Халық санағы бойынша қазақ тілін меңгергендер 80%-дан асады
Тәуелсіздік алған сәттен бастап, еліміз өз ішінде бейбітшілік пен келісімді, толеранттылықты және этносаралық татулықты сақтауға баса мән беріп келеді. Бұл – Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілі бар. Бұл көрсеткіштің өзі елдің әртүрлі мәдениет пен тілдерге қаншалықты ашық екенін көрсетеді.

Қазақстанның көпэтносты елге айналуында тарихи себептер маңызды рөл атқарды. ХХ ғасырдың 30-40-жылдары Кеңес Одағының шешімімен әртүрлі халықтар Қазақстанға жер аударылды. Атап айтсақ, кәрістер, немістер, шешендер, ингуштер, татарлар, украиндар, белорустар мен басқа да ұлттар Қазақстанға қоныстандырылды. Бұл халықтар қиын-қыстау заманда қазақ халқынан пана тауып, бірлікте өмір сүре білді. Осы кезден-ақ елімізде этностардың бейбіт және тату өмір сүруі қалыптасты. 1950-1960 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты да Қазақстанның этникалық құрамын өзгертуге әсер еткені мәлім.
2025 жылғы халық санағының алдын ала мәліметтері бойынша, Қазақстан халқының саны – 20 миллионнан асты. Олардың ішінде, қазақтар шамамен 71,3%, орыстар – 14,6%, өзбектер – 3,3%, украиндар, ұйғырлар, татарлар, немістер, кәрістер, әзірбайжандар, шешендер, түріктер және басқа этнос өкілдері де аз санмен болса да, елдің бір бөлшегіне айналған.
Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сонымен қатар, орыс тілі – ресми тіл ретінде кеңінен қолданылады. Халықтың басым бөлігі екі немесе одан да көп тілді меңгерген. Бұл – Қазақстандағы тілдік саясаттың салмақтылығын көрсетсе керек.
2021 жылғы халық санағы бойынша қазақ тілін меңгергендер – 80%-дан асады. Ал, орыс тілін меңгергендер – 83% шамасында. Сонымен қатар, өзбек, ұйғыр, татар, неміс, корей, дүнген, әзірбайжан, түрік және тағы басқа этностар өз тілін сақтап, мектептер мен мәдени орталықтарда үйретіп келеді. Бұл – мемлекеттің әрбір этностың тілі мен мәдениетіне құрметпен қарауының нәтижесі.
Қазақстанда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру – білім беру саласында белсенді түрде жүзеге асуда. Бұл саясат жастардың әлемдік деңгейдегі білім мен ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік беруде.
Өңірімізде әрбір этностың ұлттық-мәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Олар тіл курстарын, би, музыка үйірмелерін, ұлттық мерекелер мен мәдени шаралар ұйымдастырып, еліміздің мәдени байлығын арттыруда. Мысалы, әзірбайжандар Новруз мейрамын, украиндар Масленицаны, кәрістер Чусок мейрамын тойлап, ортақ мәдени кеңістікте бірге өмір сүруде.
Мемлекет тарапынан әрбір этносқа тең құқықтар мен мүмкіндіктер берілген. Бала-бақшаларда, мектептерде және ЖОО-да өз ана тілінде оқытуға рұқсат етілген және этномәдени орталықтарға қолдау көрсетіледі.
Қазақстан – этностар мен тілдер тоғысқан ерекше мемлекет. Елімізде жүзден астам этнос бейбіт және ынтымақта өмір сүріп, бір мүдде жолында бірігіп еңбек етуде. Бұл – Қазақстанның басты құндылығы. Мемлекеттің жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында көпэтносты қоғамда бірлік, татулық және өзара құрмет орнықты.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»