Аймақта жарнамалардың тілін жүйеге келтіру мақсатында 1985 кемшілік анықталды
Тіл – ұлттың тірегі әрі мемлекеттің тұтастығын айқындайтын басты құндылық. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында қазақ тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында сұранысқа ие болып, ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамыту әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екеніне назар аударды.

Бүгінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылуына қоғам тарапынан сұраныс артып отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасында Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген 5 бағыт пен 13 индикатор негізінде облыстық іс-қимыл жоспары әзірленіп, нақты бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында 2025 жылы 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсы негізінде қазақ тіліне 3059 адам, ағылшын тіліне 1481 адам, орыс тіліне 50 адам, түрік тіліне 93 адам оқытылып, облыс бойынша барлығы 4683 адам оқыту курстарымен қамтылды.
Қазақ тілінде қарапайым сөйлеу және қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру мақсатында халыққа қызмет көрсету орындарының қызметкерлеріне арнап ұйымдастырылған қысқа мерзімді курстар «Абзал» сауда үйінде, «Достық үйінде» оқытылды. Мұндай жұмыстар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран қалаларында жүйеге қойылған.
Сонымен қатар, қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдысын жетілдіру үшін Қарағанды қаласында «Мәміле», «Тағылым», Балқаш қаласында «Маржан сөз», Теміртау қаласында «Оңай тіл» жобасы жұмыс істейді. 2025 жылы Шахтинск қаласында «TIL-FEST» заманауи сөйлесу алаңы іске қосылды.
Тіл үйрету әдістемесін дамыту бағытында ересек тіл үйренушілерге арналған, қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен тарихы туралы мәліметтерді деңгейге қарай ұсынатын «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің танымдық қосымшасы (хрестоматиясы) жарық көрді. Сондай-ақ, қазақ тілін үйренушілерге тілді жылдам, тиімді әрі ыңғайлы әдістер арқылы меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында 2025 жылы аталған кешеннің С1 деңгейінің веб-сайты әзірленді.
Мемлекеттік тілді насихаттау және оқыту бойынша «Таир» сауда-ойын сауықтыру орталығында ересек тұрғындарға арналған тегін қазақ тілі курстары ұйымдастырылып, «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешенін таныстыруға бағытталған ашық есік күндері өткізілді. Бұл шара – халықтың мемлекеттік тілді сапалы меңгеруіне септігін тигізетін оқу құралдарымен таныстыруды көздеді.
Өткен жылдан бастап, ересек тіл үйренушілерге арналған тілдік лагерь жүйелі түрде ұйымдастырылып, қатысушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға және қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлерін кеңінен танытуға бағытталды. Жоба өзге этнос өкілдері арасында жоғары сұранысқа ие болып, биыл да жалғасын таппақ. Қарағанды мен Саран қалаларында да ұйымдастырылған мұндай тілдік лагерьлер тіл үйренушілердің қазақ тілімен қатар ұлттық құндылықтармен де тереңірек танысуына жаңа мүмкіндіктер туғызып отыр.
Тұжырымдаманың 1-нысаналы индикаторы – «Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін» анықтау мақсатында, облыстағы тілдік ахуалды зерделеу және этностардың әлеуметтік-лингвистикалық қажеттіліктерін бағалау үшін жүйелі түрде әлеуметтанулық зерттеулер жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері бойынша облыста мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2025 жылы 69 %-ға жетіп отыр.
Тұжырымдаманың 2-нысаналы индикаторы – «Мемлекеттік тілдегі шығыс және ішкі құжат айналымының үлесін арттыру» бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағытта анықталған кемшіліктерді болдырмау және олардың алдын алу үшін өңірлердегі мемлекеттік мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың құжат айналымына жауапты мамандарымен тиісті түсіндіру және әдістемелік жұмыстар ұйымдастырылды.
Республикалық деңгейде бекітілген декомпозицияға сәйкес, 2025 жылы облыстық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесі 92%-ды құрап, жыл соңында жоспардағы көрсеткішке қол жеткізілді.
Қазіргі таңда қоғамдық ортада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру бағытында талап пен сұраныс артып келеді. Облыстағы кәсіпкерлік нысандарға заң талаптарын түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету және көрнекі ақпарат пен жарнамалардың тілін жүйеге келтіру мақсатында 6549 нысан қамтылды, 1985 кемшілік анықталып, 1469-ы (74%) түзетілді.
Жыл соңында 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Көрнекі ақпарат және жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасының соңғы үш жылда атқарылған жұмыстарының нәтижелері қорытындыланған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған жоба жетекшілері, кәсіпкерлер, ерікті жастар, БАҚ өкілдері және сала мамандары қатысып, белсенді еріктілер Алғыс хаттармен марапатталды.
Жоба Қарағанды қаласында көрнекі ақпараттың қолданыстағы тіл және жарнама туралы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, біріздендіруді көздеді. Аталған жоба аясында қалада орналасқан халыққа қызмет көрсету саласындағы ұйымдарға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпараттарына мониторинг жүргізілді. Мониторинг жұмыстары олардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтауға, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, тегін аударма бойынша әдістемелік көмек көрсетуге, сондай-ақ, қаланың тілдік келбетін біріздендіруге бағытталып, жедел желі (Call-center) арқылы тегін аударма қызметін көрсетті.
Сонымен қатар, 2025 жылы облыс көлемінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аймақтардағы жетекшілерімен бірлесе отырып, шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi өкілдеріне облыстық мәслихат алаңында, «Атамекен» кәсіпкерлік палаталарында, Саран, Теміртау, Шахтинск, Балқаш, Приозерск қалалары мен Абай, Нұра, Бұқар жырау аудандарында семинар-кеңестер, кездесулер ұйымдастырылды. Кездесу барысында көрнекі ақпарат пен жарнама мәселесіне қатысты бірқатар заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар таныстырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2025 жылы басқарма тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және тіл мәдениетін насихаттау мақсатында ірі жобалар мен іс-шаралар өткізілді. Соның ішінде, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалымен бірлескен «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің форумы»; «Тіл үйретудегі жасанды интеллектінің рөлі» семинар-тренингі; мамандарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында, «Тілді оқытуда коммуникативті құзыреттілікті қалыптастырудың негіздері» тақырыбындағы облыстық әдістемелік семинары; мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері балаларының қатысуымен «Қазақшаң қалай, балақай?» тақырыбында салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты насихаттау аясында бейнероликтер түсіріліп, телеарналарда көрсетілді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай облыстық деңгейде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, апталық ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Абай мұрасы және әлемдік руханият» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция; облыстық ардагерлер ансамбльдері мен этномәдени бірлестіктер арасында «Әнді сүйсең, менше сүй», мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері арасында «Абай әлемі» онлайн байқаулары, «Абай – әлемдік ойдың алыбы» тақырыбында әдеби-танымдық қорытынды кеш өткізілді.
Ресурстық тіл орталығы тарапынан тіл үйренудің тиімді жолдарын көрсету арқылы коммуникативтік қабілетті дамытуда «Полиглот» жобасы; мектептерде мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдеріне қолдау көрсету, көпшілікке таныту, мемлекеттік тілде еркін диалог құруға дағдыландыру мақсатында «Сәрсенбінің сәтінде», мемлекеттік тілде жақсы сөйлей алатын өзге ұлт өкілдерімен «Біз мемлекеттік тілде сөйлейміз» подкасттары, ЖОО ғалымдарының қатысуымен «Қазақ тілі – ғылым мен білім тілі» дәрістер топтамасы; оқушылар мен студенттердің сыни ойлауын дамыту бағытында «Садақ» пікірталас клубы; мемлекеттік мекемелер мен ЖОО қызметкерлері арасында 800 адамды қамтыған «Ұлттық диктант» ұйымдастырылды.
Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыру, ғылыми коммуникацияда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге ықпал ету мақсатында, «Ғылымдағы қазақ тілі: тәжірибе мен мүмкіндіктер» атты республикалық семинары өткізілді. Ғалымдар мен салалық мамандар арасында тәжірибе алмасу арқылы қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданыс аясын кеңейту көзделді.
2025 жылы облыста қазақ тілінің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру, өндіріс, ғылым және ІТ салаларында баламасы жоқ терминдерге сапалы қазақша атаулар ұсыну мақсатында республика бойынша тың жоба – «Сөзжасам» жобасы жүзеге асырылды.
Жобаның сараптама тобы сала мамандарымен тікелей жұмыс жүргізу барысында өндіріс, ғылым және ІТ бағыттары бойынша қолданыстағы 200-ге жуық терминге талдау жасады. Нәтижесінде, терминжасам талаптарына сәйкес келетін 103 атау іріктеліп, республикалық терминология комиссиясының қарауына ұсынылды. Аталған бастама қазақ тілінің кәсіби және салалық қолданысын кеңейтуге, сондай-ақ, терминологиялық жүйені біріздендіруге бағытталған маңызды жоба ретінде танылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметін қолдауды жалғастыру жөнінде берілген хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысының әкімдігі «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі және Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті арасында өзара ынтамақтастық туралы меморандумына қол қою рәсімін ұйымдастырды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ, тіл саясатын ілгерілету бағытындағы бірлескен жұмыстарды күшейту мақсатында ұйымдастырған шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары мен «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» президенті қатысып, ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.
Аталған ынтымақтастық аясында өңірде ұлттық рухты көтеру мен жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметін арттыруға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі – Қарағанды облысында облыс әкімдігі мен «АМАNАТ» партиясының қолдауымен мектеп оқушылары арасында Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айту бойынша «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық байқауының ұйымдастырылуы. Жобаға Қарағанды облысының 13 өңірінен 4138 оқушы және оларға жетекшілік еткен 2000-нан астам ұстаз қатысты. Байқау қатысушылардың тарихи танымын кеңейтуге, отансүйгіштік рухын нығайтуға және мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Шара екі кезең бойынша өткізілді. Аудан-қалалық кезеңде әр өңірден үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, 39 оқушы мен 37 мұғалім облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезең нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар анықталып, байқауда I орын алған оқушы мен оның жетекші ұстазына 1 миллион теңгеден ақшалай сыйақы табысталды. Сонымен қоса, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті жеңімпаз оқушыға білім грантын бөлсе, «Халықаралық Қазақ тілі» қоғамы оқушыны дайындаған ұстазға автокөлік табыстап, демеушілік көрсетті.
Аталған байқауды биылғы жылы әскери қызметкерлер арасында пилоттық жоба ретінде ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деп атап өтті.
Осы стратегиялық бағытты жүзеге асыру мақсатында 2026 жылы облыста бірқатар жаңа жобаларды қолға алу көзделіп отыр. Мәселен, «Digital KZ» – қазақ тілінің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған алғашқы өңірлік хакатоны, сондай-ақ, үш тілді меңгерген ересектер арасында «Тіл шебері», көрнекі ақпаратты жүйелеуде «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқаулары; көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін арттыру үшін мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне арналған «Сөйлеу мәдениеті» курсын ұйымдастыру міндеттері тұр.
Облыстағы тіл саясатының табысты іске асуы әрбір азаматтың саналы жауапкершілігі мен берік азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Бұл бағыттағы игі бастамалар алдағы кезеңде де жүйелі түрде жалғасып, өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Алма Шалабаева
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасының басшысы



