Тілашар тойында балғын балуандар белдесті
Бүгін Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіндегі жаңадан ашылған Денешынықтыру-сауықтыру кешенінде 2009-2011 жылдар аралығында туған балғын балуандар белдесті.
Бұл спорт сайысын осы кешенде нұсқаушы болып істейтін Ауған соғысының ардагері Еркін Үмітбаев биыл немересі Сұлтанның мектепке барған Тілашар тойының құрметіне ораай ұйымдастырып, өткізді.
Басында аудандық турнир болып жоспарланған бәсекеге одан құлақтанған Қарағанды, Теміртау қалалары мен Қарқаралы,Шет аудандарының жас бозкілем шеберлері де келіп, қатысты.
Оның ашылу салтанатында аудандық Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков құттықтау сөз сөйлеп, бала Сұлтанға спорт киімін табыс етсе, жерлес ағасы Болат Ахметов бата беріп, ауғандық қарулас достары Сәбит Боқаев пен Саят Әбілғазин ақ тілектерін білдірді.
Аудандық Мәдениет үйінің директоры Қазбек Талашев бастаған өнерпаздар би билеп, ән салып, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, Еркіннің сыныптас досы Қалиасқар Шыныбектегі жерлес журналист Шайхан Жандаевтің «Үлгі вальсі» әнін орындады.
Жарысқа қатысқан жүзге тарта жас балуан 10 салмақ санаты бойынша күш сынасты. Сол айқастарда әр салмақта жеңімпаз болғандарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Бұл бәсеке жөнінде газетіміздің келесі сандарының бірінен кеңірек оқи аласыздар.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы.