Бас тақырып

«ТикТок»: еркіндік пе, қауіп пе?

«ТикТок» – жастар арасында ерекше сұранысқа ие қазіргі заманның танымал платформасы. Біреулер бұл әлеу­меттік желіні «шығармашылық пен өзін-өзі дамыту алаңы» деп бағаласа, енді біреулері оны уақытты ысырап ететін құрал ретінде көреді. Әлемде түрлі пікірталас тудырған «ТикТоктың» шын мәнінде пайдалы тұстары мен қауіптері қандай? Ол өмірімізге жаңашылдық әкелетін платформа ма, әлде шектеу қоюды қажет ететін желі ме?

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Қазір «ТикТок» әлеуметтік желісіне тыйым салу туралы пікірталастар жиі көтерілуде. Бұл әңгімелердің бастауына бірнеше маңызды фактор әсер етті. Ең алдымен, желінің жастар мен жасөспірімдер арасында шексіз танымалдылыққа ие болуы. Онымен бірге тәуелділік пен уақытты босқа өткізу мәселелерін де алға тартады.

Бірқатар елдер «Платформаны пайдаланушылардың деректеріне қатысты құпиялылық талаптары сақталмауы қауіптілік тудырады» деп, алаңдаушылық танытуда. Одан бөлек, «ТикТокта» таралатын кейбір зиянды контенттер, әсіресе, қауіпті трендтер мен жалған ақпарат қоғамда сынға ұшырауда. Осы жағдайлар ата-­аналар мен билік өкілдерінің платформаны бақылау немесе шектеу қажет деген пікірін күшейтті.

Дегенмен, «ТикТоктың» шы­ғар­машылық дамуға, білім алуға және кәсіпкерлікке ықпал ететін жағын ескергендер мұндай тыйым салудың дұрыс емес екенін алға тартуда. Осылайша, бұл пікірталас тек технология мен қауіпсіздік мәселесін емес, сонымен бірге, еркіндік пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті іздеуге ұласып отыр.

Осыған қарамастан бүгінгі күні бұл әлеуметтік желіні толықтай бұғаттаған немесе жартылай шектеу қойған мемлекеттер бар. Атап айтсақ, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан, Албания елдерінде «ТикТок» платформасына тыйым салынған. Оның негізгі себебі – жергілікті мәдени және діни нормаларға қайшы келетін моральға жат контенттің таралуы.

Ресей, Иран, Индия, Ауғанстан, Солтүстік Корея, Түркіменстанда тыйым салынуы саяси көзқарасқа ие. Яғни, санкция, мемлекетаралық немесе ішкі соғыс жағдайлары.

АҚШ-та бұл мәселе әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Дегенмен, тыйым салуға қатысты заңдар дайындалып, қарастырылуда. Тіпті, «ТикТок» пайда болған Қытай мемлекетінің өзінде де платформа осы елдің Bytedance компаниясының өнімі болғанына қарамастан, Қытайдың ішкі нарығында ресми түрде әлеуметтік желі қолжетімсіз. Қытайда «ТикТоктың» тыйым салынуы ұлттық ақпараттық саясат стандарттарын сақтау қажеттілігіне байланысты.

Қазақстанда да бұл мәселе көтерілген болатын. Сенат отырысында депутат Әлішер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, «ТикТок» желісіне шектеу енгізуді сұрады. Батыс пен көрші елдерде платформаға тыйым салынып жатса да, Қазақстан бұған салғырт қарайтыны жайлы сөз қозғаған болатын. Депутаттың айтуынша «ТикТокты» қолданушылардың 75 пайызы 13 пен 24 жас арасындағы жастар, тіпті, 4-5 жастағы балалардың өзі күнделікті 75 минут уақытын осы желіні тамашалаумен өткізетінін атап өтті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «ТикТок» жұмысын шектеу мәселесін көтергенде: «Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-бабаларымыздың дәстүрінде тәрбиеленбей, көбінесе «ТикТок» арқылы өсіп келеді, онда пайдалы контенттен басқа, баланы теріс әдеттер мен қылықтарға итермелейтін видеоматериалдар жеткілікті. Сондықтан, «ТикТок-ты» кәмелетке толмаған балалар үшін қатаң шектеу енгізуді немесе Қытай тәжірибесі бойынша осы әлеуметтік желінің арнайы балаларға арналған форматын енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет», – деп үндеу тастады.

Депутаттың пікірінше, «ТикТок» арқылы әртүрлі ойындар, онлайн-казино, стримдер, рилстер таратылады, олар суицидке шақырумен, жала жабумен және адами моральдық құндылықтарға қайшы келетін сөздерге толы.
Уақытты тиімсіз өткізу, психологиялық әсер, зиянды немесе сапасыз контент, деректердің қауіпсіздігі, тәуелділік – осының барлығы әлеуметтік желінің резонанс тудырған үлкен мәселесі. Дегенмен әр нәрсенің жақсы да жаман да тұсы бар демекші, «ТикТок» та дәл солай.

Бұл платформа жастарға шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өз идеяларын басқалармен бөлісуге және әлемдік деңгейде танымал болуға мүмкіндік береді. Көптеген қолданушылар «ТикТокты» білім беру мақсатында пайдаланады. Яғни, әртүрлі тақырыптарда қысқа видеолар арқылы тіл үйрену мүмкіндіктері бар. Өз еліміздің, сонымен қатар, өзге де елдердің тарихын, рухани және материалдық құндылықтары жайлы көптеген ақпарат алуға болады. Одан бөлек қарапайым халық әлеуметтік мәселелерді қозғап, қоғамда маңызды пікірталастар мен трендтер тудырады. Ал, шағын бизнес иелері үшін «ТикТок» жаңа аудиторияға жетудің тиімді құралы. Өнімдерді жарнамалау, өз қызметін таныстыру немесе жеке бренд құру үшін үлкен мүмкіндік береді.

Бұл платформадағы кемшіліктерді жою үшін білім беру мен ақпараттық сауаттылықты арттыру маңыздырақ. Мысалы, жасөспірімдерге арналған қауіпсіздік шараларын күшейтіп, зиянды контентті бақылауды жетілдіруге болады. Сондықтан, «ТикТокты» дұрыс әрі тиімді пайдалану үшін пайдаланушылар өз уақытын бақылап, контентті мұқият таңдап, сауатты көзқараспен ден қоюы қажет. Ата-аналар мен білім беру ұйымдары жасөспірімдердің платформаны қауіпсіз және пайдалы мақсатта қолдануына қолдау көрсетуі керек. Тек сол жағдайда ғана «ТикТоктың» артықшылықтарын пайдаланып, теріс әсерлерінен қорғауға болады.

Дильяра ӘБІШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің
IV курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button