Жаңалықтар

Тілекенің әңгімелері

Балтабай Боқайтегі – Шет ауданының белгілі азаматтарының бірі. Ол ауылдағы аузы дуалы адамдардың айтқандарына құлағын түріп жүреді екен. Бірде өзінің әкесі Тілеке Боқайұлының сөздерін айтып беріп еді.

Ауыл ақсақалдары үйге келген кезде бірінші адам мен екінші адамға айтатын сөздері екі бөлек болып тұрады. Ішіндегі жасы – Зекен Бәкіров. Ол кісіні көрген жерде әкем:

– Казит не деп жатыр? – деп сұрайтын еді

– Жиырма төртінші съезді кейінге қалдырды, – депті, бір жолы ол кісі жаңалықты жеткізіп.

Сонда үйдің артындағы жеңгесіне ат қойып алған менің әкем:

– Әй, мына үйдің артындағы пұшық кемпір біздің үйдегі әйелді шақырып алды да, оған екі кемпір қосып, съезді еткізіп жіберді. Үкімет неге кешігіп жатыр? – деген екен.

***

Алыс бір колхозға барады ғой. Сонда бір ұста орыс бар екен. Шынайы шебер. Аудандағы 38 колхоздың бірі болса керек.

Әкем 9 өгіз арбамен астық тиеп жолға шығады. Арасындағы жол бейнетін, ара қонатынын біледі. Ас-суын, бәрін ала шығады. Екі қонып, жаңағы бекетке келсе, астық қабылдайтындар болмай, тағы екі-үш күн қонып қалады. Осыны сол ауылдағы жаңағы орыс көріп:

«Апырым-ай, ана кісілердің келгеніне екі-үш күн болды, өздерінің ас-суымен жатыр. Үйге шақырмады-ау», – деп, үйіне әкеліпті.

Әкеммен бірге сол ауылдың атқамінер екі-үш адамын қосып шақырады. Сөйтсе, орыстың үйінде дәмнің үстінде отырғанда:

– Бұрын естуші едік, осы колхозда жалғыз мұсылман бар деп, сол осы екен ғой, – депті.

***

Жоғары жаққа біреу арыз жіберген ғой деймін. «Директорлар карта ойнайды, жұмыс істемейді» деген сияқтыларды жазып. Соны тексеріп адамдар келеді. Ол кісі «Арызда осындай сөз жазылыпты. Қолыңыз тұр, не айтасыз?» – деп сұраса:

– Жоқ, біз аса бірдеңені бүлдірейік деп жазғамыз жоқ. Аудан басшылары бізді өліп қалды екен демесін, тіршілігімізді білдірейік деген мақсатпен жазып едік, – деп айтады дейді.

***

Тағы бір құрдасынан:

– Осы тақияны екеумізге біздің кемпір бір күнде тігіп беріп еді. Менікі тозып қалды. Сен мына тақияңа жем беріп қоясың ба? – деп сұрайды дейді.

***

Мен баламын. Маған мал сойдырады. Теріге май кетеді. Оны маған: «Мал соя алмадың», – деп айтпайды, беті кайтып калады деп ойлайды ғой деймін, астарлап:

– Тері өткізетін жерге барып едім, сол жердегі тері қабылдаушы: «Тіке, сіздің үйдегілер май жемейтін болған ба? Бүкіл май теріде жүр» деп айтып отыр, – дейді.

Жазып алған Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button