Тіршілік көзі: экологиялық тепе-теңдік
Су – тіршіліктің бастауы. Десек те, төнер қатер де жоқ емес. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезеңінде табиғаттың тосын мінезімен күресу тыңғылықты дайындық пен кәсіби үйлесімді қажет еді. Осы ретте облыстағы су қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Қарағанды су қоймалары» КМК мамандары тасқынға қарсы кешенді шараларды іске асырып, 2025 жылғы су тасқыны маусымын сәтті еңсерді. Экологиялық жауапкершілік, заманауи технологиялар, өз ісіне адал мамандар – табиғатпен тепе-теңдікті сақтау жолындағы басты күшке айналды. Өйткені, су қоймаларының жай-күйін бақылау, алдын алу шараларын жүйелі іске асыру, экологиямен үндес өмір сүру – кәсіпорын қызметінің басты қағидаларының бірі.

Кешенді жұмыс – нәтижеге кепіл
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қарағанды су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бүгінде облыс аумағында орналасқан 61 су шаруашылығы нысанын сенімді түрде басқарып, олардың қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Бұл нысандардың ішінде 18 су қоймасы каскадтық режимде жұмыс істейді, 19-ы орманды және таулы аймақтарда орналасқан. Ал, 41 нысан елдімекендердің іргесінде немесе тікелей ішінде (100 шаршы метрден шақырымға дейінгі аралықта). Көптеген нысандар 1943 жылдан 1980 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Яғни, олардың қызмет ету мерзімі 40 жылдан 80 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Аудандық коммуналдық меншіктен облыстық меншікке берілетін нысандар саны жылдан-жылға артып келеді.
Қарағанды су қоймалары көктемгі тасқын кезеңіне тыңғылықты дайындық жүргізіп, 2025 жылдың көктемінде су тасқынын қауіпсіз болуын қамтамасыз етті. Бұл жұмыс тек алдын ала шаралармен шектеліп қоймай, өңірлік деңгейде әріптестік пен заманауи технологияларды енгізу арқылы жүзеге асты.
Техникалық ахуал жіті бақылауда
Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның басты міндеті – көктемгі су тасқыны кезеңінде гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта жыл сайын су тасқыны өткеннен кейін аудандық және қалалық төтенше жағдайлар бөлімдерімен, ауылдық округтер мен аудан, қала әкімдіктерімен, сондай-ақ, Нұра-Сарысу, Балқаш-Алакөл, Ертіс бассейндік инспекцияларының мамандарымен бірлесіп, комиссиялық тексерулер жүргізіледі. Бұдан бөлек, техникалық бақылау, кезеңдік тексерулер, геологиялық барлау, батиметриялық және топографиялық түсірілімдер, су қоймаларының түбін механикалық тазалау, су тастайтын арналарды ретке келтіру, қорғаныш үйінділерді салу және басқа да инженерлік шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, аудандық меншіктен облыстық меншікке қабылданатын әрбір нысан бойынша жергілікті атқарушы органдармен кеңестік жұмыстар жүргізіледі.
2025 жылғы су тасқыны кезеңінің алдында кәсіпорын теңгеріміндегі 60 су шаруашылығы нысанын кешенді тексеруден өткізді. Су деңгейін бақылау, арналарды тазарту, бөгеттердің техникалық жағдайын бағалау және қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылды.
Сала мамандары бірлесе отырып, автоматты су өткізгіштер, су ағарлар және кірме жолдарды қоқыстан тазартып, шлюз-реттегіштердің жұмыс қабілеттілігін тексерді. Бос сыйымдылықты нақтылау, су тасқыны алдындағы комиссиялық тексеру, диспетчерлік қызметтің тәулік бойы жұмыс істеуі сияқты маңызды шаралар тұрақты бақылауда болғанын атап айту керек.
Үйлестірген ұтады
Салааралық өзара іс-қимылды нығайту мақсатында «Қарағанды су қоймалары» КМК басқа өңірлердің су шаруашылығы мамандарымен тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар кездесу өткізді. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлері республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуларына қатысып, қырағылық танытты.
Аталған оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығы мен әртүрлі қызметтердің өзара іс-қимылы пысықталды. Құтқару жұмыстары, қорғаныс құрылымдарын орнату, су деңгейінің көтерілуіне жедел әрекет ету секілді міндеттерді орындау тәжірибесі жинақталды.
Кәсіпорын техникалық және ұйымдастырушылық істермен ғана шектелмей, экологиялық мәдениетті насихаттау бағытында да белсенді жұмыс атқарып келеді. Атап айтсақ, «Таза Қазақстан», «TazaLike», «Таза су айдындары» сияқты ауқымды экологиялық акциялары аясында кәсіпорын теңгеріміндегі барлық су қоймаларының маңында сенбіліктер өткізді. Бұған Нұра-Сарысу балық инспекциясы және жастар ұйымдары атсалысты. Бірлескен күшпен су қоймаларының жағалауы тазартылып, халық арасында табиғатты қорғау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Қарағанды су қоймалары» КМК су қоймалары мен бөгеттердің маңында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар алдын алу шараларын жүргізуде. Жергілікті атқарушы органдармен және төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп, рейдтер ұйымдастырылады. Мектеп оқушылары мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Қарағанды су қоймалары» КМК басшысы Мира Махатчина суға шомылу кезінде тұрғындардың жауапкершілік танытуын сұрайды.
– Қауіпсіздік – әр адамның басты жауапкершілігі. Біз өз тарапымыздан барлық шараны қабылдаймыз. Десе де, әр тұрғынның саналы әрекеті қауіпсіздікке кепіл, – дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде 2025 жылғы көктемгі тасқын кезеңі қорытындыланып, алынған тәжірибе негізінде келесі кезеңге дайындық жұмыстары басталып та кеткен. Атап айтқанда, гидротехникалық құрылғылардың негізін нығайту және тегістеу, гребеньді нығыздау, су жағындағы және құрғақ беткейлерді нығайту, опырмаларға, жарықтар мен шөкен тұстарға (соның ішінде қолмен) топырақ төсеу және нығыздау жұмыстары. Бұл жұмыстардың барлығы гидротехникалық нысандардың сенімділігі мен ұзақмерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап айту керек.
2025 жылға арналған негізгі жұмыстардың қатарында 6 су нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, 4 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Ал, 9 нысан техникалық тексерісте. Жыл соңына дейін тағы 3 нысанда осындай жұмыстар жоспарланған.
Технология – ілгерілеуге сеп
Қазіргі заманғы технологияларды қолдану кәсіпорын жұмысын жаңа деңгейге шығарып отыр. Мәселен, су айдындарының тереңдігін, түбінің бедерін және гидрологиялық параметрлерін зерттеу үшін ұшқышсыз су үсті аппараты қолданылды. Бұл аппараттың көмегімен алынған мәліметтер шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Су нысандарын басқаруды тиімді етеді.
«Қарағанды су қоймалары» КМК басшысы Мира Махатчина көктемгі тасқын маусымының қорытындысы мен болашақ жоспарларға қатысты деректермен бөлісті.
– 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп, өз міндетімізді толық орындадық деп есептейміз. Су қоймаларының қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету – күнделікті жұмысымыздың басты мақсаты. Қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру, техникалық жарақтандыру, экологиялық жауапкершілік – барлығы бір арнада тоғысып, ортақ мақсатқа жетелейді. Қазірдің өзінде 2026 жылғы су тасқынына дайындықты бастадық. Әркез тұрғындардың және табиғаттың қауіпсіздігі үшін жұмыс істейміз, – деді ол.
Жалпы алғанда, «Қарағанды су қоймалары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқарып жатқан ауқымды жұмыстар Қарағанды облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне, су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Жыл сайын кеңейіп келе жатқан нысандар тізімі кәсіпорыннан жүйелі жоспарлау мен жергілікті басқару органдарымен тығыз әріптестікті талап етеді.
2025-2026 жылдарға арналған стратегиялық міндеттер аясында күрделі жөндеу, техникалық зерттеу және жобалау жұмыстары белсенді жүргізіліп, су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық қамтамасыз етілуде. Бұл жұмыстар кәсіпорынның жоғары кәсібилігін дәлелдей отырып, еліміздің басқа өңірлеріне үлгі болатын тиімді басқару тәжірибесі ретінде танылуда. Алдағы уақытта кәсіпорын инфрақұрылымды жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру және су ресурстарын басқарудың тиімді, экологиялық әрі қауіпсіз жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»