Шет ауданының Ақой ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл тілсіз жаумен тынымсыз күресу мақсатында ашылған аудандағы үшінші өрт сөндіру бекеті.
Ақой ауылында шамамен 700-дай тұрғын бар. Аталмыш бекет Ақой ауылын ғана емес, сонымен қатар жақын маңда орналасқан ауылдық округтерді де өрттен қорғауды қамтамасыз етпек. Тәулік бойы жұмыс істейтін бекетте ауысым бойын¬ша 6 адам қызмет атқаратын болады. Жұмысқа ауыл тұрғындары алынған. Олар тек тілсіз жауды құрықтауға ғана емес, сондай-ақ аймақта болып жатқан басқа да төтенше жағдайларды жоюға қатысып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеді.
Өрт сөндіру бекеті Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінен берілген өрт сөндіру автокөлігімен, кезекшілер отыратын жылыжаймен, автокөлік тұратын бокспен, телефон байланысымен қамтамасыз етілген.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ