Тіліміз қайтсек төрге озбақ?
«Мемлекет халқын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын, ұлтты ұлт ретінде ұйытып, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал – тіл» деп Ата Заңымызда жазылған. Мемлекеттік тілді мойындамаған, сол тілде сөйлемеген халықты біріктіру – дүдәмал дүние. Ол халықтың, елдің азаматы болғанымен, патриоты болады дегенге сену – қиын. Меніңше, қазір олардың басын біріктіріп отырған – Қазақстанның экономикасы, байлығы.
Менің намысымды оятып, көкейімдегіні айтқызуға себеп болған – «Орталықта» жарияланған Қызғалдақ Айтжанованың («Өз жерімізде өгейдің күйін неге кешеміз?» 20.10.2016) және Темірғали Көкетаевтың («Тақиямызды төбеге атқанда». 10.11.2016) мақалалары. Н.Оразбековтің мектебінен өткен, үлгі-өнегесін алып өскен, көзін көрген немесе сырттай жақсы таныс қазіргі қалыптасқан журналистердің қолындағы нені болса да тура айта алатын, жеткізе алатын «Орталық Қазақстанға» мың да бір рахмет! Темірғали Көкетаев ащы шындықты ашып салды. Ана тіліміз туралы және орыс мектептеріндегі қазақ бастауыш сыныптардың босқындар секілді қаңғып жүргенін жан-тәнімен жеткізді бізге. «Оян қазақ!» деп тұрған жоқ па?!
Енді орыс мектептеріндегі қазақ бастауыш сыныптарын бітіргеннен кейін сол мектептің өзінде қалдырып оқуын жалғастыра беруге мүмкіндік жасау керек деп ойлаймын. Бір мектепке қалыптасқан, бір-бірімен үйреніскен жас жеткіншектер жан-жаққа тарап кетіп, басқа білім ошағына психологиялық тұрғыдан қалыптасып үйренгенше олардың жан-жүйкесіне қаншама жүк түсетінін естен шығармау керек. Осы мәселені облыстық білім басқармасының өзі-ақ шеше алатын сияқты.
Ана тіліміздің қанат жаюына қандай үлес қосып жатырмыз? 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, кейінгі тәуелсіздік алған жылдарымыздан бастап, Ата Заңымызбен бекітіліп күшіне енгені белгілі. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті бір Жолдауында тіл мәселесіне байланысты былай деген еді: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз». «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!». Елбасыдан түскен пәрмен еді – бұл. Қазіргі түрімізбен бұл межеге жету қайда? Осыны түсінбей келеміз.
Қазақстанда қазір мемлекеттік тілдің міндеті мен қызметін қазақ тілі емес, заң жүзінде ресми тіл ретінде қабылданған орыс тілі атқаруда. Жетпіс жыл бойы үстемдік алып қалған орыс тілі оп-оңай ысырыла қоймайтынына көзіміз жетіп отыр. Ынта қойып қазақша үйренем деген адам күніне өз лексиконына бір сөзден қосып отырса, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына қарай 8000-9000-ға тарта сөз үйренеді екен. Бұл қазақшаны таза меңгерген деген сөз. Бұлай қылса, тәуелсіздігімізді мойындаған, тілімізді құрметтеген басқа ұлт өкілдерінің бізге деген сыйы дер едім.
Ана тілімізді шын мәніндегі мемлекеттік тіл дейгейіне көтеруге құзіретті органдардың, қоғамдық ұйымдардың жасап жатқан іс-әрекеттері – мардымсыз, нәтижесі – жоқтың қасы. Менің ойымша өзіміздің қолымыздан келетін төмендегідей істерді атқарсақ, біраз нәрсеге қол жеткізер едік деп ойлаймын.
Бірінші, мемлекеттік биліктің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білмейтін немесе шала-шарпы ғана білетін басшылар мен қызметкерлерден, мейлі, ол басқа ұлттың өкілі болсын қарым-қатынас (амандасу, жөн сұрасу, т.б.) құралы ретінде қазақ тілін талап ету. Өздері осылай үлгі-өнеге көрсетіп отырса, басқалары «қысылғаннан қыз болдым» дейтін шығар. Ана тілін білмесе де, билікке, бизнеске жақын мықтылардың шаңырағынан шыққан орыс тілді балаларымыздың сол маңайда жүргені жасырын емес. Яғни, тілдің дамымауы – орыс тілді қазақтардың кесірі. Өз ұлтын, өз тілін сүйіп, қадірлемеген адам басқаны да қадірлеп жарытпайды. Мемлекеттік тілді білетін және білмейтін қызметкерлердің жалақыларына белгілі бір санат тағайындалса.
Екінші, ұлттық болмысымызды басқаларға үлгі ету. Далада, үйде, қайда болсын қазақша сөйлесу. Ата-әже, немере-шөбере ертегі тыңдап, балаларға арналған хабарларды көріп, мәре-сәре болып жатса. Ағайын-туыс, бауырлар араласып келіп-кетіп жатса, ұрпақ тамыры, тіл арқылы жалғасын тауып жатса.
Үшінші, қазіргі кезде жұмысымыздың көпшілігі компьютермен атқарылатындықтан қазақ тілінде компьютерлік бағдарламалар көбейтілсе, болашақ мамандарды (қай бағыты болса да) даярлау барысында оқытудың жаңа технологиясын барынша меңгертуге көп көңіл бөлінсе.
Төртінші, республика көлемінде таратылатын барлық БАҚ-тың 80%-дан астамы орыс тілінде. Мысалы, елімізде шығатын ғылыми-техникалық журналдарға жарияланатын мақалалардың 80-90 пайызы орыс тілінде жарық көреді. Қазақша жазылғандарына ешкім пікір білдірмек түгілі, оқымайды да. Қазақша ақпарат құралдарын көбейтуге қолдау болса. Қарағандыда «Орталық Қазақстан», «Арқа ақшамынан» басқа қазақша ештеңе жоқ. Осылардың таралымын көбейтіп, ауылдағы әр үйге жеткізетіндей жағдай болса. Ия, ол әр үйдің рухани байлық көзіне айналар еді. Тілге де шырай бітер еді.
Бесінші, мемлекеттік тілге көштік деген мекемелердің өзінде ресми жиын, отырыстардың бәрі дерлік қазақша бір-екі ауыз сөзбен ашылады, әрі қарай орыс тілінде жалғасады. Басынан аяғына дейін қазақша жүргізсе. Түсінбейтіндерді электронды аударма құралдарымен қамтамасыз етсе. Ал орыс тілді мектепте қазақ тілінен беретін мұғалім сабақта сабағының 20% –ын қазақша, қалғанын орысша түсіндіреді. Педагогикалық кеңесте орысша сөйлейді, орысша есеп береді. Ол мектепте қазақ тілінің үлесі қандай? Осыған көңіл бөлінсе.
Алтыншы, жастардың, студенттердің басым бөлігі әлі күнге дейін орысша сөйлейді. Соны өздерінше жетістік деп есептейді. Өз тілін төмендетіп, басқа тілді жоғарылатып отырғанын сезбейді. Сол себепті мемлекеттік тілді жаппай үйренудің тетігін күнкөріс қажеттілігімен байланыстырып көрсе. Студенттердің шәкіртақысына мемлекеттік тілді меңгеруіне қарай үстеме берілетін болса. Орыс тілді өзге этнос өкілдері арасында сайыстар тұрақты өткізіліп тұрса.
Жетінші, халыққа қызмет көрсету орындарында, әсіресе, тамақтану орындарында, дүкендерде, автокөліктерде қызмет көрсетушілердің қазақ тілін үйренуіне түрткі салу керек. Өзінің өнімін, өзінің қызметін өткізгісі келетін адам тілді үйренуге өзі ұмтылады.
Ошақбай СУХАНБЕРЛИН,
ардагер ұстаз.