Бас тақырып

Тестілеуде – тың өзгерістер

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талант МЕДЕТ және департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әсел БЕЛЯЛОВА мемлекеттік қызмет саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер тақырыбында баспасөз мәслихатында кеңінен түсіндірді.

2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметке орналасу үшін үміткерлерге заңнаманы білуге арналған тестілеумен қатар, міндетті түрде жеке құзіреттерді бағалауға бағытталған тестілеуден өту енгізілген болатын. Заңнаманы білуге арналған тестілеудің шекті мәні белгіленген болса, бүгінгі күнге дейін жеке құзіреттерді бағалауға бағытталған тестілеудің шекті мәні болмаған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі қайта қарастырылып, мемлекеттік қызметке іріктеу жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Атап айтсақ, жеке құзіреттерді бағалауға бағытталған тестілеу мемлекеттік қызметте қызмет атқару үшін үміткердің бойында бар құзіреттердің деңгейін анықтаумен қатар үміткердің шынайы айту деңгейін анықтауға арналған сұрақтарды да қамтиды. Яғни, тестілеу барысында үміткер қойылған сұрақтарға шынайы жауап бермей, кемінде 50% болып белгіленген шекті мәнді жинамаса, тестілеуден өтпеген болып есептеліп, конкурсқа қатысу мүмкіндігі болмайды. Үміткер бір айдан кейін осы тестілеуді қайта тапсыруға құқылы.

Енгізілген тағы бір өзгеріс ол – мемлекеттік қызметшілер ішкі конкурстарға қатысу барысында құжаттарын электронды түрде ұсынуы бекітілді. Аталған жаңашылдық қағазсыз құжат айналымды дамыту мақсатында енгізілді.

Тағы енгізілген бір өзгеріс, жалпы конкурстарға қатысатын азаматтарға құжат тапсыру барысында заңнаманы білу және жеке құзіреттерді бағалау қорытындысы бойынша берілетін қағаз жүзіндегі сертификатты ұсыну қажеттігі жоқ.

Азаматтардың тестілеуден өткендігі жөніндегі ақпарат «Е-қызмет» жүйесінде сақталатындықтан, конкурс өткізетін мемлекеттік органның персоналды басқару қызметі «Е-қызмет» жүйесіне кіріп, қорытындыларды өздігімен тексере алады. Демек, бір уақытта бірнеше конкурсқа қатысқан азаматтарға құжаттарын нотариалдық растау үшін шығындану қажет емес. Аталған өзгерістердің барлығы конкурстық үрдісті жеңілдету мақсатында енгізілді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button