Жаңалықтар

Тілсіз жауды тізгіндеудің тың тәсілі

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби дайындық деңгейін арттыруға арналған жаңа жаттығу нысаны пайдалануға берілді. Арнайы оқу камерасы өрт кезіндегі ең қауіпті жағдайларды тәжірибе жүзінде пысықтауға мүмкіндік береді деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сурет облыстың ТЖ департаментінен

Мамандардың айтуынша, жаңа кешенде қызметкерлер түтін басқан кеңістікте әрекет ету, жоғары температура жағдайында жұмыс істеу, ашық жалынмен және күшті жылу ағынымен күресу сияқты күрделі жағдайларға бейімделеді. Жаттығулар барысында құтқарушылар өрттің өршуін дұрыс бағалауды, сондай-ақ, жабық кеңістікте жалынмен тиімді жұмыс жүргізу тәсілдерін меңгереді.

Оқу камерасы теңіз контейнерінің негізінде жасалған. Оның ішкі құрылымы екі бөлікке бөлінген: бірі – жаттығу алаңы, екіншісі – техникалық аймақ. Камера ішінде өрт жағдайына барынша ұқсас орта қалыптастырылып, құтқарушылар шынайы жағдайға жақын ортада тәжірибе жинақтай алады.

Жаттығулар кезінде өрт шыққан бөлмеге кіру, тар кеңістікте қозғалу, өрт сөндіру құралдарын тиімді пайдалану сияқты негізгі әрекеттер пысықталады. Сонымен қатар, мамандар жану кезінде бөлінетін газдардың кенет тұтану қаупін болдырмау тәсілдерін үйренеді.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, мұндай оқу кешендері құтқарушылардың физикалық төзімділігін арттырып, жоғары температура жағдайына бейімделуіне және психологиялық тұрғыдан шыңдалуына мүмкіндік береді.

Жаңа жаттығу камерасының іске қосылуы құтқару бөлімшелерінің тәжірибелік даярлығын күшейтудегі маңызды қадамдардың бірі саналады. Енді облыс құтқарушылары төтенше жағдайларға барынша жақын жағдайларда тұрақты түрде жаттығып, кәсіби шеберліктерін жетілдіре алады.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button