Әдебиет

Тілемсек пен сабалақ

Ауылдың бір шетіндегі жұпыны лашықта қайыршы қария енжарлау, бұйығы тірлік кешетін. Жасы ұлғайған жарым көңіл кісі нанның қалдық, қиқымдарын жинап-теріп күнін көреді. Көлеңкесіндей көлбеңдеп қасынан бір елі қалмайтын сабалақ жүндес иті бар. Ол итіне еркелетіп қойған Сабалақ деген аты да ерекше. Қайда барса да Сабалақты соңынан ілестіретін. Тіпті ел-жұртқа көзін сатып, бір тілім нан үшін олардың есік-терезесін тықылдатып қағып тұрғанда да, ол шалдың Сабалағы анадай жерде қайқы құйрығын үздіксіз бұлғаңдатып, өзіне арналған үлесін тағатсыздана күтетін. Осыны көрген көршілері оған: «Әй, бейшара-ай ілініп-салынып итшілеп жүргенде ит асырағаның не теңің» — деп жандары ашығансып, мүсіркеп айтып қалса тіленші қария олардың ұсынған адал асын алмай теріс айналып жөнімен кететін-ді.


Қайыршы шалға жан адаммен тілдеспейтін томаға-тұйық мінез біткен. Кей-кейде бірен-саран көршілеріне ауыз ашады демесең, көп күндерін үнсіздікпен өткеретін еді.
Ақ түтегі ұйтқып, ақ бораны ұлып соғатын қыстыгүні қайыршы шал қолындағы таяғымен оны-мұны түрткілеп, күртік қарға малтығып көрші-қолаңның ауласын аралаумен жүреді. Өңменіңнен өтетін аязда қасынан қалмайтын Сабалағы оның аяғына оратылып, суық желдің ызғарынан ығып қожайынын ықтаған бойы сүмеңдеп соңынан еруін қоймайтын. Сол сәттерде Сабалақтың көздерінен «сен екеуміз ешкімге керексіз жалғыз-жарым жандармыз» дегенді тіленші қария тілсіз түсінетін. Түсінген соң оған:
— Сабалақ, сен мына мендей қорғансыз қартты айдалаға тастап кете көрме – деп жалынғандай болып, дауыстап сөйлеп қоятын.
Қарынның қамымен біраз жерді шарлағаннан кейін, моладан арман азынап тұрған, жан адамның жанарына қораштау көрінетін, көнетоздау үйіне оралатын. Кеше кештен бері қоламтасы күлге айналған пешке от тұтатуға әрекеттеніп, бұрыш-бұрышты тіміскілеп оны-мұны іздеген болады да, шыға берісте алақ жұлақ етіп қарап тұрған Сабалағына тіл қататын.
— Отын әкеліп, от жағу керек. Суық үй әбден берекесіз болып кетеді екен — дейтін де Сабалағын ертіп, отын теріп орман аралайтын. Бір құшақ отынды мықшыңдай көтере жеткізіп, лашығына сүріне-қабына келіп жығылатын. Аз-маз жантайып, артынша аунақшып қайтадан тұратын. Төсегінің тұсына Сабалағын шақырып алып, оған өзінің өткен өмірін әңгімелеп, көкрегіне толған шерін ақтаратын. Кеудесін кере күрсініп алып тағы да итіне:
— Сен Сабалақ ит, жағыңды ашып жауап берсең, саған мен мына мұрынымды кесіп берейін. Бірақ, сенің көздерің сөйлеп отыр. Білемін, сен бәрінде ұғасың – дейтін еді жүзіне жылы шырай еніп.
Ақ бұрқақ боранның арты түкірігің жерге түспейтін шыңылтыр аязға ұласып қаһарлы қыстың қысымы недәуір бәсеңдеді. «Бір күн кигіз, бір күн мүйіз» дейтін шақ еді бұл. Үй шатырындағы қар әлсін-әлсін еріп, мөп-мөлдір тамшыға айналып жатыр. Осы көрніске куә болған қайыршы шал көңілденіп итіне сөйлейді.
 — Сабалақ,  сен екеуміз көктемге де жетерміз.
Шамалы күндерден кейін көп күттірмей-ақ көктем келді. Күн сәулесі шақырайып түскен соң, жыра-жылғаларға жан бітіп, айналаны күміс қоңыраудай сәнге бөлеп сыңғырлап бұлақ ағып жатты. Алба-жұлбасы шығып денесінің әр-әр жерінен түсіп жатқан қойдың жабағы жүніндей даланың кейбір тұсында қарайып жер көрінсе, кейбір жерінде қар жатқан еді. Маңайдағы ағаштарға біткен бүршіктердің хош иісі даланы кернеп кетті. Дәл осы күндерде көктемнің алғашқы бір суық, бір ыстығында қарияға кесел жабысты. Белі шойырылып, екі аяғынан әл қашып, кеудесіне күрк-күрк еткен жөтел еніп аяқ астынан айықпас дертке ұрынды.
Жердің бауыры тез жылыды ма, қыс бойғы толассыз жауған қалың қар түгелдей дерлік еріп, жер беті кеуіп болған-ды. Терезенің қақ алдындағы үйеңкі ағашы жапырағын жайған мезгіл. Ошағынан оқта-текте шығатын қайыршы шал тіптен басын көтере алмай төсек тартып жатты. Ескі әдетіне салып, бойындағы бар қуатын шақырып үйдің ішінде өзіне ес болып жүрген Сабалағына үн қатады.
— Сабалақ, мен құдайсыз сөйлеппін. Тым ерте болжап қойыппыз ғой. Енді міне, көрмеймісің ажал деген аждаһаның аранына ұрынғалы тұрмын. Көзіме қай-қайдағы түсініксіз бірдеңелер елестей береді. Бәлкім, ажал деген осы шығар…
Ауру меңдеп, қаусаған дене біржолата қозғалыссыз қалды. Ажал сағаты соғар сәттің таяулығын сезгендей Сабалақ та ауашаға ұзамай жүріп алды. Қарт та бәрін сезіп-ақ жатыр. Сезеді де Сабалағын құшақтап, қатты-қатты өксіп жылайды.
— Мына безбүйрек адамдардың арасына сені қалай қиып кетемін. Ей, Сабалақ-ау, өмір бойы жаныма жолдас еткен ем, енді қарашы ажал келіп екеумізді екі жаққа айырмақшы. Жүрегім бір қолайсыздықты сезеді… Қош бол, Сабалағым менің. Өзіңнің бейбақ досыңды есіңнен еш уақытта шығарма – деді де итінің басын жүрек тұсына қарай басты. Кірпігі ең соңғы рет дір етті де, жаны көкке қарай ұша жөнелді.
Иттің бас сүйегін қатты қысып жатқан қолдардың бір мезетте сылқ етіп жерге түскенінде, шалдың жансыз тәнін иіскелеп, арлы-берлі жүгірген Сабалақ ит бебеулете ұлып-ұлып жіберді.
Бірер күннен кейін тіршілік нышаны білінбей қалған соң, көршілері күңкілдесіп жүріп тілемсек қарттың үйіне келді. Жабық жатқан есікті бұзып, ішке ентелей бас сұқты. Артынша қолқаны қапқан жиіркенішті иістен безіп, далаға ытқып-ытқып бір-ақ шықты. Төсекте жатқан өліктің шіруге айналған кезі еді ол.
Тіленші қарттың төңірегінде тұратын көршілері оның мәйітін жуып-шайып, табытқа салып шіркеуге апара жатқанда Сабалақ ит олардың соңынан қалмай жүріп алды. Сабалақтың ұнамсыз әрекеті олардың ызасын келтірді. Ел ол итті шіркеу тұрмақ оның ауласына кіргізбей қуып, қолына түскен затпен ұрып әлекке түсті. Тұщы етіне ащы таяқ өтсе де, Сабалақ ит қаралы жиынның артынан жалбаңдап қалмай қойды.

Ешкімге ешқашан керексіз болған қайыршы шалдың қазасының үстінде ешбір адам көзінен бір тамшы жас үзген жоқ. Жөн білетіндер оны зиратқа әкеліп жерледі де, бет-бетімен тарап кетті. Қайыршы шал қыр басында өзінің тірі күніндегідей оқшау, жападан жалғыз көрінетін төмпешік болып қала берді.
…Жас қабірдің басында тұмсығын көкке қадап Сабалақ ұлып отыр. Қабірді тырмалап тұрып ұлиды. Шартарапты мұңлы зар басқан. Өзінің қожайынын тас қараңғы көрден аршып алғысы келіп жан таласып жас топырақты тәуір тырмалады. Ескі досының қасына бірге жатқысы келгендей бойындағы бар күшін жиып, ең соңғы рет ышқынып тырысып бақты. Онысынан ештеңе шықпаған соң, әл-дәрмені бітіп, сілесі қатып, әбден діңкеледі де қалды. Сол шалдыққан күйінде сұлап жатып өліп кетті.
Қабірдің бетіне қалың шөп қаулап өсіп кеткен. Сыбдыр-сыбдыр, сыбыр-сыбыр сыр шертеді. Қайыршы шал мен оның иті екеуінің арасындағы достық елге аңыз болып жайылды. Ақ қайыңның бұтағына қонып алған көкек құс, тас қабірге қарай тұмсығын бұрып шақырып отыр…

 

Сергей Есенин

Аударған:  Қуат ҚИЫҚБАЙ
«Үркер» журналы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button