Тілді үйренуге мүмкіндік
Тілді тегін үйренгісі келетін қарағандылықтар үшін жаңа мүмкіндік ашылды. Қалада қазақ және ағылшын тілдері бойынша курстарға қабылдау жалғасуда. Қазірдің өзінде 500-ден астам адам білім алып жатқан жобаға сәуір айында жаңа топтарға қабылдау басталады.

Қала тұрғындарына арналған тіл курстары заманауи әдістемелер негізінде ұйымдастырылып, әртүрлі аудандарда өткізіледі. Бағдарламаға тілді енді үйреніп бастағандар да, білімін жетілдіргісі келетіндер де қатыса алады. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта курстарға қызығушылық айтарлықтай артқан.
– Курстарға сұраныс өте жоғары. Қазір қала бойынша 380 адам қазақ тілін, 130 адам ағылшын тілін оқып жатыр. Бұрын негізінен мемлекеттік қызметкерлер қатысса, бүгінде қарапайым тұрғындар да белсенді түрде келіп жүр, – дейді облыстың тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.
Оқу үдерісі қарқынды форматта өтеді: аптасына бес рет, әр сабақтың ұзақтығы – 120 минут. Осындай жүйемен бір деңгейді шамамен үш айда меңгеруге болады. Сонымен қатар, аптасына үш күн қатысатын икемді бағдарлама да қарастырылған, алайда, бұл жағдайда оқу мерзімі ұзағырақ болады.
Ағылшын тілінен де тегін сабақтар ұйымдастырылып отыр. Қазір 130 адам білім алуда. Келесі қабылдау сәуірде басталады. Сабақтар 15-20 адамнан тұратын топтарда өтіп, қатысушылардың еркін сөйлесуіне, пікір алмасуына және қателерін түзетуіне басымдық беріледі.
Курс соңында тыңдаушылар емтихан тапсырып, нәтижесіне қарай арнайы сертификатқа ие болады. Сабақтар «Абзал» сауда орталығында, Майқұдықта, қала орталығында және Оңтүстік-Шығыс аудандарында өткізіледі.
Курстарға жазылу үшін Мұстафин көшесі, 6/4 мекенжайындағы Тілдерді дамыту басқармасына жүгіну қажет. Қатысушылар өтініш жазып, қажет болған жағдайда тілдік деңгейін анықтау тестінен өте алады.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



