Ресми

Тіл абыройы баршаға ортақ

Мемлекеттік тіл саясаты – еліміздегі идеологиялық басым бағыттардың бірі. Оның ішінде барлық қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету – баршаға ортақ міндет екенін Мемлекет басшысы атап өткен болатын.

Өткен жылы Тіл саясатын іске асырудың заңнамалық негізі – 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданып, облыстық іс-қимыл жоспары бекітілді. Тұжырымдаманы іске асыру елдегі тілдік ахуалдың әлеуетін және оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесін арттыруға, өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Тұжырымдаманың Тіл үйрету әдістемесін жетілдіру бағытына сәйкес өңірде тілдерді оқыту мәселесі екі бағытта (ұзақ және қысқамерзімді оқыту курстары) жүзеге асырылуда. Бүгінде сандық технология, бәсекелестікке төтеп беру үшін білім саласына ақпараттық технология мүмкіндігін барынша кеңінен қолдану заман талабына айналған. Тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру, оқытуды табысты жүзеге асыру мақсатында өткен жылы заман талабына сай веб-сайтымен QR-кодталған «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешенін және А1 деңгейінің оқулығын әзірлеу жұмысы басталып, бұл жұмыс 2025 жылы толық аяқталмақ.

Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында тіл мәдениетін арттыру, жас дарындарды анықтау жә­не оларға қолдау көрсету, қазақша контенттер қатарын көбейтуге атсалысу, отбасында мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының сақталуын дәріптеу, бала тілінің қазақ тілінде жетілуіне ықпал ету мақсатында рухани-мәдени түрлі байқаулар, телехабарлар және этно-мәдени орталықтармен бірлескен бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мысал ретінде, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау рәсімі, Қасым Аманжолов атындағы республикалық мүшәйра, «Тіл-қазына» жобасының аясында өткізілетін «Қазақшаң қалай, балақай?» бейнероликтер топтамасы, «Бүлдіршінге жыр арна» байқауы, облыстық «Үлгілі Отбасы» байқауы, Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, үш тілді меңгерген жастарға арналған «Тілдарын» облыстық байқауы, «Ойөріс» зияткерлік телеойыны, «Тіл-тұғырым» телехабарын атап өтуге болады.

Қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру бағытында «Бүлдіршінге жыр арна» байқауы дер кезінде қолға алынған сәтті жобалардың қатарынан орын алады. Екі номинация бойынша ұйымдастырылған байқауға балаларға арнап жазып жүрген ақындар мен жазушылар қатысып, жүлделі болған шығармалар электронды жинақ ретінде жарық көрді.

Жалпы, тіл мәдениетін көтеру, ғылыми контентті дамыту мәселелері өткен жылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет бас­шысы тарапынан көтерілген болатын. Пре­зидент әртүрлі әлеуметтік топтардың, оның ішінде жастар арасында тіл тазалығын сақтау үшін оқу және жазу сауаттылығын арттыруға арналған шаралардың қажеттілігіне ерекше тоқталған еді. Осы ретте мемлекеттік қызметшілер үшін «Сөйлеу әдебі» тақырыбындағы тренингтер топтамасы қолға алынып, ҚР ІІМ Қарағанды облысының және Ұлытау облысының мамандандырылған күзет қызметі» басқармасы мамандарына бірнеше рет өткізіліп, өз жемісін бере бастады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениетін көтеру мақсатында «БАҚ және тіл мәдениеті: тілдік нормалар» тақырыбында өткізілген облыстық семинарды сала мамандары әдістемелік көмек ретінде жылы қабылдады. Аталған іс-шаралар биылғы жылы одан әрі жалғасын таппақ.
Ұлттық терминология өркендемей, ғылым тілінің өрісі кеңеймейді.

Жалпы, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында өткен жылдың қараша айында жоғары оқу орындары ғалымдарының қатысуымен «Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның ғылым мен білім саласында қолдану аясын кеңейту» тақырыбында дәрістер топтамасының онкүндігі ұйымдастырылды. Дәрістердің соңы Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақ ғалымы, «Ғасыр адамы» Темірғали Әбілдаұлы Көкетаевтың «Физика терминдерінің орысша-қазақша сөздігінің» тұсаукесер рәсіміне ұласты.

Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударатын салалардың бірі – ономастика саласы. «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген сөз бекер айтылмаса керек. Өткен жылы республика бойынша әзірленген «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елдімекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы» негізінде облыс бойынша былтыр – 8 елдімекен, 97 құрамдас бөлік атауы өзгертіліп, республикалық ономастика комиссиясына 18 білім беру мекемелеріне атау беру туралы ұсыныстар жолданды.

Сонымен қатар, атауы ескірген елдімекендердің тарихи атауын қайтару бағытында топонимдік зерттеулерді жүзеге асыру – бүгінгі күннің талабы. Осы мақсатта облыс құрамындағы елдімекендердің ономастикалық анықтамалығын жасау биылғы жылғы жоспарымызда бар. Бұл жобаның 2GIS, Яндекс карта, т.б. мекенжайлық цифрландыру және архив саласына қосар маңызы зор.

Қызмет көрсету саласында, оның ішінде, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың рәсімделуінде түрлі тілдік кемшіліктер орын алып отыр. Сол себептен де мұндай қателектерді жою, алдын алу бағытында «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы бойынша қоғам белсенділері, тіл жанашырлары тартылған жұмыс бүгінгі күні де жалғасын табуда.

Жоба шеңберінде өткізілетін барлық іс-шаралар әлеуметтік желілерде, облыстық, жергілікті БАҚ және интернет ресурстарда жариялануда. Жарнама туралы заңнама талаптары туралы және тұтынушыларға арналған ақпараттар қамтылған мемлекеттік және орыс тілдерінде 1 минуттық 2 ақпараттық бейнеролик дайындалып, қаладағы маршруттық телеарналарда, «Бірінші Қарағанды» телеарнасында, «Таир» СҮ, «GLOBAL CITY» СҮ көрсетілді. Аталған жоба республикалық деңгейде жоғары бағаланып, Қарағанды облысынан қатысқан үміткер «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты республикалық байқауда жүлделі І орынға ие болды.

Тілдік жоспарлауды іске асыру бағытында басқарма жанынан ашылған Ресурстық тіл орталығы тарапынан жаңа графика бойынша ақпараттандыру-түсіндіру шаралары офлайн және онлайн түрде тұрақты жүргізілуде.

Тіл – ұлттың тұғыры, мемлекетіміздің негізі. Еліміздің әрбір азаматы ана тілі­міздің абыройы үшін жауапты екенін се­зініп, тіл жанашырына айнала білсе, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы кеңіп, беделі артуына қол жеткізеріміз анық.

Салтанат ӘБЕУОВА,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button