Жаңалықтар

Тіл саясатының тірегі – жауапкершілік

Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным екенін Мемлекет басшысы атап өткен болатын.
Тіл саясатын іске асырудың заңнамалық негізі 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамада тіл саясатын дамытудың негізгі бағыттары айқындалып, есептік жыл ішінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды шаралар қолға алынды.

Сурет басқармадан

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында 2024 жылы 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсы негізінде қазақ тіліне 3500-ден астам адам оқытылып, жылдан-жылға тіл оқуға ниет білдіретін облыс тұрғындарының оның ішінде, өзге этнос өкілдерінің саны арта түсуде. Сонымен қатар, 1700-ге жуық адам ағылшын тіліне оқытылса, кейбір өңірлерде түрік, орыс тілдерін де оқыту қолға алынды.

Қазақ тілінде қарапайым сөйлеу және қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру мақсатында халыққа қоғамдық қызмет көрсету орындарының қызметкерлеріне арнап ұйымдастырылған қысқа мерзімді курстар «Абзал», «Таир», «Каскад» сауда үйлерінде, «Достық үйінде», «Қазпошта» АҚ, «Қарағанды-Нан-Трейд», «Қарағанды Мелькомбинат» ЖШС-де және басқа да қызмет көрсету саласы мекемелерінде оқытылды. Мұндай жұмыс Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран қалаларында жүйеге қойылған.

Сонымен қатар, қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында Қарағанды қаласында «Мәміле», «Тағылым», Балқаш қаласында «Маржан сөз», Теміртау қаласында «Оңай тіл» жобасы жұмыс істейді. Биыл Саран қаласында «Мәміле» клубы ашылса, Теміртау қаласында Ахмет Байтұрсынов атындағы оқыту кабинеті ашылды.

Тіл үйрету әдістемесін жетілдіру бағытына сәйкес ересектерге заманауи талаптарға сай әдістемелік кешендер, 2023 жылы А1 деңгейлі оқу-құралы ютуб каналы, сайтымен, 2024 жылы А2, В1, В2 деңгейлі «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешені веб-сайтымен әзірленді. Сайттың мақсаты – қазақ тілін үйренушілерге тілді тез, тиімді және ыңғайлы әдістер арқылы меңгеруге мүмкіндік беру. Кез келген тіл үйренуші деңгейін анықтау арқылы сайтта қазақ тілін меңгере алады. Сонымен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы туралы ақпараттар тіл үйренушілердің деңгейіне қарай бейімделген «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің танымдық қосымшасы (хрестоматиясы) жарық көрді.

Аталған оқу-әдістемелік кешендер халықтың мемлекеттік тілді сапалы үйренуіне зор ықпалын тигізбек.

Өңірде оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселесі де басты назарда. Назарбаев университетімен орнатылған әріптестік байланыс аясында ғалымдар тарапынан көрсетілетін әдістемелік көмек көрсету жұмыстары Қарағандыдағы Халықаралық қазақ тілі оқытушылар қауымдастығы өкілдігі арқылы шешімін табуда.

Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударатын салалардың бірі – ономас­тика саласы. Бүгінгі күні облыс көлемінде атаулары ескірген әкімшілік аумақтық бірліктер саны (459) 50-ді құрап 11% болса, құрамдас бөліктер бойынша (3928) 776-ны көрсетіп 19,7% құрады. Ономастикалық жұмыстарды жүргізу барысында салаға қатысты заң талаптары, ҚР Президенті Әкімшілігімен келісе отырып, Республикалық ономастика комиссиясы бекіткен «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері» және Жол картасы қатаң басшылыққа алынады.

Ағымдағы жылы ономастика саласында 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасының өзектендірілуіне байланысты өңірлердің қызметін жетілдіру мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Өңірлік ономастика мәселелері» тақырыбында аймақтық семинар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, биыл басқарма тарапынан өңірдегі мамандарға арналған «Ономастикалық әдістемелік құрал» кітапшасы мен Қарағанды қаласының құрамдас бөліктері туралы хронологиялық деректер көрсетілген анықтамалық жарыққа шықты.

Құрамдас бөліктерге атау беру, қайта атауға байланысты түскен ұсыныстарды облыстық ономастикалық комиссия талқылауына шығармас бұрын ғылыми негізде талдап, саралау мақсатында тарихшы, филолог, лингвист, заңгер және географ мамандар енгізілген ғылыми-әдістемелік топ құрылды.

Алдағы уақытта өңірімізде ономастика саласы бойынша ескірген атауларды қайта атау жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру міндеттері тұр.

Қазіргі таңда қоғамдық ортада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру бағытында талап пен сұраныс артып келеді. Есептік кезеңде облыстағы кәсіпкерлік нысандарға заң талаптарын түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету және көрнекі ақпарат пен жарнамалардың тілін жүйеге келтіру мақсатында 6710 нысан қамтылды, 2146 кемшілік анықталып, 1667-і түзетілді (77,6%). Нәтижеге қол жеткізу мақсатында «Көрнекі ақпарат және жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы 2020 жылдан бастап қолға алынып келеді.

Жобаның мақсаты – Қарағанды қаласында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпараттарының тіл және жарнама туралы заңнама талаптарына сәйкестігіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ осы заңнама нормаларын түсіндіру, тегін аударма бойынша әдістемелік көмек көрсету, қаланың тілдік келбетін біріздендіру болып табылады.

Есептік кезеңде осы әлеуметтік жоба аясында облыс орталығы Қарағанды қаласы бойынша жоспар – 3000 нысан болса, бүгінгі күні 3518 нысан қамтылып, 1985 нысаннан кемшілік анықталып, оның 1409-ы түзетілді (71%). Сонымен қатар, жедел желі қызметі арқылы 2023 жылы 500-ден астам сұраныс түссе, есептік кезеңде 1024 сұраныс түскен.

Мемлекеттік тілдің беделін арттыру, ғылым мен білім саласындағы қолданыс аясын кеңейту және ақпараттық технологияны дамыту мақсатында тілші-ғалымдардың, ЖОО және арнаулы орта білім беру ұйымдары студенттерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл саясаты және Ұлттық корпус», «Тіл және жазу мәдениеті» тақырыптардағы облыстық семинарлар, «Қазақ тілі – ғылым мен білім тілі» дәрістер топтамасы т.б. өткізілді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалымен бірлескен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің форумы; «Жасанды интеллект: тіл үйретудегі рөлі мен мүмкіндігі» аймақтық семинар, этнос өкілдерінің қатысуымен «Туған тілің – түп қазығың» тақырыбында жастармен еркін форматта кездесу, «Тіл – және мәдениет интеграциясы» тақырыбында ТЕДх форматтағы шараларды атап айтуға болады. «Тіл – қазына» әлеуметтік жобасы 2022 жылдан бастап жүргізілуде. Жобада «Үлгілі отбасы» байқауы, қазақ тілді 24/7 онлайн контенттің үлесін арттыру және білім беру ұйымдарымен бірлескен «Бала тілі – бал» фестивалі гранттары қарастырылған. Негізгі мақсаты – этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді қолдануды дамыту, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды дәріптеу болып табылады. Сонымен қатар, тіл үйренуші ересектерге алғаш рет тілдік лагерь ұйымдастырылып, тыңдаушылардың сөйлеу дағдысын ғана қалыптастырып қоймай, халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрі дәріптелді. Бұл жоба тіл үйренуші өзге этнос өкілдерінің үлкен сұранысына ие болып, алдағы жылы да ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2025 жылы бірқатар жаңа жобаларды қолға алу көзделген. Мәселен, жасанды интеллект мүмкіндігін тиімді қолдана отырып, мемлекеттік тілді контенттің үлесін арттыру бойынша шаралар, облыстық білім басқармасымен бірлескен жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатындағы байқаулар өткізілмек. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.

Қорыта келгенде, тіл саясатының тиімді жүргізілуі еліміздің әрбір азаматының берік ұстанымына байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал.

Салтанат Әбеуова,
Қарағанды облыстық
тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button