TikTok-та қанша ғұмыр қалды?
Әлем елдері TikTok-қа бірінен соң бірі тыйым салып жатыр. Кейінде бәріміздің талқылап жүргеніміз – осы. Бұл платформаға неге кірпідей жиырылып, теріс айнала қалдық? Бұрын қайда қарадық? Осы сауалдардың жауабын табу жолында бірнеше себепті таптық.

Бірінші һәм бәрімізге мәлім себеп
«Жергілікті мәдени және діни көзқарастарға қарама-қайшы» деген желеумен Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан, Албания елдері мүлдем тыйым салып тастаған. Франция билігі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеп, Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok қолдануға шектеу қойған. Еуропалық одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттер де 2023 жылы балалар қауіпсіздігіне байланысты тиісті шаралар қабылдапты. 2020 жылы бұл мәселені АҚШ билігі көтерген.
Біз де дабыл қағып жатырмыз. Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбаек Әшімжан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады. Ол TikTok платформасының жастарға зиянды әсерін ескере отырып, оған шектеу қоюды, немесе, бақылауды күшейтуді ұсынды.
– Бүгінде балалардың негізгі ақпарат көзі – әлеуметтік желілер. TikTok-тың жасөспірімдер арасында кең таралуы – олардың психологиялық, әлеуметтік және академиялық дамуына кері әсерін тигізуде. Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерден алшақтатып, жастарды теріс әрекеттерге жетелейтін мазмұндардың көбеюі алаңдаушылық туғызады. Бүгінде бұл платформада 14,1 миллион қазақстандық тіркелген. Ал, оның негізгі пайдаланушылары – балалар мен жасөспірімдер. Алайда, мұнда пайдасынан зияны басым контенттердің еркін таралып жатқаны белгілі. Олардың қатарында порнография, суицидке шақыру, діни экстремизм, құмар ойындарды жарнамалау, әдепсіз әрекеттерді көрсету, боқауыз сөздер, буллинг және тыйым салынған заттарды насихаттау сынды теріс мазмұндағы материалдардан көз сүрінеді. Жастардың мұндай ақпараттарға еріксіз ұшырап, олардың ықпалына түсуі – ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Дәрігерлер болса, телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейгенін айтып, дабыл қағуда, – деді Жанарбек Әшімжан.
Сонымен қатар, депутат «Мысық серуені» деп аталатын челленджге назар аударды. Ерсі әрекеттерді насихаттап, 500 миллионнан астам қаралым жинапты. Жас қыздарды әдепсіз қылықтарға баулитын видеолар, билер мен түрлі әдеттерді үйрететін контенттер қарқынды түрде таралып жатқанын алға тартты.
Екінші себеп
TikTok мемлекеттің құпияларына қауіп төндіреді. Ел ішіндегі жағдайларды білсе, саяси көзқарасы бізге қастық ойлағандар әлгі ақпаратты қарсы пайдалануы мүмкін» деп бұғаттаған, тыйым салған елдер де бар. Олар – Ресей, Иран, Индия, Ауғанстан, Солтүстік Корея, Түркіменстан. АҚШ-та TikTok-қа тыйым салуды 2020 жылы Дональд Трамп ұсынды. Кілтипан мынада: бұл платформа – Қытайдың Bytedance компаниясына тиесілі. Ал, TikTok-ты АҚШ халқының басым бөлігі қолданады. Дональт Трамп елінде – кеңінен таралған платформа арқылы «америкалықтардың жеке басына қатысты ақпараттар Қытайдың билігіне кетіп жатыр» дегенді алға тартты. Осы деректен «TikTok – мемлекеттің тұтастығына, ел ынтымағына нұқсан келтіруі ықтимал» деген қауіптің бары айқындалды. Бәрін айт та, бірін айт, Қытайдың өзі TikTok-қа тыйым салған.
Қауіпті қару
«Теория заговора» дегенді естігендеріңіз бар шығар? Қазақшасы – «Қастандық теориясы». Әлеуметтанушы ғалымдардың дерегінше, жаһан бойынша бұл теорияға сенетіндер, немесе, «болуы мүмкін» деп болжайтындардың қатары қалың. Сенушілердің айтуынша, «Әлемді билеуші топтар», «Массондар», «Роквеллерлер әулеті» (атаулары көп) жер шарындағы халық санын қысқарту үшін неше түрлі дүрбелеңдерді ұйымдастырады. Мәселен, соғысты, аштықты, сан алуан ауруларды қолдан жасайды. Мақсаттары – әлемді жұмса, жұдырығында, ашса, алақанында ұстау, халық санын азайту арқылы Жер – ананың ғұмырын ұзарту деседі. ЛГБТ, бір жыныстылардың да қозғаушы күші солар-мыс. Адамның гинетикасына, жалпы денсаулығына кері әсерін беретін зиянды сусындар мен тағамдардың да кең таралуына ықпал етеді. Әлгі әлемді билеушілердің бір қаруы – әлеуметтік желілер деген әңгіме де айтылып жүр кейінде ғаламторда.
Әлеуметтік желілердің көмегімен алдағы 10-20 жылда жер шарына ие болар ұрпақтың миын қоқысқа толтыруға болады-мыс. Бұған «Махаббатпен жаралған адамзаттың жүрегін тасқа айналдыру процессі» деп баға беруге болатын секілді. Санасы уланған, психикасы бұзылған, дертке шалдыққан адамнан не қайыр? Өркениеттің ілгерілеуіне қандай көмек бере алады? Бұл теорияға сенушілер «Билік шыңындағылар адамзат өркениетінің даму қарқынын тежеуді көздейді» дейді екен. Бір қарағанда, ақылға қонымды сияқты. Өркениеттің, соның ішінде, өндірістік революцияның кейінгі 50 жылда дамығаны сонша, әлемдік катаклизмнің аз-ақ алдында тұрмыз. Мұздықтар еріп, жанартаулар оянып, мұхиттағы су деңгейі көтерілуде. Аспан қабатын қырық жамау қылдық. Бір сөзбен айтқанда, табиғатқа қастық жасаудамыз. Жә, бұның барлығы тек біз айтып отырған теорияға сенушілердің әңгімесі ғана. Ғаламторда «Қастандық теориясы» турасында ақпарат та, деректі фильмдер де жетіп-артылады.
Дастархан басындағы әңгіме
Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық округінің тұрғыны ақыл-ой дамуының тежелген балаларға арналған балабақша ашуды жоспарлап жүргенін айтты бір ақсақалға. Сөзінше, мұндай балабақшаларға жылдан-жылға сұраныс артып келеді.
– Мұндай балалар неге көбейіп кетті екен? – деп сауал қойды ақсақалға болашақ кәсіпкер.
– Бала жатырда жатқанда-ақ өмір мәнін іздейді. Анасының тыңдағаны, көргені, сезінгені, көңіл күйі – бәрі-бәрі балаға әсер етеді. Бұны бабаларымыз білген. Жүкті келінге әулет бар тәтті-дәмдіні беріп, мәнді ән-күй, батырлар жырын тыңдатқан, жақсы әңгімелер айтқан. Жабырқамауын қадағалаған. Көңілі Күндей келіннен жаны да, тәні де сау ұрпақ туады, – деді.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»