Жаңалықтар

Әтір иісінің сиқыры

Теміртау тарихи-өлкетану мұражайындағы «Әтір әлемінде» атты көрмеден осыдан он жыл бұрын әйел-қыздардың қандай парфюмдерді ұнатқанын білуге болады. Аталған интерактивті инсталляция халық­аралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Экспозицияға қала тұрғындары сыйлаған әтір үлгілері топтас­тырылды.

– Мұражайда бірнеше жылдан бері әр уақыт кезеңіне байланысты әйел-қыздарға арналған жоба жұмыс істеп келеді. Бұл жолы мұражай қорынан әйелдер әтірінің коллекциясын ұсындық. Экспозиция – шағын, небәрі – тоғыз хош иіс. Бірақ, оларды жинауға бірнеше жыл уақыт жұмсадық. Бәрін қала тұрғындары табыстады. Көрме Теміртаудың тарих залында орналастырылды, – деді көрме жетекшісі, аға ғылыми қызметкер Татьяна Хмелева.

Әрине, мұнда Chanel №5 танымал иіссуының сауыты да бар. Дерекке сүйенсек, әлемдік кино жұлдызы Мэрилин Монроның сүйікті хош иісті иіссуы болған сауыт 10 жыл бұрын сатып алынған.

Ал, бір кездері танымал болған «Қызыл Мәскеу» иіссуының шыққанына 30 жылдан асты. Аға буын осы парфюмнің гүл-шегендік шлейфін есінде сақтап қалғаны анық.

Сонымен қатар, көрмеге келушілердің мұндағы хош иіс­ті әтірлердің пайда болу тари­хымен танысуға да мүмкіндігі бар.

Экспозициядағы «Болгар раушаны» атты парфюмерлік эссенция да кездейсоқ қойылмаған. Теміртауда металлургия­лық комбинат құрылысында жұмыс істеген болгарлар металлургтер қаласына бірнеше рет келіп, кәдесый ретінде раушан майы салынған құтылар әкеліпті.

Бұдан бөлек, көрмеден Ригадағы Dzintars фабрикасының хош иістерін де кездестіресіз.
Көрме-инсталляция Наурыз мерекесіне дейін жалғаспақ.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button