Тілді ұлықтаған форум
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және “Жұмысшы мамандықтарының жылына” орай ерекше мәнге ие маңызды шара – «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» облыстық форумы өтті. Бұл жиын тек ресми басқосу емес, түрлі этнос өкілдерін біріктіретін, мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлін айқындайтын, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікке бағытталған маңызды алаңға айналды.

Форумның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің ұлттық бірлікті нығайтудағы орнын көрсету, сондай-ақ, өңірдегі этностар арасындағы мәдени, білім беру байланыстарын кеңейту. Ұйымдастырушылар атап өткендей, тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – елдің тұтастығы мен ортақ құндылықтарының өзегі.
Форум қазақтың ежелгі қолөнер дәстүрін паш еткен киіз бұйымдары көрмесімен және текемет жасаудың шеберлік сағатымен басталды. Қатысушылардың өз қолымен ұлттық бұйым дайындауға атсалысуы ұрпақ сабақтастығы мен мәдени дәстүрлердің біріктіруші құдіретін айқын көрсетті. Мәдениет арқылы тілге деген құрметті ояту форумның алғашқы минуттарынан-ақ байқалды. Әр этнос өкілі осы ортақ құндылыққа жақындай түсті.

Форумның ресми бөлімін ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов ашты. Ол мемлекеттік тілдің ел өміріндегі орнына тоқталып, қазақ тілінің қазіргі қоғамдағы рөлі туралы маңызды ойларымен бөлісті.

– Тіл дегеніміз не? Бұл сұраққа филологтар да, тарихшылар да бір ауыздан: «Тіл – адам, тіл – мемлекет, тіл – руханият пен өркениет» деп жауап береді. Өркениеттің көрсеткіші – адамның тіл арқылы қоғамдық-әлеуметтік дамуға қосқан үлесі. Сондықтан, бұл – осы елде өмір сүріп, болашағына жоспар құрып, мақсатына ұмтылып жүрген әрқайсымызға ортақ дүние. Тіл – біздің өміріміздің ажырамас белгісі, – деді ол.
Нұрлан Бикеновтің айтуынша, қазіргі жастар арасында мемлекеттік тілді меңгеру бұрынғыдай проблема емес.
– Бүгінгі қазақ тілінің жаңа қолданушылары – жас инженерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, студенттер. Ең қуантатыны – мемлекеттік тілді өзінің болашағына қажет деп санайтын, саналы түрде қазақшаға көше бастаған өзге этнос өкілдері отбасыларының көбеюі. Бұл – қазақ тілінің бір ұлттың емес, барша қазақстандықтың тіліне айналып келе жатқанын көрсете отырып, қоғамдағы оң өзгерістің нақты белгісі, – деді Нұрлан Бикенов.

Форумға Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, мемлекеттік органдар, білім беру саласының мамандары, студенттер, жастар және «Мемлекеттік тіл – менің тілім» жобасының қатысушылары жиналды. Форумда мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, күнделікті жұмысы мен қоғамдағы белсенділігінде қолданып жүрген бірнеше этнос өкілі сөз сөйледі. Олардың әрқайсысының әңгімесі – көпұлтты елдегі тіл бірлігінің көрінісі.
Тілдік коучинг орталығының жетекшісі, Владислав Тен қазақ тілін заманауи әдістемелермен үйретудің жолдарын бөлісті. Оның айтуынша, бастысы – тілге деген шынайы қызығушылық пен мотивация.
-Қазақ тілін меңгеру барысындағы жеке тәжірибем қызық нәтижелер көрсетті. Алғашында қазақ тілін өзбек тілімен салыстыра отырып түсінуге тырыстым. Екі тілдің кейбір ұқсастықтары назар аудартты. Дегенмен, қазақша сөйлеп үйрену бастапқы кезеңде қиын болды: орысша ой қалыптасып қалғандықтан, сөзді де сол тілде құрап қоятынмын. Оның үстіне қазақша сөйлегенде көпшілік маған орысша жауап беріп, тілдік орта толық қалыптаспайтын. Сондықтан, тілді меңгеру қарқыны баяулады. Кей жағдайда қазақ тілін ана тілі деңгейінде білетін адамдардың өзі орысша сөйлеуді жеңіл көретіні байқалды. Бұл мектепте орыс тілінің негізгі тіл ретінде басым оқытылуымен және қазақ тілінің тереңдетілмеуінен берілуімен байланысты болуы мүмкін. Тілді үйрену деген қағазбен жұмыс істеген сияқты. Алғашында мүмкін емес болып көрінеді. Кейін тіл ашылған сайын оны түсінуге тырысасың. Бұл психология емес, интеллектуалдық процесс. Бір кезде бәрі түсінікті бола бастайды – деді, ол.

Форумда жас буынның белсенділігі айрықша көзге түсті. «2025 жылдың үздік оқушысы» атанған, әлемдік деңгейдегі спортшы Милана Ковальчук қазақ тілін меңгеру жолындағы өз тәжірибесін бөлісіп, мемлекеттік тілді білу бүгінгі жастар үшін тек қажеттілік емес, бәсекеге қабілетті болудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.
Форум соңында мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табысталды.
Форумда айтылған ойлар мен ұсыныстар мемлекеттік тілдің ел ішіндегі бірлік пен өзара түсіністіктің мықты құралы екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Жамал Акпарова



