Тиын
Ықылым заманда әуелі қағаз ақша емес, металл ақша болған. Көк түркілер алтын, күміспен саудаласқан. Еуропа темірді қолданған дейді қария тарих. Болса – болар. Жер қойнауынан табылып, төрткүл дүниені таңқалдырған Алтын адамдарымыздың киген киімі, ұстаған қаруы, тегіс алтынмен апталыпты («Найзасының ұшы алтын…» Бұқар жырау). Менің ауылымнан (Кент тауының етегі) табылған Сақ батырының алтын моншақтармен әдіптелген сауытын көрдім. Әлкей Марғұлан өз ғұмыры жетпей, соңында қалған шәкірттеріне аманаттап кеткен қорым екен. Алматының Есік қорымынан табылған Алтын адамнан біздің Кентте жерленген Алтын адам жүз жылдай бұрын дәурен сүріпті. Сол қорымды ашқан археолог Арман Бейсенов бауырым Алтын адамның сом алтыннан құйылған белдігінің тоғасын қолыма ұстатып тұрып: «Бабаларыңнан қалған тәбәрік қой. Мәке, бірінші Сіз алақаныңызға алыңызшы» – деді.
Сом алтынды қос уысыма алған бетте арқамды тер жауып кетті. Сонау Сақ дәуіріне өтіп кеткендей болдым. Бұл жауһар жәдігер Қарағанды музейінде тұр. Көз суарып қарай аласыз.
Алтын мен күмісті сапырып жүрген атам қазақтың «Құның – көк тиын» дейтіні содан.
Көбе бұзар көк сүңгісінен көк ине қалғанша басын өлімге тігіп, мың қолға қарсы қаймықпай жалғыз шабатын Абылай, Қаракерей Қабанбай, Батыр Баян, Кенесары, Ағыбай, Наурызбай бабаларым-ай!
Сол ақкөз батырлардың ұрпақтары ұсақ-түйек тиын-тебенге айналып бара ма?!! Қауіптенген соң айтамын да!!!
Мағауия СЕМБАЙ