Жаңалықтар

Тіл үйретуде – тиімді жүйе

     Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында қолданысқа енген «Қазтест жүйесі» – тілді оңтайлы, тиімді үйренудің қалыптасуына жағдай жасайды. Осы мақсатта Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы тестілеу стандартын түсіндіруге негізделген шеберлік сыныбын өткізді.

Жалпы, облыс бойынша мемлекеттік қызметшіге тілді жетік меңгерту мақсатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма республикалық Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, 2013 жылдан бастап тұрақты негізде облыстың мемлекеттік және азаматтық қызметшілерін тестілеуден өткізуді бастаған. Жалпы, 2013-2016 жылдар аралығында тест жұмыстарымен 12424 адам қамтылып, оның 11 737-сі мемлекеттік тілді білетіндерін растады. 3702 адам (31,5%) қазақ тілін орта деңгейде білетіндерін дәлелдеді. 237 адам (2%) жоғары нәтиже көрсеткен. Әлбетте, бұл көрсеткіштер мемлекеттік бағдарламада айқындалған мақсатқа қол жеткізу үшін жеткіліксіз. Сондықтан, қызметкерлерді тест тапсыруға алдын ала дайындау жұмыстарын ұйымдастыру бек қажет.

«Тіл үйренушінің тілді меңгеруі – сауатты жазып, ойын анық жеткізуден көрініс табады», – дейді Назарбаев университеті қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнехан Күзекова. Профессор шеберлік сыныбында облыстық басқармалардың, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының оқытушыларына мемлекеттік тілді «Қазтест» стандарты негізінде оқытудың тиімді жолдарын ұсынды. Ғалымның сөзіне сүйенсек, тіл үйренуші түсіну және лексика-грамматикалық құрылымды дұрыс пайдалып, білу қабілетін жазу арқылы нақтылап отыруы тиіс.

Жалпы, «Қазтест» жүйесі – Қазақстан Республикасындағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Қазтест» жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта (В1) және жоғары (С1) деңгейлерінде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесін жоғарылату көзделген. Аталған жүйе Toefl, Ielts, Dalf/ Delf, Dsh, Celi, Tomer, Тpkи және осы тәрізді халықаралық тіл білу деңгейін анықтау мақсатын көздейді. Осы жолмен тілдің күнделікті тұрмыста қолданылу дәрежесін бағалау арқылы тіл меңгерудің деңгейін анықтау әлемде кең көлемде тәжірибеленеді. Сондықтан, бұл мақсатты жүзеге асыруға облыстық қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары атсалысуы тиіс.

Қазіргі таңда «Қазтест» жүйесінің мазмұны төрт бөліктен тұрады. Тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым және жазылым деңгейлерін игерген мемлекеттік қызметші белгілі деңгейден өткен болып саналады. Әрбір бөліктің ерекшелігіне байланысты тапсырма алуан түрлі. Барлығы – тілді игерудің тиімді жолына негізделген.

Жалпы, облыс бойынша биыл «Қазтест» жүйесі бойынша 6530 мемлекеттік қызметші және мемлекеттік қызмет көрсету саласының қызметкерлері тест тапсырады. Алайда, тапсырмалар «өте оңай тапсырмадан – күрделіге» қағидатына құрастырылса да, мемлекеттік қызметшінің туған тілге жаны ашымақ түгілі, ұмтылыс деңгейі көтерілмей тұр.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button