Тілсіз жауға – қырағы назар

Қарағандылықтар көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтті. «Қазсушаруашылығы» РМК, «Қарағанды су қоймалары» КМК өкілдері сақтық шараларын қолға алды. Бұл жөнінде Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Су тасқыны кезеңінде қауіп аумағына кіретін елді мекендерді, теміржол, автокөлік көпірлері мен жолдарын, сонымен қатар, тікелей қауіп төндіретін су шаруашылығы құрылғыларын анықтап, олардың тізімдерін жасап, әзірлігін пысықтауда. Қарағанды облысындағы кей елді мекен тұрғындары су тасқыны қаупіне дайындықты ерте бастаған. Біреулері аула, қорасындағы қарды аулаққа тасып, арық қазып жатса, енді біреулері үй шатыры сияқты биіктеу жерлерге заттары мен жиһаздарын көшіріп, су жайылса қорадағы малды айдап апаратын орын қарастырып отыр.

Бүгінде Самарқанд су қоймасындағы су деңгейі қадағаланып отыр. Су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 200 млн. теңге жұмсалған. Сондай-ақ, Теміртау қаласының жедел қызметі Нұра өзенінен өтетін жолды уақытша жабу сияқты іс-әрекеттер жасалады. Өйткені, су шайып кетуі ықтимал. Жолды жапқан жағдайда жолаушылар айналма жолмен қатынай алады. Әзірге, «Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша болжамдар жақсы. Бірақ, біз қайтсек те ең қауіпті жағдайларға дайын болуымыз керек. Ол үшін облыс бірқатар шаралар өткізіп жатыр, – дейді Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, биылғы жылы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына бюджеттен 2 млрд. 250 млн. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа су тасу қаупі бар өзендерді тазарту және арналарын түзеу көзделген. Облыста қазірдің өзінде басқалардан ерекше су тасқыны қаупіне ие елді мекендердің маңдарында 25 шақырым бөгет салынған. Олар Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарында орналасқан. «Жол картасы» шеңберінде бұл үйінділер 6 ауыл мен кенттерде салынған, сонымен қатар қосымша 7 елді мекенде жол картасынан тыс салынды. Аймақтың төтенше жағдайлар қызметі 5 наурыздан бастап, жоғары дайындық режиміне көшіп, жедел штаб тәулік бойы жұмысын жалғастыруда. Елді мекендерде Төтенше жағдай бөлімшелерінің қызметкерлері мен аудан әкімдігінің өкілдерімен бірігіп, рейдтер ұйымдас­тыруда. Бүгінгі мәліметтерге сүйенсек, қаланың 10 көшесімен 30 жеке үйді су алу қаупі бар. «Қазгидромет» мәліметінше, сәуір айының басында күннің жылынуына байланысты су деңгейінің күрт көтерілуі және су тасқыны күтіледі.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.