркендеуі мақсатында жұмыс істейді. Механизатор болып жұмыс істеп жүрген кәмелет жастағы Нұрзат 1995 жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, қазіргі Алматы облысының Үшарал қаласындағы шекарашылар тобындағы жеке құрам санын толықтырады. Сол әскери ортада 3 ай курстық дайындықтан өтіп, кіші сержант әскери атағын иығына тағады. Гарнизондық және қарауылдық қызметті атқаруға қатысады. Сонымен қатар, әскери бөлімнің жанынан жаңадан шоғырланған бітімгершілік қосалқы топтың арнайы жасақталған батальонына қабылданып, тағы 3 ай оқу-жаттығу дайындық курсынан өтеді. Сынақтан сүрінбей өткен жауынгер Н.Есмаханбетов 1996 жылы ұшақпен Алматы облысындағы Боралдай әскери әуежайынан арнайы топ құрамымен бірге Тәжікстан Республикасының астанасы – Душанбе қаласына бет алады. Жалындаған жастық шақтағы жауынгерлер ұшақтан түсе салып, жүк тасушы тікұшаққа отырғызылады. Көкке көтерілген тікұшақ екі сағат уақыт шамасында Памир тау шатқалын бойлай отырып, тәжік-ауған шекарасындағы орын алған қарулы қақтығыстың ұрыс алаңынан бір-ақ шығады. Тәжікстан Республикасының Джавай поселкесіне жеткен жауынгерлерді әр жердегі белгіленген бекеттерге орналастырады. Электр жарығы мүлдем жоқ, маңайдағы үрейлендірген мылтықтың даусы, түнгі күзет кезіндегі қараңғы тау жоталарымен жүріп өту шынымен де жаңадан келген жауынгерлердің әскери өмірі мен жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында біршама қиындықтарды туғызғандығы ақиқат.

Өткен күндер белесін көз алдында бір жүгіртіп өткен ержүрек жауынгер Нұрзат Қуанышұлының өзі: «Біз биік те, қауіпті тау шатқалдарында жаумен алыса жүріп, өзіміздің Отан алдындағы қызметімізге адал болуға тырыстық. Күн сайын әр түрлі оқиғалар орын алып жатады. Басты мақсатымыз – экстремистік топтың жолын кесу, нашақорлық пен қару-жарақ сату саудасына жол бермеу болды» – деп еске алады.

1997 жылы еліне аман-есен оралған Нұрзат көрші Қырғыз Республикасындағы мерзімдік қызметтен жоғары саналатын әскери қызметке орналасып, байланыс торабы батальонында старшина лауазымдық қызметін атқарады. 1998 жылдың мамыр айында Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласындағы жоғарғы әскери ұшқыштар училищесіне оқуға түседі. Аталған әскери оқу орнында білім алып жүрген курсант Н.Есмаханбетов Қырғызстанның Баткент жеріндегі қырғыз-тәжік арасындағы шиеленісті оқиғасын тоқтатудағы топ қызметтеріне де қатысқан екен. Әскери оқу орнын 2001 жылы «лейтенант» әскери атағымен бітіріп шығады. Лейтенант Нұрзат Есмаханбетов сол жылы Бішкек қаласындағы Тәртіптік батальонында аз уақыт қызмет атқарады.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, Жамбыл облысының Отар станциясындағы Тәртіптік батальонында қызмет атқарады. Бұл жерде әскери қызметін взвод командирінен бастаған лейтенант Н.Есмаханбетов рота командирі лауазымына дейін көтеріледі. 2010 жылы қызмет бабымен Приозерск қаласында орналасқан 06708 әскери бөлімінің жөндеу ротасының командирі қызметіне ауыстырылады.

Қазіргі таңда майор Н.Есмаханбетов 06708 әскери бөліміне қарасты бір құраманың штаб бастығы қызметін абыроймен атқарып жүр. Үйленген, отбасында жұбайы Мәдинамен бірге 2 ұл, 1 қызға өнегелі тәрбие беріп келеді. Бір қызығы, ұлдары Ислам мен Мүсілім тез ер жетіп, әскер қатарындағы сарбаз болуды аңсап жүрсе, кенже қызы Айша әке жолын қуып, нәзік жанды әскери адам болуды армандайды екен.

Ендеше, ардагер аға Нұрзат Қуанышұлының отбасына бақыт тілей отырып, армандар орындала берсін демекпіз!

Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button