АбайАймақ

Тігін фабрикасының тың тынысы

Одақ кезінде атағы дәуірлеген Абай тігін фабрикасы. Үш мың адамды жұмыспен қамтыған алып фабрика. Тоқырау жылдары тас-талқаны шығып, мүлкі меншіктің еншісінде кеткен қайран, іргелі өндіріс. Жиырма жыл бойы қараусыз қалып, қаусаған ғимарат. Соның бір бұрышына жан бітіріп, «ABAI» брендін қайта жарыққа шығарып жатқан Нұрхан Жұмабектің жанкештілігі, еңбегі елдің аузында жүр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Тоқырау зардабы

Осылайша, Абай тігін фабрикасының кеңес заманында дәуірі дүркіреген еді. Жылына ер мен әйелдің, баланың 2 млн дана киімін, төсек-орын жабдығы мен жұмыс киімін тігіп шығаратын бұл өндіріс орнында 3 мыңға жуық адам жұмыс істеген. Фабрика өнімдері елдің ішкі нарығын ғана қамтыған жоқ. Тегіс одақ елдеріне тоқтаусыз жөнелтілген еді. Тоқсаныншы жылдары тоқырауға ұшырап, жиырма жылдан аса есігі тарс жабылған 16 мың гектар ғимараттың қабырғасы ғана аман қалған.

2015 жылдан бері абайлық кәсіпкер Нұрхан Жұмабеков ­фабриканы оңалтып келеді. Мемлекеттің, Үкіметтің ешқандай көмегінсіз. Жеңіл өнеркәсіпті жетілдіруге көп бағдарламаның біреуі де қарайласпаған. Сонда да екінші деңгейлі банктің жылдық пайызына да қарамай, қарыз алып, фабриканың тамырына қайта қан жүгіртеді.

Сапа сұранысы

Қалыпқа келген 5,5 гектар. Қазір осы бір аумақта төрт түрлі цех, қойма және фабриканың дүкені бар. Жергілікті жерден 100-ге тарта жұмысшы осында нәпақа тауып отыр. Жұмыс барысы бір ізге салынған. Фабрика басшысы «бізге сан емес, сапа керек», дейді. Бірнеше тапсырыс беруші бағасын тиімді қылып, ал, өнімін арзан матамен тіге салуды өтініпті. Келісімшартты сол үшін сарт бұзып, сондай тапсырыстың бәрінен бас тартыпты. «Өйткені киімде «Абайдың» бренді тұрады, байырғы одаққа белгілі озық сапаны әрмен қарай жетілдіру міндеті оңай олжадан опа таппайды», – дейді.

– Матаның сапалы болуы – фабриканың ең бірінші талабы. Одан кейінгі шаруа да, жауапкершілік те бізге жүк. Шымкенттегі Қазақстанның ең ірі жеңіл өнеркәсібі AZALA кәсіпорнының өнімін кәдеге жаратып келеміз. AZALA тоқыма комбинаты – бұл біздің саланың негізі. Тоқыма комбинатында бәрі жақсы болса, тігін фабрикаларында бәрі ойдағыдай болады. Мұнымен қоса, сапалы маталардың түр-түрін Қытайдан да тікелей алдырамыз. Ешқандай делдалсыз. Оның өзі бізге үлкен олжа, – дейді фабрика басшысы.

Өнеркәсіп орны өңірдегі алпауыт компаниялардан, өндіріс ошақтарынан, жұмысшы ұйымдардан арнайы киімдерге тапсырыс алып отыр.

Білікті мамандар шоғыры

Осы тұста фабриканың дизайнер-конструкторы Деля Гриньге артылар жауапкершілік жоғары. Тігілер киімнің алғашқы нұсқасы, дизайны білікті маманның қолынан өтеді.

«Осыдан оншақты жыл бұрын Қарағандының сән колледжінде дизайнер мамандығы бойынша білім алдым. Дипломыммен бірнеше жерде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Міне, осы тігін фабрикасына келгелі бес жыл болды. Жұмыс орным үйімнің қасында. Қалаға қатынамаймын. Және осы жерде жүріп, білімімді әрмен қарай жетілдірдім. Бізге үнемі ізденіс керек. Басшымыз арнайы киімнен көрі халық күнделікті киетін киім-кешектерді тігейік деп шешті. Қысқы күртеше, жазғы жейделердің түр-түрін әзірледік. Олардың түсі, қалтасы, түймесі, жалпы дизайны көз тартуы керек. Осының бәрін ақылдаса отырып, әзірлейміз, – дейді дизайнер Деля Валейуллиевна.

Тігінші Қамария Жәкенова – фабриканың ертеден келе жатқан қызметкері. Жасы жетпіске таяп қалса да, сүйікті ісінен қол үзгісі жоқ. Фабрика тоқырау жылдары жабылған соң қаладағы тігін цехында жұмыс істепті. Қайта ашылғанын естіп, бірден осында келіпті. Көп жылғы еңбегі еленіп, былтыр Президенттің Жарлығымен III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

– Қандай қуаныш?! Өмір бойы осында еңбек етіп, жабылып қалғанда, жанымыз ауырған еді. Енді міне, қайта өркендеп жатыр. Бұл өңір экономикасына үлкен үлес қосып отыр. Абай қаласының іс тігетіндерінің бәрі осы жерден жұмыс тауыпты. Жалақысы мардымды. Біз киімнің жаңа нұсқасын алғаш тігіп көреміз. Негізгі міндетіміз сол. Егер, кем-кетік жері болса, бірден конструкторға айтамыз. Қайта пішіп, тігіп, үлкен цехқа үлгімізді ұсынамыз, – дейді Қамария Абайқызы.

Фабриканың «еңбек етемін» дегендерге есігі әрдайым ашық. Мысалға, Ерқайрат Қоянбаев жазасын түзеу мекемесінен өтеп шыққан күні фабриканың тігінші іздеп жатқанын біліп, осында келген. Ертеңінде қажет құжаттарды жинап, жұмысқа кірісіп кеткен. Абай ауданындағы Мансап орталығы арқылы тігінді алты ай оқып, біліктілігін жетілдірген. Бұрыннан қолы іс білетін Ерқайрат қазір пішу цехының жетекшісі.

«Фабрика басшысының қолдауы үшін алғысымды білдіремін. Жазамды өтеп шыққан соң енді қалай қыламын?», деген уайым болды. Бірақ, еңбектің арқасында қоғамға, ортаға тез сіңіп кеттім. Мекемеде отырған жылдары киім тіккен едім. Қолымнан кеп тұрған соң осы шаруаны оң көрдім. Міне, еңбек етіп жатқаныма үш жыл болды, жауапты қызметтемін. Осында жүріп, өз бақытымды тауып, отау құрдым. Келіншегім Наталья екеуміз пішу цехындамыз. Еңбектің арқасында үйлі болдық», – дейді Ерқайрат Тайтілеуұлы.

Сонымен қоса, фабрика «Алтын жас», «Күміс жас» секілді әлеуметтік бағдарламалар арқылы да тігіншілерді жұмысқа қабылдап жатыр.

Неміс технологиясы келеді

Жақында фабриканың директоры Нұрхан Жұмабековтің арнайы шақыртуымен Алматыдан «Компания АСТАМ» ЖШС директоры, техника ғылымдарының кандидаты Бегаим Баратбекқызы келіп кетіпті. Кәсіпорынның киім тігуде технологиялық процесті жетілдіру жолдарын жобалап беріпті.

«Бұл фабрикаға 1986-1988 жылдары жапон және неміс құрал-жабдықтарын қою процесіне қатысып және 1989 жылы ғылыми жұмысымның нәтижесін енгізу ретімен келгенмін. Араға 37 жыл салып қайтадан Абай фабрикасына келгендегі бірінші көзге түскені – кең, жарық, биік ғимарат сақталғандай. Бұл ғимаратты қайта қалпына келтіру жолында көрген қиыншылықтарын Нұрхан мырза баяндап берді. Бүгінгі таңда, осы деңгейдегі тігін өндірісі санаулы ғана деп айта аламын. Тігіп жатқан бұйым сан алуан. Жеке тапсырыспен жұмыс істеп жатқандарын атап өту керек. Ал, технологиялық процесс жетілдірілуде. Германияның «ДЮРКОПП АДЛЕР» компаниясының инновациялық құрал-жабдықтарын, технологиясын енгізу ретін қарастыру қөзделіп отыр. Бұл жоба іске қосылған жағдайда техник, механик және технолог мамандарын қосымша оқыту процесі неміс мамандарымен өтеді. Ерекше айта кету керек, Нұрхан Жұмабековтің ұжым жұмысын дұрыс ұйымдастыруы арқасында, бір данадан тапсырыс алып, 100 кісіні жұмыспен қамтамасыз етіп, уақытылы жалақыларын төлеп отырғаны екі бір азаматтың қолынан келе бермейтін шаруа, – дейді Бегаим Баратбекқызы.

Жұмысшыларға жан-жақты жағдай

Фабрика басшысы тігіншілеріне қолайлы жағдай жасауды бірінші кезекке қояды. Фаб­рика ішінен балаларға арналған ойын алаңын дайындап қойыпты. Қызметкерлердің балабақшаға бармайтын балалары күні бойы уақытын сонда өткізеді. Ойыншықтың түр-түрі, бүлдіршіндердің зейінін ашатын журналдар, бояулар бар.
Мұнымен қоса, массаж орталығы бар. Күні бойы жауырыны талған жұмысшылар бір мезет кәсіби массажшының көмегіне жүгінеді. Фабриканың осы секілді жылы қамқорлығы, жанашыр­лығы жұмыс күшін жеңілдетіп отыр.

Айтпақшы, іргесіндегі Топар демалыс орнында фабриканың да өз аймағы бар. Жаз шыға жұмысшылары сол жерде отбасымен уақыт өткізеді. Барлығы фабрика есебінен, тегін. Фабрика басшылығы тігіншілерге арналған тегін жатақхананың құрылысын бастаған. Дәл жұмыс орнының жанынан. Енді, тігіншілер баспанамен де қамтылады.

Өнімі – өзге елдерде

Олар тігіп, шығарған өнімдерді «Instagram» парақшасында интернет-дүкені, «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы саудалап отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінен тапсырыс алады. Отандық өнімді қолдап, Аустралия, Моңғолиядағы қазақтар алып жатқан көрінеді. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фабрикада тігілген қыстық күртешені киеді. Ғажап дауыс иесі Димаш Құдайбергенов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев секілді жұлдыздар да «Abai» өнімін тұтынады.

Бір қызығы, әлеуметтік желідегі парақшаларындағы фабрика директорының кішкентай қызы Нұрайым Жұмабектің бейнежазбалары жап-жақсы жарнама көзі болып отыр.

Өндірісті өркендетсек…

Тігін фабрикасының директоры Нұрхан Жұмабековтің алдағы жоспарлары да үлкен. Ол өндіріс көлемін ұлғайтып, келешекте жүн өңдеу және жіп иіру цехтарын ашпақ ойда. Оның бұл ойлағанына мемлекет тарапынан қолдау болмай, әзірге өз күшімен тірлік жасап жатыр. Сондықтан да, әлі өркендей қоймаған осындай өндіріс орындарына назар аударатын кез жеткен секілді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button