АбайАймақ

Тігін фабрикасының түтіні түзу

Абай тігін фабрикасы облыстағы бірден-бір жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны болып табылады. Жиырма жылдай қаңтарылып тұрған ол бүгінде еңсесін тіктеп, түтіні түзу ұша бастады.

 

Кешегі кеңес заманында оның атағы одақ көлеміне аян еді. Жылына ерлер мен әйелдердің, балалардың 2 миллион дана киімдерін, төсек-орын жабдықтары мен жұмыс киімдерін тігіп шығаратын бұл өндіріс орнында 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істейтін. Бұл өнімдер Қазақстан ғана емес, кеңес одағы елдерінің бәріне тоқтаусыз жөнелтіліп жататын.

Содан 1997 жылы банкрот болған фабрика қашан иесі табылғанша тоқтап, тұрды да қалды. Тек 2017 жылы «Стежок» ЖШС оның өнеркәсіптік кешенінің бір бөлігін «Каспий Банк» АҚ-дан жылдық 12 пайыз төлеммен сатып алған соң ғана тамырына қан жүгіріп, жұмысы жанданды.

Мұнда 2018 жылдан бастап, өндірісті қалпына келтіру қолға алынып, өткен 5 жыл ішінде 16 мың шаршы метр өнеркәсіп алаңының 5,5 мың шаршы метрі қайтадан қатарға қосылды. Соның нәтижесінде 2019 жылдың 3-тоқсанында 80 адам жұмысқа қабылданса, қазір олардың саны 100-ге жетіп отыр. Олар тігіп, шығарған өнімдерді сату үшін фабрика жанынан Instagram парақшасында интернет-дүкені мен Қарағанды қаласындағы Бұқар жырау даңғылы, 49-үйде шоурумы бар.

– Бізде кадр тапшылығы жоқ, – дейді аталған фабриканың директоры Нұрхан Жұмабеков. Фабрикаға қажет тігіншілер мен слесарь-жөндеушілер Абай аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздар есебінен даярланса, 2021 жылдан Абай көпсалалы колледжінде «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» факультеті ашылды. Биылдың өзінде аудандық әкімдікпен бірлесе 4 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік.

 

Одан әрі фабриканың тыныс-тіршілігімен танысқанымызда, бір қабатты тұтас алып жатқан тігін цехындағы қайнаған қызу тірлікке куә болдық. Тігіншілердің саусақтары машиналарымен қоса жүгіріп, жандарында олардың қимылдарын бақылап, үйренушілердің қарасы да көзге шалынады. Ал дүкендерінде фабриканың «Абай» белгісімен тігілген өнімдері самсап тұр. Соның ішінде сәбидің жейдесінен бастап мектеп оқушылары мен полицейлердің формасы, дәрігерлердің халаты, жастықтар мен матрастарға дейін бар. Мұндағы тігіншілер сол орындаған жұмысына қарай 100-350 мың теңге аралығында жалақы алатын көрінеді.

Тігін фабрикасының директоры Нұрхан Жұмабековтің алдағы жоспарлары да үлкен. Ол өндіріс көлемін ұлғайтып, келешекті жүн өңдеу және жіп иіру цехтарын ашпақ ойда. Бірақ оның бұл талабына мемлекет тарапынан қолдау болмай, әзірге өз күшімен тірлік жасап жатқан көрінеді. Сондықтан да аудандық, облыстық әкімдіктер елімізде кеңінен дамып, өркендей қоймаған осындай өндіріс орындарына көңіл аударатын кезі жетті.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button