Жаңалықтар

Тілсіз жаумен күрес жалғасуда

Ұлытау өңіріндегі өрт барша қауымды алаңдатып отыр. Тілсіз жауды тыюға бар күш жұмылдырылды. Ұлытау ауданында 12 от ошағы тіркелген. «Шеңбер және Амангелді ауылдарының аймағында өрт сөндірілді. Байқоңыр ауылының жағдайы қиын» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. Ал, бұған дейін Ұлытау ауданының үш ауылдық округіндегі дала өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланған. Шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді баспасөз қызметі.

Сейсенбі күні облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өрт шыққан өңірлердегі жағдайды арнайы барып көрді. Бұл туралы аймақ басшысы 6 шілдеде Facebook парақшасында баяндады.

«Сағат 10:00-де Шеңбер ауылдық округінде болдым. Мұнда дала өртінің тағы бір ошағы тіркелді. Өрт Қостанай облысы жағынан келді. Оқиға орнында өрт сөндірушілер және орман шаруашылығының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Елді мекенге төніп тұрған қауіп жоқ. Сондай-ақ, әуеден Амангелді ауылдық округіндегі жағдаймен таныстым. Мұнда түнде өрт болды. Қазір өрт ошағы толықтай сөндірілді. Ұлытау ауданы бойынша барлығы 6 өрт ошағы бақылауға алынған. Оның ішінде төрт дала өрті және екі өрт ошағы бар. Сәтбаев қаласы маңындағы өрт ошағы сөндірілді. Ал Борсеңгір ауылының маңындағы өрт ошағын өшіру жұмыстары аяқталу сатысында. Қауіпті учаскелерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан әкімдіктер 20 тонна көлемінде жем-шөп пен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды», – деп жазды облыс әкімі.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров әкім тапсырмасымен Ұлытау ауданына жедел ұшты.

Біз облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ұлытау ауданына ұштық. Өрт ошақтарын қарап шықтық. Өрттің пайда болу себептерінің бірі – найзағай. Өрттер тәулік бойы сөндірілуде. Негізгі күштер Байқоңыр ауылына бағытталған, – деп баяндады Серік Шайдаров.

Өртпен күресу үшін 266 адам мен 42 арнайы техника жұмылдырылды. Жанар-жағармай Жезқазған мен Сәтбаев қалаларынан қамтамасыз етілген.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, табиғи өртпен күрес жалғасуда. 7 шілдедегі жағдай бойынша 24 ошақ бақылауға алынды. Оның ішінде, екі дала өрті мен 14 өрт сөндірілді.

«Күштер мен құралдар жеткілікті. Жалынды жою жұмыстарына мыңға жуық адам мен 184 техника жұмылдырылды. Ұлытау ауданында, Жангелді және Ақтас ауылдық округтерінде құтқарушылар өртпен күресуді жалғастыруда. Табиғи апатты жоюға 370 адам мен 45 техника жұмылдырылды.

Өрт сөндіру жұмыстары Шеңбер және Амангелді ауылдық округтерінде де жүріп жатыр.

Алтыншы шілдеде Жаңаарқа ауданында екі, Ақтоғай және Шет аудандарында бірбірден дала өрті болды», – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button