Ресми

Тікелей эфирде – теледебат

«SARYARQA» телеарнасында әр партияға бірдей мүмкіндік ұсынылған теледебат өтті. Ол тікелей эфирде аймақтың түкпір-түкпіріне таралды. Қарағанды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен саяси партиялар арасындағы сайлауалды пікірталас бірнеше сағатқа созылды. Оған Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына түскен бес партия өкілдері, атап айтқанда, «Қазақстан халық партиясы» өкілі Қайрат Біржанов, Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, «Ақжол» демократиялық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин, Мейрам Шахметов «Ауыл» халықтықдемократиялық патриоттық партиясының өкілі, «ADAL» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Мүбарак Хасенов қатысты. Бес партия эфирде пікір таластырды.

Теледебат үш раундтан тұрды. Бірінші раундта партия өкілдері Қарағанды облысы экономикасының дамуы және келешегі хақында ойларын ортаға салып, пікірлерін ашық айтты. Мемлекет экономикасының келешегі туралы өз ойларын білдіруі тиіс еді. Одан соң сұрақ-жауапқа кезек берілетін тәртіп бар.

Екінші раундта – Қарағанды облысы тұрғындарының әлеуметтік жағдайы. Мұнда қатысушылар партияларының сайлауалды бағдарламаларымен таныстыруы керек-тін. Үшінші раунд – қорытынды. Онда сайлаушыларына үн қату мүмкіндігі берілген-ді. .

Дебат басталмас бұрын қатысушылар арасында жеребе тасталды. Осылайша, сөйлеу кезегі анықталды. Жеребе барысында бірінші болып, сөз бастау «Ауыл» партиясына, екінші Nur Otan, үшінші «ADAL», төртінші «Ақжол», бесінші реттік нөмір «Қазақстан халық партиясы» өкіліне бұйырды. Бірінші раундта спикерлер осы тәртіппен ой жарыстыратыны және екінші раундта кері тәртіп қолданылатыны да ескертілді.

«Қарағанды облысының экономикалық дамуы: жағдайы және перспективалары» аталған алғашқы раундта әр партия аймақты алдағы уақытта дамыту жөнінде көзқарастарын білдірді. Бағдарламарындағы басымдықтарды өзек етті. Берілген уақыт – 1 минут 30 секунд. Сөйлеу тілі – еркін. Яғни, қазақ немесе орыс тілін таңдау партия өкілінің қалауында. Әуелгі кезеңде әр партия облыс экономикасы туралы ұстанымын мәлім етті. Одан соң сұрақ-жауап өрбіді.

Мұнда әр партия өкілі қарсыластарына бір-бір сұрақтан жолдады. 20 секундта сұрақ қойылуы қажет тәртіп бойынша. Ал, жауап 1 минут 30 секундта жолданып үлгеруі тиіс. Осы мүмкіндікті әр партия пайдалана алды. Барлық спикерге бірдей уақыт ұсынылды.

Екінші раундта талқыланған мәселе – «Азаматтардың әлеуметтік әлауқаты». Бұл да екі турдан тұрды. Әуелі спикерлер ұсынылған тақырыпта ойларын білдірді. Содан соң өзара сұрақ қойып, оған жауаптар алуға ұмтылды. Бұл кезеңде де берілген уақыт алғашқы раундтағыдай.

Үшінші раундта спикерлер сайлаушыларына үндеу жолдады. Яғни, партияларының ұстанымы мен алдағы міндет-мақсаттарын жария етті. Берілген мүмкіндік аясында сайлаушыларына үн қатты. 

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button