Тіл үйрену талпынғанға оңай
Мемлекеттік тіл саясаты – еліміздегі идеологияның басты бағыты. Сондықтан, отандастарымыздың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету – ортақ міндет. Облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы брифингте тіл саясатын іске асырудың заңнамалық негізіндегі тұжырымдамасына тоқталды.
Тіл үйренудің әдістемесі жетілдірілуде
Тұжырымдаманы іске асыру елдегі тілдік ахуалдың әлеуетін және оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік саланы дамытуға қосатын үлесін арттыруды көздейді. Өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бекітілген тұжырымдама негізінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін арттыру сапасын 68%-ға жеткізу көзделуде. Осыған сәйкес, бүгінде облыстағы 6 оқыту орталықтары мен 8 оқыту курстарында биыл жалпы саны – 3 580 адамды мемлекеттік тілге, 1706 адамды ағылшын тіліне, 50 адамды орыс тіліне, түрік тіліне 50 адамды оқыту жоспарланған.
Оқыту курстары бүгінде қаланың «ЦУМ», «Абзал», «Каскад» сияқты ірі сауда үйлерінде, сонымен қатар, оқыту орталығының базасында және тапсырыс берген мекемелерде жүргізілуде. Жұмыстар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран, Приозерск қалаларында және Абай, Осакаров аудандарында қолға алынды.
Облыста қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында Қарағандыда «Мәміле», «Тағылым», Балқаш қаласында «Маржан сөз», Саран қаласында «Мәміле» клубтары, Теміртау қаласында «Оңай тіл» орталығы жұмыс істейді. Теміртауда Ұлт ұстазы –Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі кабинеті ашылса, 5 қыркүйек тіл мерекесіне орай Шахтинск қаласында да сөйлеу клубын ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар, тіл үйрету әдістемесін жетілдіру мақсатында бүгінде заман талабына сай веб-сайтымен QR-кодталған «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу жұмыстары басталды. А1 деңгейлі оқулығы шығарылды. А2, В1, В2 деңгейлі «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешені веб-сайтымен әзірленуде.
Азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеу шарасына жалпы саны 1225 адам қатысып, оның 1214-і тіл білу деңгейін дәлелдеді. Оның ішінде, мемлекеттік қызметшілер саны – 736 адам.
– Өңірде мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, тіл мәдениетін арттыру, жас дарындарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында көпшілік қоғамдық шаралар өткізу басты назарда. Мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалымен бірлескен қазақ тілі мұғалімдерінің аймақтық форумы өтті. «Мемлекеттік тіл саясаты және латынграфикалы әліпби мәселесі» атты облыстық семинар мемлекеттік тілдің ғылым мен білім саласындағы қолданыс аясын кеңейтуді көздеді. «Қазақтілді контент мәселесі: шешу жолдары семинарлары және дәрістер» топтамасы да ерекше қолға алынған жұмыстардың бірі.
Сонымен қатар «Өзіңнен баста!» акциясы, «Біз мемлекеттік тілде сөйлейміз» подкасты қолға алынды. «Сөззерде» зияткерлік сайысы, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрету мақсатындағы «…қазақша қалай айтамыз, «Мультфильмдер арқылы қазақ тілін үйренеміз» жобалары қолға алынып, апта сайын жариялануда, – деп атап өтті Салтанат Әбеуова.
Тіл мерекесі мәртебені арттырады
Басқарма мамандарының айтуынша, биыл «Бәйтерек» демалыс орнында алғаш рет тіл үйренуші ересектерге арналған тілдік лагерь өтті. Лагерь бес күнде тыңдаушылардың сөйлеу дағдысын ғана қалыптастырып қоймай, халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрімен таныстыруды көздейді. Жоба тіл үйренуші өзге этнос өкілдерінің сұрауына орай келесі жылға да жоспарланған.
Алдағы уақытта ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне орай тіл жанашырларының қатысуымен Абай күніне құттықтаулар, челлендж ұйымдастырылып, 23 тамыз күні «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауын өткізу жоспарлануда. Тілдер мерекесіне орай, мемлекеттік қызметшілердің тіл мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Ана тілім – абыройым» байқауын өткізу де жоспарда.
– Түрлі этникалық топтар арасында мемлекеттік тілді қолдануды дамыту мақсатында «Тіл – қазына» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл жоба аясында бірнеше ауқымды шаралар іске асырылмақ. «Үлгілі отбасы» байқауы, «Бала тілі – бал» тақырыбында фестиваль, «Қазақ тілі 24/7» контенті, «Қазақшаң қалай, балақай?» байқаулары өтеді. Сондай-ақ, «Аңыз дала – абыз дала» жобасы аясында Нарманбет Орманбетұлының 165 жылдығына орай ақынның шығармашылығын болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында «Нарманбет және ұлт азаттық идея» атты республикалық конференциясын, шешендік өнер байқауын өткізу жоспарлануда, – деп атап өтті тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.
Үш елдімекен атауын ауыстыру көзделген
Тіл саясатын жүзеге асырудағы басты бағыттың бірі – ономастика саласы. «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елдімекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасы негізінде облыс бойынша 8 елдімекен, 97 құрамдас бөлік атауы өзгерді. Нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан ескірген әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша атаулар бүгінгі күні 50-ді, құрамдас бөліктер 776-ны құрап отыр.
2024-2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес 3 елдімекен мен 14 құрамдас бөлік атауын ауыстыру көзделген.
– Республикалық ономастика комиссиясы қарауына биыл облыс аумағындағы 18 білім беру ұйымдарын қайта атау жөніндегі ұсыныс жолданды. Сондай-ақ, республикалық ономастика комиссияның қарауына жолдау үшін тағы да облыс аумағындағы 10 білім беру ұйымдарына атау беру бойынша бірлескен қаулы және шешім жобасы әзірленіп, келісілуде. Ұсынылған атаулар «Тарихи тұлғалар» тізімінен алынды,– дейді Салтанат Мірәсілқызы.
Жыл соңына дейін «Қарағанды қаласының годонимдері: ескі және жаңа атаулар» атты анықтамалық кітабын шығару жоспарланған. Құжаттар негізінде қала көшелері антротопонимдері анықталмақ.
Жарнамадағы олқылықтарды жою – күн тәртібі
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудегі өзекті мәселенің бірі – көрнекі ақпарат пен жарнамадағы олқылықты жою.
Бүгінде қызмет көрсету саласында, оның ішінде, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың рәсімделуінде түрлі тілдік кемшіліктер орын алған. Осы кемшіліктердің алдын алу мақсатында тілдерді дамыту жөніндегі басқарма, өңірлердегі тілдерді дамыту бөлімдері тарапынан «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы қолға алынып бірнеше жыл қатарынан жүргізілуде.
Басқарма берген мәліметке сүйенсек, жұмыс тобы 800-ден аса кәсіпкерлік нысандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, 400-ден астам кәсіпкермен кері байланыс орнатылған. Аударма мен әдістемелік көмек көрсету мақсатында құрылған «Жедел желі» Call-center қызметі жұмыс істеуде.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»