Бүгін Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келген Қазақстан халқы Тілдері күнін абайлықтар да тамаша тойлады.
Мерекеге байланысты Абай аудандық Мәдениет үйінде өткен фестивальде осы өңірді мекендейтін түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық киімдері мен бұйымдарының көрмесі көрсетіліп,ауданның этномәдени бірлестіктерінің өкілдері концерт қойды.
Атап айтқанда,славяндардың “Родники”,”Звоница”,”Русалица”,”Сударушки”,татар-башқұрттардың “Ляйсен”,украиндардың “Хвилинка”,дұнғандардың “Мова” этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары өз ана тілдерінде,арасында қазақша,ән шырқап,зал толы тыңдаушыларды тәнті етті.Ал Мәдениет үйіндегі қазақтың “Дидар” үлгілі би ансамблінің бишілері грузин халқының “Ачарупи” биін келістіре билеп,көпшілікті риза қылды.
Тілдер күніндегі тамаша концерт соңында “Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі” ММ басшысы Арман Бапанов жоғарыда аталған өнер ұжымдарына дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырды.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы